Фото: Ақорда
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстан Жазушылар Одағының құрылғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылған салтанатты жиынға қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
«Қадірлі қауым!
Сіздерді Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 90 жыл толуымен құттықтаймын!
Жазушылар одағы – руханиятымыздың алтын діңгегі.
Бұл ұйым қаламгерлеріміздің кәсіби қауымдастығы ретінде төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді өркендетуге және оны әлемге танытуға зор ықпал етеді. Сөз өнерінің қарашаңырағын ұлттық бірегейлігіміздің берік тұғыры деуге болады. Ақын-жазушыларымыз ұлтты ұйыстыру жолында қалтқысыз қызмет етіп жүр. Аға буын негізін қалаған осы ұлағатты дәстүр үздіксіз жалғасып келеді.
Әдебиет – ойымыздың тереңдігі мен рухымыздың асқақтығын айғақтайтын ұлы қазына. Оны заман талабына сай дамыту – қаламгер қауымның ғана емес, мемлекетіміздің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі.
Қазір біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып жатырмыз. Озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу ісінде зиялы қауым айрықша рөл атқаруы керек. Осы жауапкершілікті терең сезініп, адамгершілік құндылықтарды кеңінен дәріптеп жүрген барша қаламгерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін.
Сіздерге бақ-береке, толайым табыс тілеймін!
Халқымыздың рухын көтеріп, танымын ұлғайтатын туындыларыңыз көп болсын!», делінген хатта.