Батырханның орны бөлек еді
Бұл – орны толмайтын қайғы. Батырхан қазақтың ғана әншісі емес, әлемнің әншісі болып жүрді ғой. Халықтар достығы деп жиі айтып жүреміз. Батырхан шын мәніндегі халықтар достығының өкілі болды. Өзге ұлттар мен қазақ музыкасының арасына өнердің көпірін салды. Өстіп жүріп қазақтың атын бүкіл жер жүзіне танытты. Бұл қаза бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Қыршын кетті деуге болады. Қашанда, тас түскен жеріне ауыр. Туыстары мен анасына да ауыр тиіп отыр. Бұл дүниеге келген адам бір кетеді. Мәңгілік өмір жоқ. Бірақ Батырханымыз тым ерте кетті. Тосыннан келген ажал болды. Өкінішіміз осы. Әлі жүре тұрса талай жастарды текті өнерге тәрбиелейтін еді. Батырханға еліктейтін, Батырхан сияқты биік деңгейдегі әнші болғысы келетін шәкірттері бар екенін білетін едім. Оның жолын қуғысы келіп жүрген балалар көп болатын. Батырхандай болуға тырысып жүрген жас таланттарымыз бар. Өйткені, Батырхан қай қырынан қарасаң да, осындай өнерпаз жастарға үлгі бола білді. Үйрететіні де, айтары да, тәлімі де бар жасқа келгенде кетіп қалып отыр. Батырханымыздан нағыз кемелденген тұсында айырылып, өкініп қалдық. Енді қанша өкінсек те, дәл осындай әнші тумайды. Тектілігі де, тәрбиесі да жақсы азамат еді. Саф алтындай сабырлы жігіт болды. Сүйсінетіндей салиқалы өмір сүрді. Өнердің де биік шыңына шықты. Мен үшін Батырханның орны бөлек. Үлкендерді қатты сыйлаушы еді. Ата-анасын қатты ардақтаушы еді. Маған да туған баламдай болды. Кезінде Алматыға келгенде менің үйімде де тұрды. Консерваторияда оқып жүргенде арнайы Батырхан үшін саксофон класын ашқызған едік. Еңбегімізді ақтап, тамаша музыкант бола білді. Халықаралық деңгейге көтерілді. Бізді ұятқа қалдырған жері жоқ. Сыртынан тілеулес болып, туған баламдай мақтаныш тұтып жүретін едім. Қиын сәтте қасында болайын деп анасының қасына келдім... Жылап жүрген, жоқтап жүрген халықта есеп жоқ. Қанша айтсақ та, бұл қазаның орны толмайды. Дарынды жастар көп. Бірақ Батырханның орны бөлек еді. Жанымызға осы батып тұр. Өнері бір бөлек, өзі де жақсы адам бола білді. Батырханды естен шығару, ұмыту мүмкін емес. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА, КСРО халық әртісі. АЛМАТЫ.Жұлдызды ғұмыр
Бұл – біз үшін орны толмас қаза. Қазақ елі өнер тарланы, саз әлеміне өзіндік өрнек салған, мәдениет әлемінде ерекше қолтаңба қалдырған біртуар ұлынан айырылды. Оның жұлдызды ғұмыры Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі болды. Әлбетте, әріптестерінің жүрегінен ойып тұрып орын алған абзал дос муза жылнамасында алтын әріппен жазылып қалатыны ақиқат. Оның өмірлік жолын бәрі біледі. Біз екеуміз жақын дос едік. Сырлас боп өстік. Тіпті бір курс үлкендігі болмаса, жоғары оқу орнында да бірге оқыдық. Әрбір жеткен табысына қуанып, ортақтасатын Батырхан «Один в один» музыкалық телешоуында Лучано Паворотти, Луи Армстронг, Сезария Авора, Тынис Мяги бейнелерін сомдап, әншілігімен ғана емес, әртістігімен де тамсандырды. Болмысынан сазгер, туа біткен талант Батырханның еңбексүйгіштігін өнер тарландары үлгі тұтады. Өзін бауыр тұтатын Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаевадан бастап әншілер, композиторлар, продюсерлер Батыр туралы сағынышпен еске алып, жылы сөздерін арнап жатыр. Ал күні кеше Мәскеуде музыкантты ақтық сапарға шығарып салу үшін, қым-қуыт шаруаларын жиыстырып қойып, Максим Фадеев пен Игорь Крутой