Жылдың басында Германияның «Stiftung Wissenschaft und Politik» атты халықаралық және қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын институты «Орта державалар – халықаралық саясаттың маңызды субъектілері» атты сараптамалық мақалалар жинағын жарыққа шығарған. Зерттеулері онсыз да үлкен сұранысқа ие беделді институттың бұл жолғы жинағы әлемдік сарапшыларды кезекті мәрте елең еткізді. Өйткені SWP зерттеушілері мақалада негізінен державалар жөнінде сөз қозғап, Қазақстанды әлемдегі орта державалардың қатарына қосып, біздің елдің саяси салмағын арттыра түсті. Еліміз бұл қатарға әлем санасатын Түркия, Израиль, Мысыр, Сауд Арабиясы, Үндістан, Индонезия, Эфиопия, Кения, Оңтүстік Африка Республикасы, Мексика және Бразилия секілді мемлекеттермен иық тірестіре қосылып отыр.
Жалпы, орта державалар тізіміне әлемдік саясат пен экономиканың аренасында айтарлықтай ойыншы бола алатын елдер ғана кіреді. Яғни бұл қатарға кез келген ел оңайлықпен қосыла алмайды. Оның үстіне мұндай қорытынды шығаратын институт зерттеушілерінің еңбегі ғылыми сараптамадан өтіп барып, Германия билігінің батасын алатыны бар. Бізді осы тізімге енгізген ғылыми-сараптамалық орталық саналатын германиялық Ғылым және саясат қоры сол елдің Үкіметімен, Парламентімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Осы орталық мамандарының пікірінше, Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері арасындағы өзінің сыртқы саясатымен ерекшеленіп, көзге түскен. Айталық, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етіп, Сирия қақтығысынан туған келіссөздерге де Астана өзінің бейтарап алаңын ұсынды.
Ал тәуелсіздіктің елең-алаңында-ақ еліміз батыстық трансұлттық компаниялардың жұмыс істеуіне жайлы жағдай жасап, мұнайдың қорын барлауға барынша бизнес-климат қалыптастыра алды. Сөйтіп, Азиядағы ашықтыққа ұмтылған алғы шептегі ел екенін айқындап алды.
«Қазақстан қойнауында АҚШ пен Еуропаның қатты қызығушылығын тудырып отырған бай ресурстар – қазба отындары (әсіресе мұнай), металдар, минералдар және сирек металл элементтері мол. Елдің қазіргі таңда ЕО ерекше мүдделілік танытып отырған жасыл энергия көздерін өндіруге қатысты да әлеуеті жоғары», деп жазады аталған қор сарапшылары.
Жоғарыда аталған зерттеуге қатысқан білікті неміс мамандары ресми Астананың орта державалар елдерімен үзеңгілес болуға үш негізгі критерий сеп болғанын айтып өткен. Атап айтсақ, елдің экономикалық дамуы, мемлекеттегі тұрақтылық пен қауіпсіздік, еліміздің автономиялық дербестікке деген ұмтылысы бізді осы деңгейге шығарып отыр. Оның ішінде SWP Қазақстанды теңгерімді сыртқы саясаты қалыптасып үлгерген, Орталық Азиядағы негізгі ойыншы тұрғысында өзіндік бет-беделі бар, түрлі ресурстарға бай, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытының бір тұтқасын ұстап отырған байыпты ел ретінде бағалайды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы мамырда Сингапурға барған мемлекеттік сапары аясында «Қазақстан және орта державалардың рөлі: қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды ілгерілету» тақырыбында Сингапур 46-дәрісін оқығаны есте.
Мемлекет басшысы сол лекциясында Қазақстан мен Сингапур сияқты жаңадан пайда болған орта державалардың рөлі туралы пайымдай келе, жаһандық қауіпсіздік көкжиегінде мол мүмкіндіктерге жол ашып қана қоймай, едәуір қауіп те төндіретін елеулі өзгерістерге назар аударған-ды.
– Біз геосаяси шиеленістен бастап, макроэкономикалық қиындықтарға дейінгі және жиілей түскен климаттық апаттар секілді қаншама дағдарыспен бетпе-бет келіп отырмыз. Қауіпсіздік архитектурасының іргесі жылдам сөгіліп барады, әлемдік державалар арасында бір-біріне сенімсіздік таныту үрдісі үдей түсті. Шамасы, қырғи-қабақ соғыстан кейін орнаған «бейбітшілік несібесі» түгесілуге жақын. Өйткені былтыр әлем елдерінің әскери салаға жұмсаған шығындары 2,2 трлн долларға дейін жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Демек қаруланудың жаңа бәсекесі басталды. Қанша күш-жігер жұмсалғанына қарамастан, адамзат жаңа әскери қақтығыстардың құрбанына айналады. Экстремизм, терроризм, кибернетика, ғарыш, жасанды интеллект, климаттың өзгеруі, жаппай миграция және эпидемия туындатқан түйткілдер жаһандық қауіпсіздіктің жағдайын одан сайын ушықтыра түсті. Алайда Астана мен Сингапур дамып келе жатқан орта державалар ретінде мұндай бөліну мен жіктелуге көз жұмып қарай алмайды. Қауіп-қатер өте зор. Егер шара қабылдамаса, тағы бір қырғи-қабақ соғыс зобалаңына тап келуіміз әбден мүмкін, – деді Президент.
