Фото: istockphoto.com
Халық АЭС құрылысын қолдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазіргі әлемде энергия тапшылығының күшейіп бара жатқанын ескере отырып, атом энергетикасын дамытуға баса мән беру керегіне тоқталған еді. Президент 2024 жылғы Жолдауында 6 қазанда атом электр стансасын салу бойынша жалпыхалықтық референдум өтетінін мәлімдеді.
Референдумның қорытындысына сәйкес, халықтың 71,12%-ы АЭС құрылысын қолдады. Референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 12 миллион 284 мың 487 адамды құраған. Дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны 7 миллион 820 мың 204 адамды немесе референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар санының 63,66%-ын құрады. Референдумға шығарылған мәселені оң шешуге дауыс берген азаматтардың саны 5 миллион 561 мың 937 адамды немесе 71,12%-ды құрады.
Президенттің Қазақстанда атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерделеу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында реакторлық технологияларды таңдау бойынша бұрын жүргізілген зерттеулерді өзектендіру, атом электр станциясының қуаты мен құрылыс ауданын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілген.
Жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша атом электр станциясы құрылысының ең қолайлы ауданы ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылының аумағы таңдалды.
Айта кетейік, бүгінде 31 ел атом электр станциясын пайдаланады. Қазір әлемде 439 энергетикалық реактор жұмыс істейді. 19 ел 62 реактор салу сатысында тұр. Атом энергетикасы әлемдегі электр энергиясының жалпы генерациясының 10%-ын құрайды. Еуроодақ атом энергетикасын «жасыл» технологияға теңестірді. Енді 15-20 жылда АЭС қызметі барынша жанданатыны күмән тудырмайды.
Төртжылдықтың басты бәсекесі
Биыл Франция астанасы Парижде жазғы Олимпиада ойындары өткені мәлім.
Төртжылдықтың басты бәсекесінде Қазақстан ұлттық құрамасы 7 жүлдеге қол жеткізді. Қоржынымызға 1 алтын, 3 күміс және 3 қола жүлде салынды. Осылайша, ел құрамасы жалпыкомандалық есепте 43-ші орынға тұрақтады.
Дзюдодан 60 келіде Елдос Сметов олимпиада чемпионы атанды.
Күміс медальды спорттық гимнастикадан Нариман Құрбанов (тұғырлы ат жаттығуы), грек-рим күресінен Демеу Жадыраев (77 келі) және боксшы Нұрбек Оралбай (80 келі) иеленді.
Қола жүлдені нысана көздеуден командалық жарыста Ислам Сатпаев пен Александра Ле (тапаншамен 10 метрден ату), дзюдодан Ғұсман Қырғызбаев (66 келі) және бокстан Назым Қызайбай (51 келі) жеңіп алды.
Айта кетейік, Париждегі жазғы Олимпиадада Қазақстан құрамасының 80 атлеті 25 спорт түрінен сынға түсті. Соның ішінде 54-і алғаш рет Олимпиадаға қатысты. Атлеттер саны жағынан еліміз жалпы есепте 38-орынға жайғасты.
XXXIII ойындардың жабылу рәсімі «Стад де Франс» стадионында өтіп, Қазақстан туын көркем гимнастика шебері Эльжана Таниева мен таеквондошы Батырхан Төлеуғали ұстап шықты. Екі спортшы да 18 жаста және биыл Олимпиадаға алғаш рет қатысты.
Кеш барысында Олимпия ойындарының туы келесі бәсекенің астанасы Лос-Анджелес қаласына табысталды.
Ұлы дала дүбірі
2024 жылдың 8-13 қыркүйек аралығында ел ордамыз Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтті. Дүбірлі додаға 90-ға жуық мемлекеттен 2500-ден астам спортшы қатысып, 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығын сарапқа салынды.
Байрақты бәсекеде ұлттық құрама спортшылары 43 алтын, 32 күміс, 37 қола (жалпы 112 медаль) жүлде олжалап, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, дүбірлі дода аясында күрестен өткен жарыста әлемнің 44 елінен 294 палуан бақ сынаған. Жүлде алған елдер қатарында көрші мемлекеттерден бөлек, Еуропа палуандары да бар. Атап айтқанда, қазақ күресінен белдесулерде Италия, Польша, Мажарстан, Нидерланд спортшылары жүлдеге қол жеткізген.
Ең қызығы Ұлы даланы дүбірге бөлеген 5-ші Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында ең көп көрермен көкпар мен көкбөрі жарыстарына келген. «Қазанат» ипподромында өткен екі сайыстың да финалдық бәсекесін 20 мың (әр финалға 10 000 көрермен келді) жанкүйер тамашалаған.