секілді кәсіби продюсерлер, Алексей Чумаков, Александр Маршал, Аркадий Укупник, Любовь Успенская және басқа да әншілер, «А-Студио» тобы, әнші Ольга Кабо тәрізді белгілі өнер иелері өз жоспарларынан, өнер сапарларынан бас тартуына тура келді. Бұл Батырдың әріптестері арасында үлкен құрмет пен беделге ие екендігін аңғартса керек. «Өмір және өлім... Олардың арасындағы шек, адамның тынысы секілді көзге көрінбейді. Қас-қағым дүние! Бүгін бар да ертең жоқ. Адам баласы бұл фәниге қысқа мерзімге келеді де, ана әлемге мәңгіге кетеді» деп сөз саптағаны кеше еді. Денсаулығы аса сыр бермесе де, жүректерді елжіретер ой толғамы өз жүрегіне сыз болып орын тебетінін кім білген?! Жамбасы жерге тимей жатып, тума таланттың өнеріне табынушылар Алматыда таң алакеуімнен Республика сарайының, Астанада Орталық концерт залы алдында, еліміздің басқа да қалаларының өнер ордаларында Батырханға арнап гүл-шоқтарын қойып, соңғы кездері оның хитке айналған әндерін жаппай айтып, аялап еске алып жатыр. Біз өз өмірін халқы мен мемлекетіне, еліміздің мәдениеті мен өнеріне адал қызмет етуге арнаған Батырханның әруағы алдында әрқашан басымызды иеміз. Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ, Мәдениет және спорт министрі.Ұлтты танытқан әнші
Батырхан қазақ халқын, ұлтын, қазіргі қазақ эстрада жанрын халықаралық деңгейде көрсеткен өнер адамы. Нағыз жұлдыз! Батырханмен бірге жұмыс істеген, кейінгі 50 жылдық мерейтойлық концертінде бірге өнер көрсеткен достары халықаралық деңгейдегі белгілі музыканттар болды. Батырханның Астана мен Алматыда өткен концертіне Англиядан, АҚШ-тан, Ресейден, Германиядан, Украинадан арнайы өнерпаздар қатысып, халықаралық оркестрлер сүйемелдеді. Батырхан біздің мақтанышымыз еді! Батырхан Шөкенов біздің ұлтымызды, қазағымызды, қазіргі ұлттық эстрада жанрын тек қана ТМД мен Мәскеуде ғана емес, шетелдерде де танытты. Қазіргі қазақ өнерін, оның музыкасы қандай екенін, жалпы қазақ деген ұлттың қандай екенін паш етті. Біздің өнерімізді өзгелер Батырхан арқылы қабылдады. Батырханды батыр деуге де болады. Себебі, ол сыртта жалғыз қазақ болып жүріп, өз әнін, қазағының әнін шырқап жүрді. Мен Батырханның алдында басымды иемін. Оның жасаған еңбегі, шығармашылық деңгейі халықаралық дәрежеде болды. Батырхан менің бауырым, сүйікті бауырым еді. Менің әрбір концертіме бүкіл әнсапарларын жинастырып қойып, қай жақтан болса да ұшып жететін. Екеуміз дуэтпен ән айтатынбыз. Ол саксофонда ойнайтын. Батырхан өнердегі алғашқы қадамын «Арай» ансамблінен бастады. Тасқын Оқапов оны консерваториядан жетелеп алып келіп, ансамбльдің құрамына қосты. Сол ансамбль құрамынан «А-Студио» қанаттанды. Он жыл бірге еңбек еттік. Іздендік, талпындық, алға үлкен мақсаттар қойдық. Он жылдан кейін әрқайсымыз тәжірибе жинақтап, өз жолдарымызбен кеттік. Өнердегі өз соқпақтарымызға түстік. Бірақ байланысымызды үзген жоқпыз. Өкінішке қарай, Батырханнан көз жазып қалу мен үшін де үлкен қайғы. Қазақ өнері үшін де орны толмас қаза. Өнер адамдары үшін де ауыр. Өйткені, халықаралық сахналарда жүрген әншілеріміз өте аз еді. Тіпті, енді жоқ деуге болады. Сондықтан, Батырханның тыңдармандарына, анасы мен туған-туысқандарына қайғырып көңіл айтамын. Батырхан – ең жоғары дәрежедегі музыкант ретінде, әнші ретінде, дос ретінде, сүйікті бауырым ретінде мәңгілік менің жүрегімде қалады. Роза РЫМБАЕВА, Қазақстанның халық әртісі. АЛМАТЫ