Үкімет • 12 Желтоқсан, 2024

Тауар өндіруде бәсекеге төтеп беруіміз қажет

36 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен төменгі палатаның жалпы отырысы өтті. Отырыста Мәжіліс комитеттері бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады. Алдымен ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген мемлекет қаражатын пайдаланудың тиімділігі туралы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов баяндама жасады. Сондай-ақ депутаттар еліміздегі құрылыс саласын жетілдіру және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша заң актілеріне өзгерістер енгізу мәселесін қарады.

Тауар өндіруде бәсекеге төтеп беруіміз қажет

Аграршыларды қолдау екі есе артады

Отырыста қаралған субсидия қар­жы­сына қатысты талқылаудан кейін Мәжіліс Үкіметке ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау деңгейін 8,5%-ға дейін көтеруді ұсынды. Яғни Мәжіліс депутаттары «Ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген мемлекеттік қаражатты пайдалану тиімділігі туралы» Жоғары аудиторлық палата есебін назарға ала отырып, бірқатар бағытты атап өтті. Депутаттар Үкіметке ЕАЭО елдерінің келісілген агроөнеркәсіптік саясат шараларын іске асыру жөніндегі міндеттемелерін сақтау бойынша дәйекті жұмыс жүргізуді, Қазақстандағы ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау деңгейін Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің шешімімен бекітілген әдіснамаға сәйкес 8,5% көлеміне дейін жеткізуді ұсынды.

– Қазіргі уақытта азық-түлік нары­ғында бәсекелестік күшейіп келеді. Еуразиялық экономикалық одақ жағдайында отандық өндірушілер бірінші кезекте Ресей және Беларусь, Өзбекстан мен Тәжікстанның агробизнесімен бәсекелеседі, бұл әрине біртұтас экономикалық одақтың қағидаттарына қайшы келеді. Мемлекет басшысы үшінші елдердің нарығына бірлесіп шығу үшін күшімізді біріктіруіміз керек деп бекер айтқан жоқ.

Біз мемлекеттік қолдаудың көлемі мен тетіктерін негізгі сауда серіктестерімен сәйкестендіруіміз керек. Қазақстандағы ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау деңгейі ЕАЭК комиссияның әдісі бойынша рұқсат етілген 8,5 пайыздың тек 5 па­йызын құрайды.

Яғни Үкіметтің мемлекеттік қолдау деңгейін толық арттыруға құқығы бар. Мәселен, Беларусьта мемлекеттік қолдау Қазақстанға қарағанда екі есе жоғары. Ресейде де жағдай сондай, сонымен қатар олар экспорттаушыларға көліктік субсидияларды белсенді пайдаланады. Мұның барлығы отандық тауар өндірушілер үшін бірдей емес бәсекелестік жағдайлар туғызады, – деді осы мәселе бойынша қосымша баяндама жасаған Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев.

Сонымен қатар депутаттар ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту көрсеткішін жылына 8-10%-ға жеткізу мақсатымен жеңілдетілген несиелендіру мен лизингті қаржыландыру көлемін ұлғайту, ауыл шаруашылығы машинасын жасау саласында өндірістер ашу және олардың жергілікті деңгейде іске асырылуын арттыру мәселелерін қарастыруды атап өтті.

Ауылшаруашылығы министрлі­гіне бөлінетін субсидияларды нысаналы индикаторларға қол жеткізуге бағыт­тай отырып, агроөнеркәсіптік кешен­ді дамытуды стратегиялық жоспар­лауды жетілдіру жөніндегі шаралар қабыл­дау да ұсынылды. Сондай-ақ жергі­лікті атқарушы органдардың саланы субсидиялау, субсидиялар бойын­ша төлемдерді кідіртуге жол бер­мей, бюджет қаражатының пайдаланы­луын мониторингілеу және бақылау жөніндегі қызметін үйлестіруді күшейту қажеттігі назарға алынды. Оған қоса субсидия алушылар қарсы міндеттемелері ретінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің озық, экология тұрғысынан қауіпсіз және инновациялық агротехнологияларды қолдану арқы­лы қам­тамасыз етілетін нақты көрсеткіш­терге қол жеткізуге тиіс.