Сонымен қатар Қазақстан құрамасының спортшыларын есепке алмағанда, биылғы ойындарға ең көп спортшыны Қырғызстан құрамасы қосты (172 спортшы).
Тағы бір айта кетерлік жайт, алты күнгі аламанға қатысқан ең жас спортшы - Хамза Амангелді. Аламан бәйгеде бақ сынаған Хамза небәрі 10 жаста. Ал ең егде спортшы - 80 жастағы испаниялық Соледад Хименес Каррион. Ол дәстүрлі садақ ату сайысында өнер көрсеткен.
Дүбірлі доданың өтуіне 1600 ерікті көмек көрсеткен. Оның ішінде 20 шетелдік ерікті болған.
Шанхай ондығы Астанада бас қосты
Биылғы айтулы саяси оқиғалардың бірі - Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті.
Айта кетейік, Қазақстан 2023 жылғы 5 шілдеден 2024 жылғы 5 шілдеге дейін Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметіне төралық етті. Жалпы Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылы құрылған еді. Оның негізі 1996 жылы «Шанхай бестігі» ретінде қаланды. Бүгінде ол көпсалалы және көпфункционалды ұйымға айналды.
Қазақстан ШЫҰ құрылғалы бері ұйымға төрт рет төрағалық еткен (2004, 2010, 2016 жылдар және 2023 жылдың шілдесінен биылға дейін).
Биыл саммит алғаш рет жаңа «ШЫҰ+» форматында ұйымдастырылғанын айта кету керек. Оған сәйкес ұйымның жоғарғы органы – ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысынан бөлек, бақылаушы және серіктес мәртебесін алған мемлекеттер басшыларымен кездесу өтеді. Халықаралық іс-шараға Қазақстан, Үндістан, Қытай, Иран, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Моңғолия, Әзербайжан, Қатар, БАӘ, Түркия және Түркіменстанның мемлекет және үкімет басшылары, ШЫҰ бас хатшысы және ШЫҰ Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының атқарушы директоры қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық аренадағы рөліне айрықша тоқталды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы мәдени орталықтар құру, жастарды тарту, ШЫҰ университеттерін кеңейту және студенттерге, әсіресе техникалық салаларда гранттарды көбейту арқылы мәдени және гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуды алға тартты.
ШЫҰ мемлекеттер басшыларының 24-ші саммитінде Астана декларациясы қабылданды. Декларацияда ұйымның неғұрлым өкілетті, демократиялық, әділ және көпполярлы әлемдік тәртіпті құруға бейілдігі атап өтілген. Астана декларациясына сәйкес, ұйым аясындағы ынтымақтастық Еуразиядағы тең құқықты және бөлінбейтін қауіпсіздік архитектурасына негіз бола алады.
Қытайдың Циндао қаласы 2025 жылғы Шанхай Ынтымақтастық ұйымының мәдени астанасы атанды. Сондай-ақ ШЫҰ төрағалығы Қытайға өтті.
Резонанс тудырған сот процесі
Жұрт арасында дүрбелең тудырып, әлем назарын өзіне қаратқан сот процестерінің бірі - Қуандық Бишімбаев ісі. Оның ашық онлайн форматта ұйымдастырылуы қоғам назарын аударып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңдардың қабылдануына ықпал етті.
Айта кетейік, бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатігездікпен ұрып өлтіргені үшін 24 жылға сотталды. Бұл іс алқабилердің қатысуымен қаралды. Қазір ол жазасын максималды қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесінде өтеп отыр.
Аталған іс қоғамда үлкен резонанс тудырғаны белгілі. Ал ашық форматта өткен сот процесінің әр сәті көпшілік есінде. Әлем көз тіккен қылмыстық істен еліміз белгілі бір қорытынды жасап, әйелдердің қоғамдағы қауіпсіздігі мәселесіне жаңа қырынан қарай бастады. Дәлірек айтқанда, әйелдердің құқығы мен қауіпсіздігін арттыру, тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейін азайту мақсатында тиісті заңдар қабылданып, қолданысқа енгізілді.
Бірыңғай уақыт белдеуі
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 19 қаңтардағы №20 қаулысына сәйкес «Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы» 2024 жылғы 29 ақпаннан 2024 жылғы 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) уақытты 1 сағатқа артқа ауыстыруды көздейтін өзгерістер енгізілді.
Осылайша, 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні еліміз бірыңғай уақыт белдеуіне көшіп, сағат тілі бір сағатқа артқа жылжыды.
Бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты көпшіліктің пікірі сан түрлі. Тақырыпты зерттеп-зерделеген ғалымдар қазіргі бірыңғай уақыт белдеуінің денсаулыққа кері әсері жоғына дәлел-дәйек келтірсе, кейбір өңірдің тұрғындары кештің ерте бататынына алаңдап отыр.
«Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Үкімет мүшелерінің қатысуымен өткен фракцияның кеңейтілген отырысында бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты ғылыми зерттеу жұмысын келер жылғы наурызға дейін аяқтауды ұсынды. Мәжіліс спикері уақыт белдеуін өзгерту қоғамда жиі талқыланатын тақырыптың бірі болған соң, шешімді алдын ала егжей-тегжей талдап, талқылап барып қабылдау керегін айтты. Қазірде зерттеу жұмыстары мен ақпараттандыру саясаты қатар жүріп жатыр.
Экологиялық мәселенің ұтымды шешімі
«Таза Қазақстан» экологиялық науқаны басталғалы оған 3,5 миллионға жуық адам қатысып, белсенділік танытқан. Нәтижесінде ел аумағындағы 1 млн 700 мыңнан астам аула тазаланып, бағдарлама аясында 1,4 миллион тонна қоқыс жиналды. Сондай-ақ республиканың түкпір-түкпірінде 3 млн түп көшет отырғызылған.
«Таза Қазақстан» республикалық экоакциясы ел аумағын көгалдандырып, абаттандыруды, сенбіліктер ұйымдастырып, экологиялық жағдайды жақсартуды міндет еткен.
Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясы аясында заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау бойынша рейдтер жүргізілді. Аумақтық экология департаменттерімен және жергілікті билік органдарымен бірлесіп көптеген қоқыс орны жойылды.
«Таза ауа» рейдтері барысында 482 автокөлік тексеріліп, экологиялық стандарттарды бұзудың 105 фактісі анықталды. 96 жүргізушіге айыппұл мен ескерту түріндегі әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылды. Бұл шаралар экологиялық нормаларды сақтаудың маңызды екенін көрсетеді, жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттырды.
Жобаның ерекше жетістігі – азаматтарға экология саласындағы проблемалар туралы хабарлауға және оларды шешуге қатысуға мүмкіндік беретін @TazaQazBot цифрлық платформасының құрылуы.
Осылайша, бір жыл ішінде чат-бот арқылы 7 929 өтінім келіп түсті. Олардың ішінде 7 061 өтінім орындалды, 168-і орындалу сатысында, 23-і өңделуде және 674 өтінім жойылды.
Ұлттық мейрамның жаңа сипаты
Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде Наурызнама тұжырымдамасы бекітілді. Аталған тұжырымдама негізінде Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамы елімізде 14 наурыздан бастап тойланатын болды. Көрісу күнінен бастау алатын мерекелік іс-шаралар 23 наурызға дейін жалғасады. Әрбір күн белгілі бір тақырыптық негізге бекітілген. Ең бастысы, он күн бойы өтетін салтанат ізгі амалдарға, мәдени сауық кештер мен әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді дәріптеуге арналған.
Жаңа тұжырымдаманың мақсаты — Наурыз туралы бұған дейін қалыптасқан түсінікті түбегейлі өзгерту емес, көне мерекенің бастапқы мәнін қайтарып, оның қыр-сырын толық ашу. Мейрамның түп мәні — қоғамның бірлігі мен сергектігін арттырып, әр адамды ел мүддесіне пайдалы іс тындыруға ынталандыру.
Жаңа тұжырымдама аясындағы іс-шаралар 10 күн қатарынан өткізіледі:
- 14 наурыз – Көрісу күні - Амал мерекесі
- 15 наурыз – Қайырымдылық күні
- 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні
- 17 наурыз – Шаңырақ күні
- 18 наурыз – Ұлттық киім күні
- 19 наурыз – Жаңару күні
- 20 наурыз – Ұлттық спорт күні
- 21 наурыз – Ынтымақ күні
- 22 наурыз – Жыл басы
- 23 наурыз – Тазару күні
Су тасқынының ауыр зардабы
Биыл көктемгі су тасқынына байланысты Қазақстанда төтенше жағдай жарияланған еді.
2024 жылғы су тасқыны елімізде соңғы 80 жылда орын алған ең ірі су тасқыны болды. Мыңдаған адам баспанасыз қалды, апат салдарынан қираған инфрақұрылым ауқымды қалпына келтіру жұмыстарын қажет етті. Алайда, мемлекеттік құрылымдар, гуманитарлық ұйымдар мен жеке сектор арасындағы нақты үйлестіру мен үйлестірілген жұмыс нәтижесінде Үкімет апаттың салдарын барынша азайтып, зардап шеккендерге жедел көмек көрсете алды.
