Аймақтар • 06 Желтоқсан, 2024

Химия өнеркәсібі мен құрылыс индустриясының дамуы қарқынды

66 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері Жамбыл химия өнеркәсібі 212 млрд теңге­нің өнімін өндіріп, облыс экспортының 77 пайыздан астамын қамтамасыз еткен. Ал еліміздің химия өндірісіндегі оның үлесі 24 пайызға жуықтады. Жалпы, республика бойынша фос­фордың – 100, минералды тыңайтқыштардың –81, гипс­тің – 87, портландцементтің 13 пайызы Жамбыл облысын­дағы өндіріс орындарынан шығарылады. Бұл туралы өңір басшысы Ербол Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте айтты. Сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, азаматтардың мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларға қатысуы туралы баяндады.

Химия өнеркәсібі мен құрылыс индустриясының дамуы қарқынды

Ербол Қарашөкеев брифинг­тегі баяндамасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауларында белгі­ленген ауқымды реформаларды іске асыру бойынша облыста жүйелі жұмыс жүргізіліп жат­қа­нын жеткізді. 2024 жылдың 10 айы­ның қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 4,5 пайызды құраған. Әсіресе оң динамика өнеркәсіп, құрылыс, тұрғын үй, сау­да, көлік және байланыс салала­рында байқалған. Жалпы алған­да 727,8 млрд теңгенің өнер­кә­сіп өнімі өндіріліпті.

– Экономикадағы өңдеуші сектордың үлесі 65,4 пайызды құрайды. Өңдеу өнеркәсібінің екі негізгі өсу нүктесі – химия және құрылыс индустриясы. Нақтылап айтсақ, жыл басынан бері Жамбыл химия өнеркәсібі 212 млрд теңгенің өнімін өндіріп, облыс экспортының 77 пайыздан астамын қамтамасыз етті, ал еліміздің химия өндірісіндегі оның үлесі 24 пайызға жуықта­ды. Республика бойынша фос­фор­дың 100 пайызы, минералды тыңайтқыштардың 81 пайы­зы, гипстің 87 пайызы, порт­ландцементтің 13 пайызы Жам­был облысындағы өндіріс ошақтарынан шығарылады. Биыл «Korcem» ЖШС цемент шы­ғаратын жаңа зауытты (қуа­ты – 1,5 млн тонна) іске қос­ты. Бұл өндірілетін цемент көле­мін 3 млн тоннаға дейін ұлғай­туға мүмкіндік береді, – деді Е.Қарашөкеев.

Сондай-ақ жыл басынан бері облыс экономикасына 370,5 млрд теңге инвестиция тартылған екен. Өңірдің инвестициялық қоржынында 6,5 мың жаңа жұ­мыс орнын құруға бағытталған 3,3 трлн теңгенің 80 жобасы бар.

Әулиеата өңірінде биыл 149,7 млрд теңгеге 21 кәсіпорын іске қо­сылып, 700 жұмыс ор­ны ашылған. Жобаларды іске асыру барысында заманауи ин­но­вациялық технологияларды ен­гізуге және жергілікті тұр­ғын­дарды жұмыспен қамтуға басым­дық беріліпті.

– Облыста жүзеге асыры­лып жатқан жобаларда иннова­ция­лық технологиялар қолда­ны­лып келеді. Мысалы, Шатыр­көл байыту комбинатында мыс кенін байытудағы ең озық иннова­циялық технологияларға арқа сүйедік. «Korcem» кәсіпорны Орта Азияда теңдесі жоқ қалдықсыз цемент өндіру технологиясын енгізді. «Qazaq Soda» жобасында қолдану жоспарланған техно­логиялар әлемдегі ең эколо­гиялық таза және тиімді техно­логиялардың бірі болып отыр. Жасыл энергетика саласында «Total Eren», «Masdar» және «China Power» жалпы қуаты 2,5 ГВт жел электр стансаларының құ­рылысы бойынша жобаларды жү­зеге асырып жатыр. «Jibek Joly» ар­найы экономикалық айма­ғы­ның аумағында жел генераторлары компоненттерін шығаратын «Sаny Renewable Energy» зауыты­ның құрылысы басталды, – деген аймақ басшысы осы жылы «Тараз» ӘКК» базасында отандық және шетелдік инвесторлар үшін «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсететін «Zhambyl Invest» дирекциясы құрылғанын да жеткізді. Айтуынша, дирекция инвестициялық жобаларды сүйемелдеумен айналыспақ, ол жобалардың 8-ін жақын арада іске қосу жоспарланыпты.

Биыл ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға 24,6 млрд теңге бөлініп, салаға 14,9 млрд теңге инвестиция тартылған екен. Есепті кезеңде 26,2 млн АҚШ долларын құраған 134 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың есепті кезеңінде 18,2 млн АҚШ доллары болған екен. Сыртқа жөнелтілген өнім көлемі – 53 мың тонна.

Ербол Қарашөкеев өз баяндамасында қант қызылшасын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 3,4 млрд теңге бөлініп, жыл соңына дейін республикалық бюджеттен 5 млрд теңге көлеміндегі қаржы күтіп отырғанын айтты. Өңірде жылда қайталанатын қы­зыл­ша мәселесі биыл да ша­руа­лар­дың жүйкесін тоздырып еді. Қарашадағы қызылша жинау науқаны қызған тұста Меркі қант зауыты маңында ұзын-сонар көлік кезегі де қалыптасқан. Мұ­ны облыс басшылығы сол кезде зауыт фермерлерден қант қы­зыл­шасын қабылдап үлгермей жатқа­нымен түсіндірген. Бри­финг ба­рысындағы сұрақ-жауап бөлімінде журналистер облыс әкімінен осы мәселеге қатысты жауабын естіді.