Облыстық әкімдіктерге әртүрлi субсидиялар бойынша төлем мерзiмдерiнiң бұзылуына жол бермей, агроөнеркәсiптiк кешен саласындағы іс-шараларды қаржыландыруды бюджеттiк жоспарлау сапасын арттыру, субсидиялау бағдарламаларына барлық қатысушы үшін ақпаратқа және консультацияларға қолжетімділікті арттыру жөніндегі шараларды қабылдау ұсынылды.

Сондай-ақ жалпы отырыста Мәжіліс құрылыс саласын жетілдіру және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

 

Құрылыстағы үлестік қатысу тетіктері қаралды

Осы мәселені қарау барысында үлестік қатысу шарттарын электронды түрде жасауға болатыны да айтылды. Бұл мәселе бойынша, яғни «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құрылыс саласын жетілдіру және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жайлы Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Самат Мұсабаев баян­дады.

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған түзетулер аясында тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шарттарын электронды форматта жасау мүмкіндігі және басқа да шаралар қарастырылған. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар шарттарды бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы есепке алуға міндетті болады. Бұдан бөлек, құрылыс компанияларына қойылатын талаптар оның тұрғын үй құрылысы нарығындағы жұмыс тәжірибесіне сәйкес төмендетіледі. Бұл норма құрылысшылардың үлестік қатысу механизмдеріне қатысу мүмкіндігін кеңейтуді көздейді. Қаржылық есептілік­ті ақпараттық жүйелер арқылы ұсыну міндеттеледі. Сонымен қатар инжиниринг компаниялары үлестік тұрғын үй құрылысының барысы бойынша мониторинг нәтижелері туралы есепті ай сайын жергілікті атқарушы органға ақпараттық жүйелер арқылы ұсынуға міндетті болмақ.

 

Мемлекеттік қызметтегі кейбір мәселелер

Мәжіліс кейбір заңнамалық актілерді Конституция нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Ол нормалар мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы қамтиды. Конституциялық Сот «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңды мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан босатылған азаматтардың мемле­кеттік қызметке кіруіне мерзім­сіз тыйым салуды белгілеу бөлігінде Конс­ти­туцияға қайшы келеді деп тапты. Қолданыстағы нормада мемлекет­тік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы құқық бұзушылық­тар үшін тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік шараларынан туындайтын құқықтық шектеулердің мөлшерлестігі жоқ.

Ал кәсіптік жарамсыздығына байланысты жұмыстан босатылған судьялар бұдан былай мемлекеттік қызметке орналаса алады.

Конституциялық Сот атқаратын лауазымы кәсіптік жарамсыздығына байланысты сәйкес келмеуі сияқты теріс себептер бойынша өкілеттігін тоқтатқан судья өзге салаларда, оның ішінде мемлекеттік қызметте еңбек бостандығына конституциялық құқықты іске асыра алады деп есептейді. Осыған байланысты заң жобасы көрсетілген негіз бойынша өкілеттігін тоқтатқан судья­ларға өкілеттігі тоқтатылғаннан кейін бірден уақытша шектеусіз мемле­кеттік қызметке кіру мүмкіндігін ұсынады.

– Қазақстан Республикасы Конститу­циялық Сотының 2023 жылғы 31 тамыз­дағы № 27-НП нормативтік қаулысын іске асыру мақсатында «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 38-бабы 2-тармағының 11) тармақшасы және «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-тармағының 9) тармақшасы конституциялық емес деп танылды. Оларға қатарынан үш және одан да көп сағат бойы дәлелсіз себеппен қызметте болмағаны үшін әскери қызметтен босатылған адамдардың әскери және құқық қорғау қызметіне кіруіне мерзімсіз тыйым салуды алып тастау бөлігінде түзетулер енгізілді, – деді күн тәртібіндегі осы мәселе бойынша баяндама жасаған депутат Снежана Имашева.

