Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жаңа Салық кодексін қабылдауға дайындық қызу. Біраз өзгеріс енгізілмек. Нақты айтар болсақ: 12 салық түрі 11-ге қысқарады; Бірыңғай жер салығы жеке табыс салығына ауысады; Жарнаманы орналастыру, лицензияны пайдалану төлемдері алынады; Су ресурстарын, орманды, жануарлар әлемін пайдалану төлемдері біріктіріліп, бір ғана «табиғи ресурстарды пайдалану» төлемі болмақ. Демек жаңа Салық кодексінің жобасында фискалдық маңызы жоқ төлемдерді алып тастау, кейбіреулерін біріктіру көзделген. Мұны Қаржы министрлігі Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаев толық түсіндіріп берді.
– Жаңа Салық кодексінде салықтық әкімшілендіруге баса назар аударылады. Әкімшілендірудің сервистік моделі енгізіліп жатыр. Салық есептілігі қысқарады. Бақылау цифрландырылады. Жаңа Салық кодексі жобасының негізгі бағыттарына тоқталар болсақ, маңызды фискалдық маңызы жоқ төлемдер алынып тасталады, кейбіреулері біріктіріледі. Олардың саны 20%-ға қысқарады. Жалпы, төлем мөлшерлемелерінің саны 77-ге қысқарады. Алымдардың 6 түрі қысқарып, мөлшерлемелерінің 34 түрі алынып тасталады. Сондай-ақ мемлекеттік баждардың 5 түрі алынып, мөлшерлемелер 51-ге қысқартылады, – дейді Е.Сағынаев.
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин де жаңа Салық кодексінде әкімшілендірудің сервистік моделі енгізілетінін айтты. Оның сөзінше, өндіріске пайданы қайта инвестициялауға кешенді тәсілдер дайындалған. Арнайы салық режімдері оңтайландырылып, бизнесті бөлшектеу тәуекелдерін азайту шаралары қабылданған.
Мәселен, корпоративтік табыс салығының сараланған мөлшерлемесін енгізу ұсынылды. Бұл ретте 20%-дық базалық мөлшерлеме сақталады. Банк секторы мен ойын бизнесінде мөлшерлемені 25% деңгейінде, өңдеу өнеркәсібі, қаржы лизингі, әлеуметтік салада 10%-ға дейін төмендету, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 3% деңгейінде сақтау жоспарланып отыр. Ал инвестицияларды ынталандыруға ғимарат, техника, жабдықтарды функционалдық мақсатымен байланыстырмай сатып алуға кететін шығындарды біржолғы 100% шегеру түрінде салықтық жеңілдіктер көзделеді. Сондай-ақ БЖЗҚ-дағы азаматтардың зейнетақы төлемдерін жеке табыс салығынан босатуы да мүмкін.
– «Сән-салтанат салығына» келсек, қымбат мүлікке жоғары салық ставкалары, қымбат жеңіл автомобильдерге, алкоголь мен темекі өнімдеріне, сондай-ақ теңіз кемелері мен ұшу аппараттарына қосымша акциздер ұсынылады. Барлық жеке тұлғаларға көлік салығының ставкаларын төмендету ұсынылады: егер машинаның қызмет ету мерзімі 10 жылдан асса, онда ставка 30%-ға, ал 20 жылдан асса 50%-ға төмендетіледі, – деді вице-министр.
Жалпы, Президент айтқандай, Салық кодексін қабылдауда асығыстық болмауға тиіс. Жан-жақты сараптап, барлық тараптың ұсынысын зерделеп көрген жөн. Сарапшымыздың бірі «Салық кодексі қайта-қайта өзгерсе, халық түсінбей, салмағы төмендеуі мүмкін» деген де пікірін білдірген еді. Осыған жауап ретінде Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин заң жобасына ұзақ мерзімде өзгеріс енгізбей отыру мүмкін емесін айтты.
