Қылмыс • 11 Желтоқсан, 2024

Темекі контрабандасының жолын қалай кесуге болады?

110 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде темекі өнімдерінің контрабандасы мен контрафактісі еліміздің, жал­пы Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) экономикасына, қауіпсіздігі мен қоғамдық денсаулығына қауіп төндіріп тұр. Астана халықаралық қаржы орта­­лы­ғында XII Халық­аралық «Антиконтрафакт» форумының аясында ұйым­­дастырылған баспасөз конференциясында мамандар аталған мәселе аймақ­­тағы ең күр­делі проблемалардың бірі екенін айтып, дабыл қақты.

Темекі контрабандасының жолын қалай кесуге болады?

Сурет: kaz.zakon.kz

Заңсыз «қызмет» ошақтары

Конференцияға қатысушылар заңсыз айналымның ауқымын, оның экономика мен халық денсаулығына тигізетін әсерін, сондай-ақ мәселенің нақты шешу жолдарын талқылады.

ЕАЭО елдерінде контрабандалық темекі сатылымынан түсетін салықтың жал­пы көлемі жыл сайын артып, кейінгі жылдары шамамен 1,9 млрд долларға жет­кен. Бұдан Ресей ең көп шығынға батқан. Өткен жылы ел экономикасына келтірілген шығын 130 млрд рубльді (1,4 млрд доллар) құраған. Ал Қазақстан былтыр 32 млрд теңге (69 млн доллар) көлемінде салықтық түсімнен айы­рыл­ған.

Тәуелсіз «NielsenIQ» зерттеу агент­тігінің мәліметтеріне сүйенсек, елдегі темекі өнімдерінің заңсыз нарығы кейінгі 3 жылда 3 есеге артқан. Мәселен, биыл бұл көр­сет­кіш 10,1%-ға жеткен. Мұндай өсу тенденциясын тәуелсіз сарапшылар бір­­не­ше жыл бойы байқап, оның тұрақты «дамып» келе жатқанын айтады.

Заңсыз никотин өнімдерін жеткізу арналары әртүрлі. Сарапшылар оның қолданыстағы схемасын да сипаттап берді. Олардың айтуынша, алдымен заңсыз жүк Біріккен Араб Әмірліктерінен Иранға паромдар арқылы жеткізіледі. Кейін тауар жүк көліктеріне тиеліп, Иран, Ауғанстан және Тәжікстан арқылы транзитпен өтеді. Соғды облысында жүк тәжік-қырғыз шекарасынан өтіп, Ош пен Бішкек арқылы Қазақ­станға жеткізіледі. Қырғызстан аста­­насынан заң­сыз темекілер елімізге «Айша Бибі», «Қордай», «Сыпатай батыр», «Гро­деково», «Кеген» секілді негізгі 5 бақылау-өткізу бекеті арқылы келеді және одан әрі Ресейге транзитпен жет­кі­зіліп, бір бөлігі көршілес ел аума­ғын­да қалады.

«Контрабандалық өнімнен туын­дайтын салықтық шығындардың кө­лемі орасан зор. Сондықтан нарықты контра­фак­тілік және контрабандалық өнімдерден қорғауға билік, бизнес және қоғамның күш-жігерін біріктіру қажет. Мемлекеттік кірістер комитеті жанынан контрабанда мен контрафактіге қарсы күрес бойынша Оперативтік штаб құрылды. Оның басты міндеті – нарықтағы қатысушылардың күш-жігерін біріктіру. Штабта тауар өнді­ру­­шілер қауымдастықтары мен мем­ле­кет­­­тен келіп түскен көлеңкелі айналым фактілері бойынша жедел ақпарат жи­­нақ­талып, мәселені шешу жолдары ұсы­нылады», деді «Атамекен» ұлттық кәсіп­­­кер­лер палатасы басқарушы директоры, АӨК және тамақ өнеркәсібі депар­тамен­ті­нің директоры Еркен Наурызбеков.

Ал «QazSpirits» қауымдастығының ат­қару­шы директоры Дмитрий Жуковтың айтуынша, Oris (54,2%) және Oscar (7,8%) темекі брендтері – ел нары­ғындағы ең кең таралған контрабандалық өнім.

«Контрафактіге қарсы күресте ел аза­мат­тарының заңсыз өнім сату факті­лері туралы хабарлауы маңызды рөл атқарады. Алайда бұл мәселені ше­шуге мемлекет белсенді араласпаса, жағдай бақылаудан шығуы мүмкін. Контрабандалық жолмен жеткізілген темекілердің заңсыз айна­лымына бағыт­талған тексерулер мен үй­лес­тірілген шаралар қылмыстық схема­лар­ға соққы беріп қана қоймай, са­лық­тық түсімдерді де айтарлықтай арт­тыруға мүмкіндік береді», деді Д.Жуков.

Негізі контрабанда мәселесі трансұлт­тық сипатқа ие. «Ұлттық құзыреттілік ғылы­ми орталығы» (ҰҚҒО) деректеріне сүйен­сек, осы жылдың бірінші жар­ты­жыл­­­­ды­ғында Ресейде темекі өнім­дерінің заңсыз айналымынан бюджетке келген ең төменгі шығын өткен жылдың сәйкес кезеңімен са­лыс­тыр­ғанда 8,7%-ға артқан.