Әрине, жетістік жолы қашанда батыл қадамдардан тұрады. Бұл ретте Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан жолымен алға қадам басып келе жатқан еліміз жауапты дипломатияның қағидаттары мен құндылықтарын қатаң сақтауға бейілді екенін үнемі айтып келеді. Сол себепті де Сингапурдың дәстүрлі 46-дәрісінің мінберін пайдаланып, еліміздің берік ұстанымдарын жеткізді.
– Барлық сыртқы серіктестеріміз Астананың қандай ұстанымда екенін жақсы түсінеді. Сондықтан бізді сенімді әріптес санайды. Біз «Жаһандануды жақтайтын Қазақстан» ретінде бүкіл әлеммен ашық қарым-қатынас жасауды жалғастыра береміз. Бұл – еліміздің сыртқы саясаттағы бағдары. Тұрақсыздық ұзақ уақытқа созылған жаңа дәуірде тек осылай ғана жетістікке жете аламыз, – деді Президент.
Ал отандық саясаттанушы Әсел Назарбетова Германияның сыртқы саясатында маңызды шешімдердің қабылдауына ықпал ететін беделді институттың елімізге қатысты осындай қорытынды шығаруы үлкен жаңалық екенін жеткізді.
– Аталған 12 ел – әр аймақта, әркелкі деңгейде дамып келе жатқан мемлекеттер. Осы елдерді іріктегенде географиялық орналасуы, демография, экономика, әскери әлеуеті және саяси харизмасы сынды негізгі критерийге басымдық берген. Оған қоса бұл елдердің халықаралық, аймақтық рөлі де таразыға тартылған. Бұл ретте жоғарыда айтқан талаптар бойынша Қазақстанды зерттеу нысанасына алған сарапшы өзінің маманданған бағытымен сипаттама берген. Бұл талдауды не үшін жүргізген деген сұраққа келсек, орта державалы елдермен Германия әрмен қарай қалай жұмыс жүргізеді, қай бағыттағы қарым-қатынасқа басымдық береді деген мәселелерді нақтылаған. Германияға бұл елдермен байланыс жасаудың пайдалы жақтары мен кереғар тұстарының ара-жігін ажыратып алу да мақсат болған.
Қазақстан бойынша зерттеу жүргізген Андреа Шмитц деген докторды жақсы танимын. Ол сонау 90-жылдардың соңы, 2000 жылдардың басынан біздің ел туралы зерттеу жүргізіп келеді. Мен өзімнің саясаттанушы ретіндегі тақырыптық бағытыммен үндес болғандықтан 2000 жылдан бергі батыстық, соның ішінде доктор Шмитцтің де еңбектеріне көз жүгіртіп тұрамын. Яғни мен аталған ғалымның сол жылдардағы елімізге берген бағасы мен қазіргі пікірінің арасындағы үлкен айырмашылықты көріп тұрмын. Айталық, Шмитц 2000 жылдардың басында өте көп сыни пікір айтқан, яғни Қазақстанның даму деңгейіне көп қызығушылық таныта қоймаған болса, қазіргі таңда ол көзқарасы әлдеқайда өзгерген, – дейді Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Алматы өкілдігінің басшысы, белгілі саясаттанушы Ә.Назарбетова.
Халықаралық тәжірибеге зер салсақ, әрбір мемлекеттің осындай зерттеу орталықтары, институттары бар. Олар ел билігіне дамудың бағыт-бағдарын беріп отырады. Сенат депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ғалиасқар Сарыбаевтың айтуынша, немістердің Ғылым және саясат қоры ғылым мен саясатқа барынша көңіл бөледі. Ал ғылымның дамуына бірінші кезекте экономиканың алға басуы алғышарт болады.
– Бұл зерттеуде Қазақстанның экономикалық белсенділігі, инфрақұрылымы, бизнестің тиімділігі мәселелері де қарастырылған. Содан кейін әрбір мемлекеттің геосаяси орнын анықтаған. Соған байланысты болашақта Орта Азияда кім көшбасшы болады деген сұрақты да жан-жақты саралаған. Сол себепті неміс зерттеушілері өңірдегі көшбасшы ел ретінде біздің елді таңдауы кездейсоқ емес. Енді Қазақстан бұларға нендей мақсатта керек болып отыр? Қазақстан болашақта, әсіресе Украина мен Ресейде болып жатқан жағдайға байланысты батысқа газ-мұнай тасымалдайтын бірден-бір ел ретінде қарастырылып отыр. Егер біз Транскаспий көлік дәлізін дамыта алсақ, бұл Еуропаға ашылған үлкен есік болғалы тұр, – дейді сенатор.
Қалай дегенмен еліміздің мұндай деңгейде мойындалып, Орта Азия, тіпті бұрынғы бұрынғыкеңестік елдер арасынан алғаш болып Түркия, Үндістан, Бразилия, Мысыр, Мексика сынды ірі мемлекеттермен саяси мәртебесі жағынан теңесуі – айрықша жетістік. Бірталай елдің берекесін кетіріп отырған өңірдегі геосаяси ахуал, әскери қақтығыстарды ескерсек, тұрақтылық пен тыныштыққа бет бұрған Қазақстан Еуропаның сеніміне сыналап кіріп жатқаны қуантарлық жағдай.