– Набира ханым, биыл Мемлекеттік орталық музейде көптеген айшықты іс-шаралар өткенінен хабардармыз. Солардың ішінде Әлкей Марғұлан мен Кемел Ақышевтің мерейтойларына орай ұйымдастырылған көрмелер көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Көрме өткізудегі мақсат-міндеттеріңіз қандай болды?
– Тағы бір жыл тарих қойнына сүңгіп барады. Бұл жыл жалпы қазақ тарихы үшін айтулы жыл болды деп айтқан болар едім. Тарихқа өрнек салған мол-мұраларымызды зерттеп-зерделеген, бүгінге жеткізген әрі кейінгі зерттеушілер үшін даңғыл жол салып берген қос алып Әлкей Марғұлан мен Кемел Ақышев қазақ тарихындағы қайталанбас тұлғалар. Ол кісілерді бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын егіз ұғым деп атауымызға болады. Себебі екеуі де ұлттық мәдениет пен ғылымның өрістеуіне өлшеусіз үлес қосты. Сондықтан қайраткер тұлғаларымыздың мерейлі жылдары жай науқаншылдық үшін емес, жас ұрпаққа тағылым беретін, тарихқа құрмет жасап, өткенге салауат айтатын бірегей жобалармен есте қалса дедік. Мемлекеттік Орталық музейде олардың шығармашылығы мен өмір тынысына қатысты көптеген жәдігерлер сақтаулы тұр. Аталған мұраларды көпшілік назарына ұсына отырып, жас ізденушілерге тың тақырыптарға жол ашылса деген мақсатымыз болғаны рас. Ең бастысы көрмеге келген көрерменге бұл мұралардың ғылыми тұжырымдамасын танытқымыз келді. Бұл ойымыз белгілі бір деңгейде өз межесіне жетті деп ойлаймын.
– Енді осы көрмелерге жекелей тоқталып өтсек. Мемлекеттік орталық музейде көрнекті ғалым, археолог Кемел Ақышевтің нендей мұралары сақтаулы тұр?
– Өзіңіз айтқандай, «Қазақстан археологиясының темірқазығы» деп аталған көрмеде ғалымның шығармашылық мұрасы мен тіршілігінде тұтынған жеке заттары көпшілік назарына ұсынылды. Көрме музейдің археология, этнография, фотоқұжаттар қорында сақталған бірегей жәдігерлер негізінде жасақталған. Орталық музейде Кемел Ақышевтің шығармашылығы мен өмір жолына қатысты 160-тан астам экспонат бар. Ғалым өміріндегі басты оқиғаларды бейнелейтін фотосуреттер мен марапаттар маңызды жәдігерлер санатында. Қазақстан археологиясының тарихы К.Ақышевтің есімімен тығыз байланысты десек, ел аумағында жүргізілген ең ауқымды археологиялық қазба жұмыстарында табылған таңдаулы жәдігерлер ғалымның табанды ізденісінің жемісі. К.Ақышев 1951-1952 жылдары басқарған Нұра экспедициясының Нұра, Шерубай-Нұра, Жақсы мен Жаман, Сарысу өзендері аңғарларындағы қорымдардан жиналған материалдар, Жетісу аумағындағы үйсіндердің материалдық мәдениетін бейнелеуге, оның эволюциясын бақылауға мүмкіндік беретін ескерткіштерден жинастырылған жәдігерлер, Бесшатыр қорғанындағы жерлеу орнынан алынған Тянь-Шань шыршасының бірнеше бөренелері де экспозиция төрінен орын алды.
Әсіресе 1956-1991 жылдардағы Жетісу археологиялық экспедициясының материалдары айрықша мәнге ие. Сақтардың Сарытоғай қонысынан алынған материалдар (б.з. I-III ғғ.), 1985 жылы түсірілген қыстаулардың топографиялық жобалары, суару құрылыстары, су диірмендері, ірі тас блоктардан жасалған қоршаулардың суреттері, әртүрлі кезеңге жататын Сұлу Қоян қорымының қазба материалдары, 1982 жылдың көктемінде Шеңгелді ауылының шетінен анықталған XIII-XIV ғасырларда өмір сүрген белгісіз Шыңғыс әулеті билеушісінің жерлеу орнына қатысты жәдігерлерді де көрме қонақтары тамашалады. Отандық гуманитарлық ғылымның дамуына және әлемдік мәдениетке зор үлес қосып, музей қорын баға жетпес қазыналармен байытқан Кемел Ақышевтің тұлғасы мен шығармашылық мұрасы жас ізденушілер үшін үлкен зерттеулерге сұранып тұрған мазмұнды тақырып екенін атап өтуіміз керек. Сонымен қатар, шараға тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Жәкен Таймағамбетов, тарих ғылымдарының докторы Александр Подушкин, ғалымның қызы Зарина Кемалқызы қатысып, қайраткер ғалымның еңбек жолы мен өміріне қатысты тың естеліктермен бөлісті.
Елімізде «Мәдени мұра» бағдарламасы бастау алған тұста ғалымның ұлы Әлішер Кемалұлымен музейде тығыз жұмыс істедік. Ол кісі әкесінің жеке заттарын, экспедицияға алып барған дүниелерін, өзі киген киім-кешектерін, соғыс ардагері ретінде алған марапаттарын, ғылыми еңбектерін музей қорына табыс еткен. Қазір жылдан-жылға ауа-райының түрлі жағдайларына байланысты дала ескерткіштері жойылып бара жатыр. Ақышев мұралары солардың бәріне терең көзқараспен үңілуге бағыт-бағдар беретін негіздемелер жасады. Мұны зерттеп-зерделеймін дейтін ғалымдарға тақырыптар жетіп артылады.