«Бұл мәселе ЕАЭО елдеріне өткір болып отыр. 2023 жылы темекі өнімдерінің заңсыз айналымынан жалпы шығын 3 млрд доллардан асты. Сондықтан біз өнер­кәсіп өнімдерінің, соның ішінде темекі өнімдерінің заңсыз айналымына қарсы күреске арнайы үйлестіруші орган – Еуразиялық экономикалық комиссияның Кедендік реттеу жөніндегі Консультативтік комитеті жанындағы Сараптамалық-кон­сультациялық кеңес құру қажет деп санай­мыз. Мұндай кеңес барлық мүд­делі тараптың күш-жігерін біріктіріп, үй­лестіру деңгейін арттырып қана қой­май, ақпарат пен үздік тәжірибелер алмасу­дың тиімділігін де жақсартады», деді «Антиконтрафакт» қауымдастығы президентінің кеңесшісі Светлана Квасова.

Темекі өнімдерінің контрабандасы эко­номикаға да, қоғамға да айтарлық­тай зиян келтіреді. Ел бюджеті шығынға ұшы­­ра­ға­нынан бөлек, заңсыз нарық ұйым­дасқан қыл­мыстың, сыбайлас жем­қор­­лықтың өсуіне әкеп соғып, халықтың ден­саулығына айтарлықтай қауіп төн­діреді.

 

Контрабандалық тізбекті үзу мүмкін бе?

Баспасөз конференциясында сарапшылар заңсыз саудамен күреске ба­ғыт­талған бірқатар шараны ұсынды. Олар ал­дымен ғылыми тәсілдерге негіз­делген теңдес­ті­ріл­ген акциз саясатын әзірлеудің маңызы зор екенін айтады.

Бұған қоса шекаралық бақылауды кү­шей­ту қажет. Сарапшылардың айтуын­ша, контрабандалық өнімдермен кү­рес кешенді жұмысты қажет етеді. Әсі­ре­се Қыр­ғызстан шекарасында жүк­терді тексеруге бақылауды қатаңдату, ба­зар­­лардағы көтерме саудагерлермен про­фи­­лак­тикалық жұмыстарды күшей­ту, Тәжікстаннан Қырғызстанға және Қазақ­стан­ның шекара маңындағы аудандарына тасымалды тоқтату қажет. Сондай-ақ өнім­ді цифрлық таңбалау және тауар­лар­дың заңдылығын тексеруге арналған мобильді қосымшаларды енгізу керек.

– Заңсыз тауарларды қазірдің өзінде тегін мобильді қосымшаның көмегімен анық­тауға болады. Соның ішінде заң­сыз темекі өнімдерімен күреске қол­данудың айтарлықтай әлеуеті бар, – деді «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС басқарушы директоры Алмат Исмаилов.

Елдегі темекі нарығының көлемі жылына шамамен 20 млрд дананы құрайды. Мәселен, 2023 жылы 1,8 млрд дана немесе 91 млн қорап заңсыз темекі анықталған. Бұл бюджетке 32 млрд теңге салықтық шығын әкелген, – деп атап өтті «QazSpirits» қауымдастығының атқарушы директоры Дмитрий Жуков.

Сарапшылар ЕАЭО елдерінің заңсыз айналыммен күресудегі күш-жігерін үй­лес­тірудің маңызын атап көрсетті. Осы жылдың сәуірінен бастап Ресейде заңсыз әкелінген темекі өнімдеріне бес жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза енгізілді. Аймақтың өзге елдеріне де мұндай тәжірибе енгізілсе, ұтарымыз көп болар еді дейді мамандар.

«Қалыптасқан жағдайға қарсы заң­­наманы күшейту маңызды. ЕАЭО елде­рінде мұндай шараларды енгізу және бақылау-қадағалау процедураларын қа­таңдату заңсыз айналымға негіз болатын себептерді қысқа мер­зім­де жоюға мүм­кін­дік береді», деді Е.Наурызбеков.

Осылайша, темекі өнімдерінің контра­бан­дасымен тиімді күрес кө­лең­­келі нарық көлемін азайтып қана қоймай, ЕАЭО елдерінің бюд­же­тіне қосымша кіріс әке­луге және контра­­­фактілік өнімдерден туын­дайтын мез­гілсіз өлімдердің алдын алуға ық­­пал етеді.

«Антиконтрафакт» форумы – ЕАЭО аумағында контрафакт пен жалған өнімдерге қарсы күрес саласындағы ең ірі әрі маңызды іскерлік іс-шара. Форум 2012 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді және осы уақыт ішінде әлемдегі ең беделді диалог алаңдарының бірі ре­тін­де танылды. Бұл форумда билік, бизнес, ғылым және қоғам өкілдері бірі­гіп, контра­фактілік және жалған өнім­дерден нарықты қорғау, зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау және тауарлар мен қызметтердің өркениет­ті на­рығын қалыптастыру бойынша ше­шім­дер әзірлейді. Форумның басты мақсаты – заңсыз өнім айналымымен кү­ресте күш-жігерді біріктіру, тұтыну­шы­лардың мүдделерін қорғау және ЕАЭО нарықтарында ашық әрі әділ жағдай жасау.