Сонымен қатар қылмыстық құқық бұзушылық жасаған тұлғалар үшін арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке қабылдаудың шектеу мерзімін 6 жылға дейін, ал орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандар үшін 8 жылға дейін ұлғайту ұсынылып отыр.

Бұл ретте мемлекеттік қызметке ауыр­лығы орташа қылмыстардың кейбір санаттарын (жеке адамға, отбасы мен кәмелетке толмағандарға, адамзаттың бейбіт­шілігі мен қауіпсіздігіне, мемле­кет­тің конституциялық құрылысы мен қауіпсіздігінің негіздеріне, меншікке, қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке, халық денсаулығы мен адам­гершілікке және т.б. қарсы) жасаған адамдар жіберілмейді. Бұған қоса бұрынғы мемлекеттік лауазымда жасаған тәртіптік теріс қылықтары үшін жаңа лауазымға ие болған мемлекеттік қызметшілерді жауапқа тартуға мүмкіндік беретін норма ұсынылды.

Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпаратқа қол жеткізу, қоғамдық қатысу, мемлекеттік наградалар және артық заңнамалық регла­менттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жаңа редакцияда ұсынған жекелеген баптары жөнінде Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Ерлан Саиров баяндады. Қысқасы, Мәжіліс депутаттары аталған баяндамада айтылған Сенаттың енгізген өзгерістерімен келісті.

 

Аса маңызды заң қабылданды

Жалпы отырысты қорытындылаған Мәжіліс төрағасы Е.Қошанов еліміз үшін өте маңызды заң қабылдағандарын атап өтті.

– Бүгінгі Жоғары аудиторлық Пала­таның есебі – Мемлекет басшысы қолға алған Конституциялық рефор­малардың іске асуының нақты көрінісі. Осымен төртінші рет Жоғары аудиторлық Палатаның есебін тыңдап отырмыз. Мұнда қоғамдағы ең өзекті, ең түйткілді мәселелер талқыланады. Осыған дейін су, жылу және көлік саласындағы маңызды проблемаларды қарап,  нақты проблемалардың бәрін ашық көрсеттік, – деген палата спикері қазір осы бағыттарда оң өзгерістер байқала бастағанын жеткізді.

Мұны Мәжіліс спикері Парламентте жаңарған Конституцияның тағы бір нормасы іске асырылып жатқанымен байланыстырды.

– Бүгін біз еліміз үшін маңызды тақырыпты талқыладық. Агроөнеркәсіп кешені экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күшіне айналуға тиіс. Оған біздің әлеуетіміз де, ресурсымыз да жеткілікті. Тек оны тиімді пайдалануымыз керек.

Президент ауыл тұрғындары­ның өмірі мен әл-ауқаты осы саланың жай-күйіне тікелей байланысты екенін ерек­­ше атап өтті. Бұл жайттың бәрі Қазақ­­стан халқының 40 пайызына қатысты. Сон­дық­тан Жоғары аудиторлық палата­ның бүгінгі есебі дәл осы тақырыпқа арналуы бекер емес, – деді Е.Қошанов.

Ауыл шаруашылығына үлкен серпін әкелу үшін бірінші кезекте, ғылымды дамытуымыз керектігін атап өтті. Сондай-ақ ол субсидиялар фермерлердің шығы­нын өтеуге ғана емес, тұтастай ауыл шаруашы­лығын дамытуға бағытталуы керектігіне тоқталды.

Бұл ретте субсидия жүйесі барынша қарапайым, ашық, түсінікті әрі тұрақты болуы шарт. Өкініштісі, кейінгі 5 жылдың ішінде субсидия ережесі 70 рет өзгерген екен. Сондықтан осы мәселені ескеру керек. Тұрақтылық болуы қажет. Үкімет бүгінгі талқылаудың қорытындысы бойынша депутаттардың ұсынымдарының барлығын ескеруі қажет, – деген Ерлан Жақанұлы депутаттар өз тарапынан көмек көрсетуге, соның ішінде заңнаманы одан әрі жақсарту мәселелерін зерделеуге дайын екенін жеткізді.