
Фото: parlam.kz
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастарымыз үш нәрсенің айрықша маңызды екенін түсінуі керек екенін айтқан. Бұл – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет. Жастар терең білім алуы үшін жоғары білім алуда қиындық көрмеуі тиіс. Бұл – өте маңызды аспект», деді депутат.
Ашық деректерге зер салсақ, 2021-2022 оқу жылы 170 мыңнан астам түлек мектепті бітірсе, 56 мыңнан астам талапкер бакалавр бойынша мемлекеттік грантқа ие болған. Ал 2022-2023 жылы 172 түлек бітірсе, 73 мыңдай грант бөлінген.
«Бұл грантпен қамтамасыз ете алмай отырғанымызды көрсетеді. Колледждерге түсетіні де бар десек те, жыл сайын ақылы оқуға тапсыратындар аз емес. ЖОО-да ақылы білім алуға қарапайым халықтың қалтасы көтере ме? Мәселе осыдан туындайды. Салыстырайық, Назарбаев университетінде бір жылдық оқу ақысы 7,5-9 миллион теңгені құрайды. Жыл сайын КИМЭП университетінде 4,1 миллион теңге, Қазақ-Британ техникалық университетінде – 2,4 миллион теңге, Сүлеймен Демирел атындағы университетте 2,1 миллион теңгені шығындауға тура келеді. Әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университетінде 1,6 миллион теңге, Мақсұт Нәрікбаев университетінде – 1,5 миллион теңге, Сәтбаев университеті мен Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университетінде – 1,4 миллион теңге, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде – 1,3 миллион теңге, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде – 1,1 миллион теңге, Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар университетінде - 1 миллион теңге төлейтіні белгілі», деді депутат.
Депутат сауалында университеттер талапкермен келісім-шартқа отырған кезде, «инфляция деңгейіне қарай оқу ақысы көтеріледі» деген тарау қосылғанын, бұл – тұтынушылардың құқығын шектеу екенін айтты.
«Қыркүйек айында 1 миллион теңгемен келісім жасаған студенттер оқу жылы аяқталғанға дейін 100-200 мың теңге қосып төлеуге мәжбүр болады. Осы уақытта оның ата-анасының жалақысы көтерілсе жақсы ғой! Бірақ ондай үдерісті байқап отырған жоқпыз. Бұл – әлеуметтік әділетсіздік», деді ол.
Депутаттың айтуынша, бұл жағдайды Ғылым және жоғары білім министрлігі қатаң бақылауға алуы тиіс. Министрлік оқу ақысы 300-400 мың теңгенің төңірегінде болатынын айтса да, университеттер бұған мән берер түрі жоқ. Жатақхана мәселесі де өзектілігін жойған жоқ. Орын жетіспейді. 3-4 курс студенттері жатаханадан орын алуы тіптен қиын. Кейбір оқу орындарында жатақханада бір жылдық тұру ақысы 1 миллион теңгеге жетеді. Ақылы оқитындар үшін қалтаға қосымша салмақ салады.
«Жоғары оқу орындары ақысының қымбат болуы және жыл сайын негізсіз көтерілуі студенттер мен олардың ата-анасының әлеуметтік жағдайын қиындатады. Соған байланысты біріншіден, жоғары оқу орындарындарындағы оқу ақысын бақылауға алуды, екіншіден, бір оқу жылында ақылы білім алуды бірнеше рет көтеруді шектеуді, үшіншіден, жатақханамен қамтуды және онда тұру ақысын қайта қарауды ұсынамын», деп түйіндеді Қайрат Балабиев.