Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:33

Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл күшейе түсті

19 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әлемді қан қақсатқан қаржы пирамидалары біздің елдің де табалдырығын аттап, қанымызға қара таңба болып сіңе жаздап барып беті қайтты. Құзырлы органдардың табанды әрекеті мен жұрттың аяғын тартып басып, сауатын арттырғанының арқасында қаржы пирамидалары құрыққа түсе бастады. Оларды ұйымдастырушылардың алды сотталса, біразы шетел жағалап, елден бас сауғалай қашты.

Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл күшейе түсті

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Пирамидалардан төнген қауіптің ауқым­дылығы соншалық, бұл кеселмен күрес мәселесі Президентке дейін жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осыдан екі жыл бұрын Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде құқық қорғау органдарының әлеуетін алаяқтық, қаржылық пирамидалар құру, капитал мен ресурстарды шетелге заңсыз шығару фактілеріне барынша жұмылдыру қажеттігін айрықша атап өтті. Ал «Қаржы мониторингі агенттігі көлеңкелі экономикамен күресетін негізгі мемлекеттік органға айналуға тиіс», деген еді сол жиында Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы биылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қа­зақстан халқына Жолдауының «Қо­ғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет» деген бағы­тында цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтықтың көбеюіне әкеп соқтырып отырғанына тоқталды.

«Қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр. Осы ретте «Amanat» партия­сы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын атап өткім келеді. Азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға арналған осы жобаға былтыр 65 мың адам қатысты. Ал биыл одан да көп адам қатысады», деді Президент.

Бұған қоса Мемлекет басшысы мектептерде, жоғары оқу орындарында қар­жылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу қажеттігін де тапсырды.

«Бұл жұмысты Үкімет қаржы саласын реттеу органдарымен бірге атқаруы керек. Мұның бәрі азаматтарымыздың әртүрлі алаяқтың құрығына түсіп қал­мауына мүмкіндік береді. Құзырлы органдардың бәрі заңға бағынатын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқ­тық­қа және сол сияқты басқа да заңсыз әрекеттерге қарсы батыл шаралар қа­был­дауға тиіс», деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыттағы тапсырмасын шегелей түсті.

Осыған байланысты бүгінде Жол­даудан өзіне жүктеме алған құзырлы органдар әрекетсіз отырған жоқ деуге болады. Мәселен, жыл басынан бері ҚМА 20 млрд теңгеден аса шығыны бар қаржы пира­мидаларын құру және басқару фактілері бойынша 68 қылмыстық істі тергеп, аяқтады. Қазіргі уақытта 13 млрд теңгеден аса қаражат өтелді.

Бұл туралы ҚМА мен Жоғары білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, еліміздің 100-ден аса жоғары оқу орындары үшін ұйымдастырылған құқықтық мәдениет және қаржылық сауаттылықты арттыру жөніндегі вебинар барысында белгілі болды. Іс-шара «Тәртіпті өзіңнен баста!» эстафетасы аясында өткізілді.

Агенттікте алаяқтық жобалардың өмірлік циклін және оларға тартылған салымшылар санын қысқартуға ба­ғыт­тал­ған «Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл» арнайы жобасы енгізілді. Жоба ая­сында осы жылдың басынан бері интер­нет кеңістігінде 47 қаржы пирамидасы анық­талды. Әлеуметтік желілерде олар­ға қа­тысты 300-ге жуық чат жабылды. Олардың шамамен 2 миллионға жуық қа­­ты­су­шысы – әлеуетті салымшылары болған.

Биыл әлеуметтік желілерді тал­дау нәтижесінде қаржы пирамидасы белгі­ле­рі бар сайттарға қатысты 11,7 мыңнан аса сілтеме бұғатталды.

Осы орайда агенттікте қаржы пи­рами­даларының белгілерін тексеруге мүм­кіндік беретін «Baiqa, piramida!» Telegram-боты іске қосылғанын айта кеткен жөн. ҚМА мамандары егер сіз немесе жақындарыңыз қаржы пирамидасының әрекетіне тап болса, тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгінуді сұрайды.