Кәсіпкер • 24 Желтоқсан, 2024

Табыстың көзін тапқан кәсіпкер

436 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Қазақстан менеджмент, экономика және болжау инс­титутын» 2006 жылы тәмамдаған Мәдина Өскен­баева Алматыдан 40 шақырым жердегі Талғар ауданында шағын кәсібін дөңгелетіп отыр. Екі гектар жерде 9 ешкі бағып, оның сүтінен ірімшік өндіреді. Отбасының айлық табысы 1,2 млн теңге шамасында.

Табыстың көзін тапқан кәсіпкер

«Институтты аяқтаған соң 7 жыл E&Y халықаралық аудиторлық компанияда еңбек еттім. Ондағы қызметтік мансабым мен табысым жаман болған жоқ. Бірақ мені көңілде жүрген жеке кәсіпкерлік туралы ой өзіне тарта берді. Осыдан 10 жыл бұрын бір шешімге келіп, белді будық, жеңді түрдік. Нәтижесінде, шағын отбасылық ферма құрып, соны біртіндеп дамытып жатырмын», деді кәсіпкер.

Фермер ешкі ұстап, оның сүтінен ірімшік жасайтынын айттық. Өзі нутрициология саласын оқып меңгергендіктен, денсаулыққа пайдалы өнім шығаруды жөн санаған. Нутри­циология – тамақтану туралы ғылым. Бұл саланың маман­дары тағамды қабылдау, оның үйлесімділігі мен құрамы, тұты­нылуы, қоректік заттардың ағзадағы ассимиляциясы мен бөлініп шығуы мәселелерін зерттейді.

«Қазақта шала туған нәресте мен жөргекте жетім қалған немесе жетіле алмай жүрген балаға ешкі сүтін берген. Себебі ешкі сүті жеңіл, жұмсақ сонымен қатар ана сүтіндей құнарлы. Оны халқымыз жақсы білген. Мұның дұрыстығын бүгінде ғылым да толық дәлелдеді», дейді Мәдина. 

Кәсіпкер кейіпкеріміз фермада отбасымен тұрады. Әлі бұғанасы қатпаған төрт баласының үлкені енді мектепке бара бастаса, кенжесі әлі бесікте. Әуелден қалада тұрып, жылы офисте қызмет етіп үйреніп қалған жастарға ауылды жерге келіп, мал шаруашылығын меңгеріп, табиғатына жат жаңа кәсіппен тұрғылықты түрде шұғылданып кету әсте оңай болмаған. Алайда асқақ арман мен мықты мақсат алған беттен қайтара алмаған.

«Бұл жерге көшіп келгенде ауыл өмірі жөнінен тәжірибеміз жоқ еді. Қаланың жеңіл тұр­мысына әбден үйреніп қалған­быз. Сондықтан бәрі біз ойла­ған­дай оңай болмады. Ауыл­ша­­руашылық өндірісімен айна­лысу біз бағамдағаннан әлде­қайда қиын екен. Десек те мойы­мадық, талмай еңбек еттік. Қазір ірімшік өндірісі істеп тұр. Бұл кәсіп отбасымыздың заман та­лабына сай өмір сүруіне жет­­кі­­лікті кіріс әкеледі», деді кәсіп­кер.

Оның айтуынша, сапалы әрі дәмді ірімшік жасауды Италия, Ресей, АҚШ шеберлерінен үй­ренген. Тыңғылықты еңбегінің, ізденімпаздығының арқасында 2022 жылы «Coca Cola белес­тері» бағдарламасына қатысып, бизнес, ауыл шаруашылығы және инстаграм желісінде сату жөнінде білім алып, грант ұтып алды. Бұл қаражатқа ірімшік өндіретін цехты жабдықтады. Жалпы, осы табысты бизнесті бастап кетуіне үлкен қолдау болды.

«Қазір ірімшік жасап, 9 еш­кіден шығатын өнімді айына 1,2 млн теңгеге сатамыз. Жы­лына 7 ай жұмыс істейміз. Ірімшікті сатылымға Instagram арқылы шығарамыз. Өнімді қанша көлемде шығарсақ та, бәрін сатып жібереміз. Өйткені сұраныс үлкен. Соған қарап көбі­рек өндіргіміз келеді. Бірақ әзірше қол қысқа. Алдағы уа­қыт­та бұл кәсіпті жан-жақты да­мытуды көздеп отырмыз», дейді кәсіпкер.

Органикалық ауыл шаруа­шы­лығы өнімін шығаруда оң нәтижеге қол жеткізген соң сала бойынша білімімен бөлісуді жөн санаған ол осы мақсатта жаңашыл достарымен «Қоғамдық бақ» қоғамдық бірлестігін құрды. Соңғы екі жылда органикалық егіншілік пен ауыл шаруашылығы туралы семинарларына 300-ден астам адам қатысты.

«Айналадағы фермаларды бақылай жүріп, ауыл адамдары жермен қалай жұмыс істеуді білмейтінін көріп отырмыз. Соның салдарынан ауылда шаруашылықпен шұғыл­дана­тындардың көпшілігі шығынға ұшырап, табыс таба алмайды, содан соң қалаға көшуге тырысады. Бұл проблеманы шешудің дұрыс жолы емес. Керісінше олар проблемаларды ауылдан қалаға өздерімен бірге алып барады. Қалада урбанизация мен жұмыссыздықтың өсуі осылай қатар дамып келе жатыр. Оған қоса, күн сайын облыстан қалаға 400 мың көлік кіреді, ауа­ны ластайды, бұл өз кезегінде экологиялық проблемаларды туындатады», деді фермер.

Кәсіпкер ауылда тұрып, шаруашылықпен айналысудың жақсы қырларын жан-жақты көрсеткісі келеді. «Ауылды жерде қалыпты өмір сүріп, өзімізді табиғи өнімдермен толық қамтамасыз ете аламыз. Қалалы жерлерде қазір экологиялық мәселе тым күрделі. Сол тұр­ғыда ауылдан көшпей-ақ, таза ауада, тыныш, бақуатты өмір сүріп, өзің өндірген азық-түлік­ті тұтынып, өткізіп, жақсы табыс табуға болады. Ауыл өмірі әсіресе балаларға өте қолайлы. Осында табиғатқа жақын жүріп, жүйке жүйесі сау, саламатты болып өседі. Жазда суға түсіп, жалаңаяқ жүгіреді, қыста шана айдап, қармен ойнайды. Саламатты өмір салты нағыз осы емес пе?» деп ой түйді Мәдина.

Ел ішіндегі шағын шаруа­шы­лықтарды қолдап, дамыту қашанда маңызды деп санайтын кәсіпкер жергілікті халыққа шаруашылық жүргізудің заманауи үлгісін көрсетіп, ауылдың тартымдылығын арттырып, атақонысында тұрақтандыруды қалайтынын айтады.