– Бір кодекс жасап, сосын оған 3-4 жыл өзгеріс енгізбеуге ұсыныс жасалды. Бірақ олай болмайды. Әлем күнделікті өзгеріп отырады, реформалар жыл сайын өтеді. Ал салық барлық саланы қамтиды. Сондықтан бір салада өзгеріс болғанда әрдайым салалық заңнамаға өзгеріс енгізіледі, – дейді вице-министр.
Еске сала кетейік, заң жобасын талқылау мақсатында осы күнге дейін 12 отырыс өтті. Ал негізгі бағыттары Мәжілісте биылғы 17 қыркүйек күні таныстырылған еді. Осы маңызды іске Мәжілісте жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына депутаттар, мемлекеттік органдар өкілі, «Атамекен» ҰКП, қоғамдық бірлестік өкілдері, сарапшылар бар. Жұмыс тобының отырыстарына кем дегенде 150, орта есеппен 230 адам қатысады. Жаңа Салық кодексі жұмыс тобының жетекшісі Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, заң жобасын наурыз айында Мәжіліс қарап, Сенатқа жолдайды. Одан кейін Мемлекет басшысы мақұлдап, қол қойса, Салық кодексі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енеді деген жоспар бар.
– Салық кодексі – өте маңызды құжат. Жаңа заң жобасы бюджетті толықтыру жолы ғана емес, қаржылай нарықты дұрыс реттеудің тиімді механизмдерінің бірі. Салық төлейтін адам «көп төлеп жатырмын» деп ойлауы ықтимал. Ал мемлекет немесе мемлекеттік кірістер комитеті «салық аз жиналды» деген ұстанымда болуы мүмкін. Сондықтан мұнда осы мәселенің бәріне ортақ жауабын тауып, салық елге келетін инвестицияларды көбейтетіндей жолын табуымыз қажет, – деп түсіндірді ол.
Ал Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жаңа Салық кодексінде енгізіліп жатқан өзгертерге сыни көзбен қарап отыр. Мысалы, қазір картадан басқа картаға ақша аударғаны үшін комиссия 150 теңге. Ал енді жаңа Салық кодексі жобасында ұсынылған норма қабылданса, мұндай аударымдар шамамен 12%-ға қымбаттауы мүмкін. Алаңына негіз бар.
– Бұл – Экономика министрлігінің төлем операцияларына қосылған құн салығын салуға қатысты жоспары. Пластикалық карточкаларды пайдалану, карточкадан карточкаға аударымдар, шоттан шотқа аударымдар, төлемдер мен банктік қызметтер айтарлықтай қымбаттауы мүмкін. Экономика министрлігі бұл шығындарды банктер өздері жабады деп мәлімдейді, бірақ ашығын айтсақ – бұл шындыққа жанаспайды. Банктер ешқашан шығындарды өз есебінен жауып қалмайды. Олар міндетті түрде бұл шығындарды клиенттердің мойнына артатын болады. Өйткені банктер – қайырымдылық ұйымдары емес.
Бұл нормаға қарсы Ұлттық банк, Қаржыгерлер қауымдастығы, сарапшылар, тіпті «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы да шыққан, дейді депутат.
Мәжіліс депутатының айтуынша, бюджет тапшылығы мәселесін шешуге ең алдымен бюджеттің басым емес шығындарын қысқарту, артық жеңілдіктерді жою, сондай-ақ артық табыс тауып отырған салаларға, оның ішінде банктерге салынатын корпоративтік табыс салығын арттыру арқылы әрекет ету қажет.
Расында, Салық заңнамасын қабылдау кез келген елде күрделі, ұзақ үдеріс болуы мүмкін. Себебі ол экономикалық, саяси, әлеуметтік аспектілерді ескеруді талап етеді. Кейбір елдерде салық заңнамасын қалыптастыруда ұзақмерзімді жұмыс сапалы жүйелердің пайда болуына ықпал етті. Мысалы, АҚШ-тың салық жүйесі 1787 жылы Конституцияны қабылдаумен басталып, кейін бірнеше онжылдықтар бойы дамыды. Қазіргі Федералды табыс салығы 1913 жылы 16-шы түзету арқылы енгізілген еді.