– Жақып Ғалиұлы, жылыту маусымы қалай өтіп жатыр? Қысқы кезеңге дайындық шаралары қанағаттанарлық деңгейде ме?
– Ағымдағы жылу электр орталықтарын (ЖЭО) жөндеу мен жаңғыртуға 327 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 44%-ға артық. Қайта құру жұмыстары аясында ЖЭО-лардың орташа тозуы 65%-дан 61%-ға дейін төмендейді деп күтіліп отыр. Атап айтқанда, Риддер ЖЭО-да тозу – 58%-дан 54%-ға, Кентау ЖЭО-да – 85%-дан 65%-ға, Екібастұз ЖЭО-да 42%-дан 35%-ға төмендемек. Сонымен бірге, 20,7 мың шақырым электр желісі, 422 қосалқы станса мен 4 054 тарату пункті, трансформаторлық қосалқы стансалар жөнделді. Жылу желілерінің 542 шақырымына жөндеу жүргізілді.
Энергия көздерінің отын қоймаларында 5,4 млн тонна көмір жинақталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға, өткен кезеңмен салыстырғанда 111 мың тонна мазутқа артық. Барлық энергия көзінде отынмен қамтамасыз ету стандартқа сай. Өкініштісі, өңірлердегі жылу көздерінде, электр мен жылу желілерінде нормативтік мерзімде жойылған технологиялық бұзушылықтардың жекелеген жағдайы бар.
– Атқарылып жатқан іс-шаралардың жетістігі мен кемшілігін атап көрсетуге бола ма?
– Жылыту маусымына дайындық жұмыстарының дер кезінде басталуын жетістік деп айтуға болатын шығар. Бұл солтүстік пен орталық аймақтар сияқты климаты қатал аудандарда қиын жағдайларды болдырмауға мүмкіндік берді. Ресми деректерге сүйенсек, энергия көздері көмір мен мазуттың қажетті көлемін қамтамасыз етіп, жылу беру маусымын үзіліссіз бастауға жағдай жасады. Бірқатар облыста (мысалы, Қарағанды мен Алматыда) жылу желілері қайта жаңғыртылды. Бұл игі іс инфрақұрылымның тозуы мен жылу шығынын азайтты. Тағы бір игілік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың сенім телефондары мен мобильді қосымшалары арқылы азаматтардың арыз-шағымына жедел жауап беру жүйесі жетілдірілді.
Кемшіліктерге келсек, жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, жылу желілерінің тозуы жоғары деңгейде қалып отыр. Орташа есеппен 60%-ға дейін. Бұл апаттар мен жылу берудегі үзілістерге әкеліп соғады. Әсіресе ескі тұрғын үй аудандарында орын алады. Кейбір өңірлерде, мысалы, Қостанай облысында жоспарлы жөндеу жұмыстары бюрократиялық және құқықтық мәселелерге байланысты кейінге қалдырылды. Бұл тұрақты жылумен қамтамасыз ету үшін қауіп тудырды.
Мән беріп қарайтын тағы бір тұс – жаңғырту жұмыстарына қаржы бөлінгенімен, жұмыс көлемі көбіне шағын қалалар мен ауылдарда қолда бар қаржыландырудан асып кетеді. Осыны ескеріп, әрбір аймаққа бөлінген қаражаттың қалай жұмсалғанын мұқият тексерген жөн сияқты. Ескі желілердегі энергия шығынының жоғары деңгейі жылумен жабдықтау тиімділігіне әсер етуді әлі де жалғастырып жатыр. Бұл болашақта тарифтерге әсер етуі мүмкін шығындарды арттырады.
Кей жағдайларда азаматтар коммуналдық қызметтердің іс-әрекетіне, соның ішінде жазатайым оқиғаларды жою мерзімі мен орындалған жұмыстар туралы есептегі ашықтықтың болмауына шағымданады. Сондықтан жауапты істе үнемі ашықтықтың болғаны абзал. Халық түзу іс пен жөн сөзге түсіністікпен қарайды.