– Биыл 11,2 мың гектар жерге қант қызылшасы егілді. Кейін­гі бес жылға көз жүгіртсек, қант қызылшасының орташа өнім­ділігі гектарына 350 центнерден әрі аспайтын. Биыл ауа райы қолай­лы болғандықтан, облыста су тапшылығы туындамады. Соған байланысты мол өнім алдық. Қант қызылшасының 84%-ы жиналды, қазіргі таңда зауыттарға тасымалданып жатыр. Жалпы, 450 мың гектардан жиналған өнімді Меркі қант зауы­тына жеткіземіз деп жос­парлап отырмыз. Оның ішінде 340 гектар зауытқа жеткізіліп, 160 мың тоннасы өңделіп, қант өндірілді.

Жалпы, қант зауытындағы кезек соңғы 30 жыл бойы қайталанып келеді. Қызылша қысқа мерзімде ғана жиналатындықтан оны тап­сыру кезінде кезек болатыны рас. Біз бұл мәселенің алдын алу мақсатында Меркі қант зауы­тының жанынан қосымша алаң аштық. Ол алаңға 30 мың тонна қант қызылшасы жиналды. Ал Ақсу қант зауытына 30 мың тон­на қы­зылша жеткізілді, деді Е.Қа­ра­­шөкеев. Қысқасы өңір бас­шы­сы қант қызылшасын өткізу мәсе­лесі шешіліп жатқанын жеткізді.

Жалпы алғанда, жыл басынан агроөнеркәсіп кешенінде 10,8 млрд теңгенің 12 инвестициялық жобасы іске қосылып, 163 жұмыс орны ашылған. Қытайлық «Fufeng Group» компаниясымен бірлесіп, 500 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін еліміз үшін бірегей жобаны жүзеге асыру да басталып кеткен екен.

Сондай-ақ брифинг барысында Ербол Шырақпайұлы тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқанына тоқталды. Жыл басынан бері 577,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, қазір 3 709 пәтерлі 78 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 2 024 пәтер (41 тұрғын үй) қолданысқа беріледі деп жоспарланыпты. Облыста көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 23,2 млрд теңгеге 1 575 пәтер сатып алынған.

Жалпы, құрылыс және сатып алу есебінен халықтың әлеумет­тік осал топтары санатындағы 1 963 от­басын тұрғын үймен қам­тамасыз ету жоспарланған, бұл өткен жылмен салыстырғанда, 75 пайызға артық. Сонымен бірге «Әулие ата жастары» жобасы аясында 140 жас отбасыға баспаналы болу бақыты бұйырмақ.

Осы орайда еліміздегі ең үл­кен ықшамаудан – Тараздағы «Ұлы дала» шағынауданының ин­фра­­құрылымдық проблемала­ры төңірегіндегі сұрағымызды аймақ басшысына қойдық.

– Облыс әкімі болып тағайын­далған алғашқы күннен бастап, аталған шағынауданның бір топ тұрғыны әкімдікке келіп, өздерінің арыз-шағымдарын айтқан. Сол күннен бастап шағын ауданға барып, ондағы мәселелерді бақы­лауыма алғанмын. «Ұлы дала» шағынауданының проблемаларын жүйелі түрде түсіндіре кетсем, негізі 2015 жылы алғашқы егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын жасаған кезде шағын ауданда 60 көппәтерлі үй болуы керек еді. Ал қазір 144 үйге жеткен. 53 мың адам сол шағынауданда тұрады. Әрине, жоба бойынша жол, жылу және басқа да инфрақұрылым ны­сандары сол 60 көпқабатты үйге ғана лайықталған болса, әри­не проблема туындайды. Сол себепті өткен жылдан бері біз қала басшылығымен бірле­сіп, инфрақұрылымдық пробле­маларды шешу жолдарын қа­растырдық. Себебі сол шағын ау­данда 30-ға жуық көше бар. Бүгінгі таңда сол 30 көшенің 15-ін асфальттадық. Қалған көше­лер­ді де асфальттау жоспарда тұр. Бі­рақ әлі де үй құрылысы жү­ріп, инфрақұрылым жүйесі тар­ты­лып жатқандықтан, жол салуға бөлінетін қаржы тиім­сіз жұмсалғалы тұр. Мұны біз тұр­ғындарға түсіндіріп, айтып жатырмыз. Ал жылу мәсе­лесіне келсек, үйлердің саны көп болғандықтан, жылу жүйе­сіндегі қысым жетпей, былтыр қыс бойы сол маңда жүр­дік. Расында проблема бар, көзімізбен көрдік. Оның үстіне жылу мәселесі қаланың өзге шағынаудандарында, тұрғын алқап­тарында да өзекті болып тұр. Инфрақұрылым түйткі­дерін шешуге қажетті қаражат көлемін жылдан-жылға көбейтіп келе жатырмыз, – деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.

Брифингте өңір басшысы халықты жұмыспен қамту, мем­лекеттік бағдарламалар мен жобалар аясындағы жұмыстар, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет салаларына қатыс­ты да шаруаларды баяндай кетті.