Үкімет тарапынан 2024 жылғы су тасқыны салдарынан мүлкі зақымданған азаматтарға жан-жақты көмек көрсетілді. Өңірлерде тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар және инфрақұрылым салу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Мәселен, 36 455 отбасына жалпы сомасы 13,3 млрд теңге, 100 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. 21 876 отбасына 9,9 млрд теңге көлемінде 150 АЕК-ке дейінгі өтемақы төленді. Биыл төтенше жағдай жарияланған су басқан аймақтарда атаулы әлеуметтік көмек төлеу отбасылардың материалдық жағдайын жергілікті комиссияның тексеруінсіз автоматты түрде ІІІ тоқсанға ұзартылды. Мұндай шешім нәтижесінде 3,6 мың отбасына 655,7 млн теңге көлеміндегі АӘК төлемі тағайындалды.
Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде комиссиялар азаматтардың жалғыз баспанасы болған 19 359 су басқан үй мен саяжай құрылыстарын тексерді. Оларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жылжымайтын мүлік нарығынан 5 767 тұрғын үй сатып алынды. Жөндеу жұмыстары 9 156 үйде 100% аяқталды. Бұл мақсаттарға барлығы 54,7 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ қысқа мерзімде 64 млрд теңгеге халық үшін 2 680 жеке тұрғын үй салынды.
Биыл Үкімет резервінен 42,5 млрд теңге бөлінді. Оның 400 млн теңгесі зардап шеккен отбасыларға Қостанай облысының Арқалық қаласынан 31 пәтер сатып алуға бағытталды. 1,4 млрд теңге – Қостанай облысының Арқалық қаласындағы, Амангелді және Жангелді аудандарындағы «Қостанайюжэлектросервис» КМК электр желілерін қалпына келтіру бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуге; 1,1 млрд теңге – Батыс Қазақстан облысындағы жоғары вольтты электр желілерін күрделі жөндеуге; 22,7 млрд теңге – Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жол инфрақұрылымын қалпына келтіруге жұмсалды.
Сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе, Қостанай облыстарында білім беру нысандарын салуға және жөндеу жұмыстарына – 7,5 млрд теңге; Солтүстік Қазақстан облысында инженерлік инфрақұрылым жобасын іске асыруға – 2,9 млрд теңге, атап айтқанда, Универсальная көшесі бойында «РТЖ» ААҚ темір жолдары арқылы өтетін автожол өткелін салуға бөлінді. 600 млн теңге – Ақмола облысында 7 сумен жабдықтау нысанын жөндеуге, 5,9 млрд теңге – Атырау облысындағы жолдарды қалпына келтіруге бағытталды.
ШОБ субъектілеріне келтірілген залалды өтеу үшін 12,1 млрд теңге бөлінді. Зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілеріне толық төлем жасау мақсатында «Демеу» корпоративтік қорынан Атырау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына 2,5 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлу мәселесі пысықталды. Аталған қаражат есебінен ШОБ субъектілерінің 40 өтініші бойынша шығын өтелді. Жалпы, өңірлік комиссиялар 14,6 млрд теңгеге 734 кәсіпкерлік өтінімді мақұлдады.
Мал шығыны үшін мемлекет тарапынан көрсетілген көмек көлемі 2,8 млрд теңгеден асты.
Ұлттық қор - жарқын болашақ бастауы
Жылдың жағымды жаңалықтарының бірі «Ұлттық қор – балаларға» жобасының негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты қолдау және оларға ұлттық жинақ есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе білім алуға мүмкіндік беру.
Жоба аясында балаларға бағдарламаға қатысқан әрбір жылы үшін жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың басында Ұлттық қордан инвестициялық кірісті қоса алғанда, нысаналы талаптар түріндегі қаражат есептеліп отырады. Бұл бала 18 жасқа толғанға дейін жалғасады.
Бала 18 жасқа толған жылы нысаналы жинақтарды тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе білім алу ақысын төлеу мақсатында пайдалану құқығына ие болады.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының қатысушылары ретінде қоса алғанда 01.01.2006 ж. бастап 31.12.2023 ж. туған Қазақстан Республикасының азаматтары болып есептелетін балалар тіркелді. Келесі жылдары туған балалар да автоматты түрде бағдарламаның қатысушысы болып бекітіледі.
2024 жылдың 1 ақпанында Қазақстан азаматы болып есептелетін барлық бала үшін БЖЗҚ-ға Ұлттық қордан алғашқы қаржы аударылған. Сол кезде бағдарламаға қатысушылар саны 6 919 131 болған. Айта кетейік, ақшаны тұрғын үйге немесе білім алуға жұмсауға болады.