Сурет: swiftkod.ru
Көш басында – «Kaspi.kz»
Ең ірі салық төлеуші – «Kaspi.kz». 2023 жылдың қорытындысында олардың салық аударымдары 230 млрд теңгеден асқан. «Kaspi.kz» құрамына қызметін ел аумағында жүзеге асыратын 11 еншілес ұйым кіреді (шетелдік «еншілестері» белгілі себептермен есепке алынбады). Екінші орында – «Halyk Bank». Олар еншілес ұйымдарымен бірігіп былтыр 222 млрд теңге салық төлеген. «Kaspi.kz» пен «Halyk» төлеген салықтың жалпы сомасы 450 млрд теңгені немесе еліміздегі ең ірі 12 банк төлеген барлық салықтың 64%-ын құрады.
Үздік үштікті BCC тобы аяқтап тұр. «ЦентрКредит Банкі» және төрт «еншілесі» 64,6 млрд теңге берген. Алғашқы бестікке «Отбасы банк» (38,4 млрд теңге) және «Еуразиялық Банк» тобы (37,8 млрд теңге) кірді.
Қазандағы жағдай бойынша екінші деңгейдегі банк активтерінің сомасы бір жылда 21,4%-ға, 58,1 трлн теңгеге дейін өсті. Бес жылдық кезеңде активтер бірден 2,2 есе өсті. Сонымен қатар ЕДБ активтерінің елдің ішкі жалпы өніміне арақатынасы бір жылда 43,1%-дан 46,5%-ға дейін артты.
Салымдар 16%-ға ұлғайды
«Ranking.kz» сайтының мәлімдеуінше, бұл тұрғыда еліміздегі тек 14 банк оң динамика көрсеткен. Қалған 7 ЕДБ мұндай нәтижеге жете алмады. Биылғы қарашада бизнестің салымы 16,6 трлн теңгені құрады, бұл 2023 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 15,7%-ға көп. Бұл тұрғыда ЕДБ-ның барлығы өсім көрсете алмады: еліміздегі тек 14 банк оң динамика көрсетсе, 7 қаржы институты теріс көрсеткіштерге ие.
Заңды тұлғалар салымының өсімі бойынша «Bereke Bank» көшбасшы атанды, бір жылда қаржы 50,4%-ға, 770,8 млрд теңгеге дейін өсті. Екінші орынға «Шинхан Банк Қазақстан» орналасты: бір жылда салым мөлшері 46,8%-ға, 685,2 млрд теңгеге дейін өскен. Үздік үштікті «ForteBank» түйіндеді, салымдар 38,1%-ға, 1,9 трлн теңгеге дейін көбейді. Бизнес салымдарының өсімі бойынша алғашқы бестікке «ЦентрКредит Банкі» (+31,3%-ға) және «Kaspi Bank» (+29,1%) те енді.
Актив алға жылжыды
Биыл қараша айына қарай отандық банктердің активтері 58,5 трлн теңгеге жетті. Бұл бір ай бұрынғы көрсеткішке қарағанда 0,6%-ға көп. Көрсеткіштің жылдық өсімі – 20,8%. Активтерді ұстаушы банктердің үздік ондығы арасында айлық динамика бойынша 5 ЕДБ ғана оң көрсеткіш көрсетті, ал жалпы сектор бойынша тек 9 банк бар. Бір айлық өсімде «Bank RBK» көш бастап тұр. Өсім 3,8%-ға, 2,3 трлн теңгеге дейін артты. Бір жыл ішінде банк активтері бірден 28,1%-ға өсті. Қаржы институтының несие портфелі 1,3 трлн теңгеге жетті, бір айда 0,9%-ға, бір жылда 38%-ға ұлғайды. Банк кредиттерінің жалпы көлеміндегі NPL 90+ үлесі бар болғаны 3,1%-ды құрады (бір жыл бұрын – 3,3%).
Үздік ЕДБ арасында активтердің ай сайынғы өсімі бойынша екінші орынды «Kaspi Bank» иеленді өсім 3,3%-ға, 7,7 трлн теңгеге дейін артты. Осы кезеңде банктің несие портфелі 3,8%-ға көбейді. NPL 90+ үлесі – 4,9%. Үздік үштікті «ЦентрКредит Банкі» түйіндеді, актив қоржыны 2,7%-ға, 6,2 трлн теңгеге дейін толықты. Кредиттік портфелі бір айда 1,7%-ға өсті, ал ондағы NPL 90+ үлес салмағы 1,5%-ды құрады. Сондай-ақ «Halyk Bank» (1,4% өсіммен) және «Freedom Bank» (1% өсіммен) бір айда оң нәтижеге қол жеткізді. Активтер бойынша үздік ондыққа енбейтін ЕДБ арасында «Банк ВТБ Қазақстан», Қытай сауда өнеркәсіп банкі, «Нұрбанк» және «Home Credit Bank» ай сайынғы көрсеткіштер бойынша оң динамикаға шықты.
ЕДБ-ның жиынтық несие портфелі қараша айына қарай 33,8 трлн теңгеге жетті, бұл бір ай бұрынғы көрсеткішке қарағанда 1,2%-ға және бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда, 20,4%-ға көп.