Биылғы жылыту маусымы елімізде дайындық пен жаңғыртудың дұрыс бағытта келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен ескірген инфрақұрылым, қаржыландыру мен маңызды нысандарды жөндеудегі кешігулер басты мәселе болып қала бермек. Қазір энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды (желілер мен құрылыстарды) жаңғырту және халықты сенімді әрі сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету мақсатында Үкімет энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртудың ұлттық жобасын әзірлеп жатыр. Осыған байланысты «Атамекен» ҰКП жергілікті жерлерде жөндеу-жаңғырту жұмыстарының орындалуына бақылауды күшейту мен өнеркәсіптік материалдарды сатып алу кезінде міндетті түрде елдегі құнды бағалауды және ескеруді ұсынып отыр. Әйтпегенде, бірталай тұстан ұтылуымыз әбден ықтимал.
– Елдегі бірнеше қалада Ресей компаниялары жылу электр стансасын салғалы жатыр. Олар уақыт талабына лайықты технологияны пайдаланып отыр ма? Жалпы, жылу электр стансаларын жаңартып, жаңғырту жұмысын қалай бағалайсыз?
– Белгілі болғандай, үш ЖЭО да көмірмен жұмыс істеуі керек. Егер бұл жылу электр стансалары суперкритикалық циклдар мен тиімді шығарындыларды тазарту жүйелері арқылы заманауи стандарттарға сай салынса, бұл қысқа мерзімді перспективада қолайлы шешім болуы мүмкін. Бірақ экологиялық және экономикалық тәуекелдерді есепке алмағанда, бұл шешім Қазақстанның халықаралық міндеттемелері және декарбонизацияға деген жаһандық үрдіс контекстінде ұзақ мерзімді проблемаларға әкеледі.
Негізгі аспектілерді қарастырайық. Біріншісі – технологиялық деңгей. Қазіргі заманғы көмірмен жұмыс істейтін электр стансалары тиімділікті арттыру және қоршаған ортаға келтірілген зиянды азайту үшін келесі технологияларды пайдалана алады: Аса критикалық және аса жоғары критикалық бу циклдары: Ол технологиялар 45%-дан жоғары тиімділікті қамтамасыз етеді. Бұл өндірілген энергия бірлігіне шаққандағы CO₂ шығарындыларын айтарлықтай төмендетеді. Одан кейінгісі – көміртекті ұстау және сақтау жүйелері (CCS): олар парниктік газдар шығарындыларын әжептәуір кемітуі мүмкін. Келесі – электросүзгілік тұндырғыштар және газ тазалау жүйелері: Қатты бөлшектерді 99%-ға дейін ұстап, күкірт пен азот шығарындыларын төмендетеді. Сонымен қатар үдерісті автоматтандыру бар, ол тиімділікті арттырады және жабдықтың тозуын азайтады. Егер жобаларда тиімділігі 40%-дан төмен дәстүрлі технологиялар қолданылса, бұл заманауи стандарттармен салыстырғанда кері қадам болып саналады.
Екіншісі – экологиялық аспект. Көмірмен жұмыс істейтін электр стансалары CO₂, SO₂ және қатты бөлшектер шығарындылары бойынша ең лас энергия көздерінің бірі. Париж келісімі бойынша көміртегі ізін азайтуды міндеттеген елімізге бұл көрсеткіштерді төмендету өте маңызды. Жоба шығарындыларды бақылаудың жетілдірілген жүйелерін қамтып, ЕО немесе кем дегенде ОЭСР стандарттарына сәйкес болуы керек (CO₂, SO₂ 150 г/кВт/сағ және қатты бөлшектер үшін 10 грамнан артық емес).
Үшіншісі – экономикалық тәуекелдер. Жобада осы ЖЭО қазандықтарын газға көшіру перспективасын қарастыру қажет. Десек те, көмірмен жұмыс істейтін жылу электр стансаларын салу – үлкен көлемдегі құрал-жабдықтар мен материалдарды қажет ететін ірі жоба. Сондықтан осы жобаларда отандық кәсіпорындардан құрал-жабдықтар сатып алу (қазандықтарды, құбырларды, сорғыларды, тазалау жүйелерін, автоматика және басқа тетіктерді жеткізу) керек. Сөйтіп, мүмкіндігінше отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету маңызды.
Төртіншісі – технологиялар трансферті. Ресейлік компаниялармен ынтымақтастық міндетті түрде технологиялар трансфертін қамтуы керек. Яғни құрал-жабдық өндірісін локализациялау мен жергілікті мамандарды даярлау мүмкіндігін қарастыру ләзім. Осы ұсыныстар мен келісімдер қолдау тапса, салада ілгерілеушілік болары анық.
– Сұхбатыңызға рахмет!