– Білуімізше, академик Әлкей Марғұланның мерейтойына арналған «Ғылымның марғасқасы – Марғұлан» деп аталған іс-шараны көшпелі көрме ретінде ғалымның туған жерінде өткізіп қайттыңыздар. Бұған не себеп болды?
– Иә, көрмені ғалымның туған жері Павлодарда, өзінің есімімен аталатын оқу ордасының қабырғасында өткізуіміздің өзіндік символикалық мәні бар. Оның үстіне ғалымның туған жерінде жыл сайын «Марғұлан оқулары» деп аталған ғылыми-практикалық конференция өтіп, тұтас ел археологтары сол алаңда тоғысады. Көрмені сонда арнайы алып бардық әрі ғылыми конференцияға қатыстық. Туған жерінің жастары, жас ізденушілер ғалымның қолтаңбасы қалған мұраларды өз көзімен көрсе деген мақсатымыз болды. 1980 жылдары ғалымның қызы Дәнел апай, біздің музейдің қорына ол кісінің бірқатар жеке заттарын тапсырған. Олардың ішінде ғалым дала жұмыстарына өзімен бірге алып барған ағаштан жасалған, сырты былғарымен қапталған жәшігі, аяғына киген 42-ші өлшемдегі былғары бәтіңкесі бар. Одан бөлек өз қолымен жазған «Дала экспедициясы» күнделігін музейдің аса құнды жәдігерлерінің бірі деп білеміз.
Әлкей Марғұлан – бір басына сан түрлі санаткерлік тоғысқан тұлға. Қазақстан археологиясының қалыптасуы өмірі мен шығармашылығы, тікелей алғанда, ұлттық археология – этнография мектептері тарихының қалыптасу-даму үдерісі оның есімімен тығыз байланысты. Көрмеде фотосуреттер, академик Әлкей Марғұланның жеке заттары, құжаттар, марапат белгілері және ғалымның ғылыми-зертеу, ұйымдастырушылық қызметін әрі Қазақстан археологиясының дамуына қосқан үлесін айғақтайтын музей қорынан алынған материалдар ұсынылды. Сондай-ақ, көрермен Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының ізденістері барысында жиналған неолит және қола заманының артефактілерімен қауышты. Орталық Қазақстан экспедициясының соңғы жылдардағы зерттеулерімен Атасу, Ақмая, Мыржық қоныстарынан табылған заттар арқылы танысты. Ерте темір ғасырының ескерткіштерінде тасмола мәдениетінің артефактілері бар. Ғалымның орта ғасырлар тарихын зерттеудегі табыстарын Нұра өзені маңындағы қорымдардан, Отырар төбе қалаларындағы қазбалардан жиналған дүниелер, орта ғасырлардағы құрылыс-сәулет өнерінің ескерткіштері – түрлі ғимараттар макеттері аңғартады. Көрмедегі этнографиялық материалдар терең тамырлы мәдени мұраның айғағы. Көрме экспозициясын түрлі материалдар: қазба жұмыстарының панорамасы, жартас бетіндегі суреттер, археологиялық ескерткіштердің фотосуреттері, сондай-ақ Әлкей Марғұлан жайлы басқа ғалымдардың ой-толғаулары толықтырды.
Ғалымның айтулы зерттеу жұмыстары археология, этнография, филология, қазақ халқының мәдениеті, өнер тарихы сияқты түрлі салаларды қамтыды. Ол өткен ғасырдың 40 жылдарынан бастап Қазақстан аумағындағы археологиялық ескерткіштерді іздестіріп, зерттеу шараларын қолға алды. Жетісу, Оңтүстік, Батыс Қазақстан жеріндегі ежелгі қала мәдениетінің орындарын анықтап Отырар, Тараз, Сауран, Сығанақ, Сарайшық сияқты гүлденген отырықшы тұрмыс орталықтарының болғанын дәлелдеді.
Қола дәуіріндегі ежелгі көшпелілердің материалдық мәдениетінің ескерткіштерін іздестіру, зерттеу жұмыстарына Ә. Марғұлан 30 жыл бойы жетекшілік еткен. Академик қола дәуірінде Орталық Қазақстан ірі өркениет ошағы болып мұнда бірегей беғазы-дәндібай мәдениеті қалыптасқанын да ғылыми негізде дәлелдеп шықты.
– ҚР Мемлекеттік орталық музейдің жәдігерлік қоры, өзіңіз жетекшілік ететін археология бөлімінің келер жылға арналған жоспары туралы айтып өтсеңіз?
– Музейдің археология бөлімінде 30 мың сақтам бірлікке жуық материал бар. Біле-білген адамға ғылымның нағыз ордасы – музей қоры. Мұның бәрі үш тілде кезең-кезеңімен цифрлы форматқа көшірілді. Қажет мәліметті компьютер арқылы теріп, оңай тауып аламыз. Жыл сайын музей қоры кемі 200-ден астам экспонатпен толығып отырады. Биыл ғылыми институт ретінде Ғылым және жоғары білім министрлігіне 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми жоба ұсындық. Бұл жоба негізінен Кеген алқабында орналасқан ескерткіштерді зерттеуге бағытталған. Бұл тақырыпқа тек археологиялық тұрғыдан емес, археология-этнографиялық тұрғыдан келсек дейміз. Егер біз ерте темір кезеңінің қонысын зерттейтін болсақ, неге біз қазақтың қыстауы мен жайлауын зерттемейміз? Олардың ортасындағы байланысты неге қарамаймыз... Ә.Марғұлан, К.Ақышев секілді ғалымдарымыз соның бастау бұлағын бізге көрсетіп берді, оны ары қарай жалғау кейінгілерге жүктелетін жауапты міндет.
– Әңгімеңізге рахмет!