Біздің кейіпкеріміз 2016–2020 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті биофизика және биомедицина кафедрасы меңгерушісінің ғылым жөніндегі орынбасары болды. Осы қызметінде жүріп, биомедицина зертханасында дәрілік өсімдіктердің уыттылығын, жануарлар қанына әсерін және биологиялық іргелі зерттеулер нәтижелерінің биологияны оқытуда пайдаланудың ерекшелігін зерттеді. Сондай-ақ Тянь-Шань тауында өсетін, өндірісте игеруге перспективті «Ranunculus L.» туысының 3 дәрілік өсімдік түрін кешенді зерттеу» жобасына жетекшілік етті.
Әлібек Ыдырыс 2020 жылы Президенттік Жастар кадр резервіне өтіп, Биомедицина ғылыми зерттеу орталығының директоры болып тағайындалды. Бұл ғылыми орталық биомедицинаға байланысты оқу-әдістемелік материалды дайындаумен қатар, еліміздегі биомедицина саласын дамытады. Әсіресе ғылыми зерттеу жұмысын жүргізу мен биомедицина бағытында білім беру бағдарламасының іске асуына зор үлес қосып отыр.
Жас ғалымның жетекшілігімен биомедициналық ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстың нәтижелерін талдау және денсаулықты сақтауға қажетті жаңа өнімдерді әзірлеу жұмыстары жүргізілді. Қазір оны медицина саласына енгізу жақсы нәтиже көрсетті. Ерекше атап айтарлығы, осы жұмыс тобының құзыреті аясында халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытына назар аударылды. Соның нәтижесінде, орталық құрылғаннан бері құны 70 миллионнан асатын құрал-жабдықпен қамтылды.
Ә.Ыдырыc 2022–2023 жылдары Джордж Вашингтон университетінде «Болашақ» бағдарламасымен тағылымдамадан өтіп, біліктілігін арттырып келді. Бүгінде ол 2024–2026 жылдарға арналған «AP23484931» жоба жетекшілігімен бірге, бірнеше халықаралық және отандық жобалардың орындаушысы қызметін қоса атқарады. Сонымен қатар «Scopus» базасына кіретін «ES Food & Agroforestry» (97%) журналының көмекші редакторы, бірнеше «Web of Science» және «Scopus» дерекқорына кіретін басылымдардың рецензенті. Оның ғылыми жетекшілігімен 18 магистрант, 7 бакалавр ғылыми жұмыстарын табысты қорғады.
Қазірге дейін оның ғылыми жұмысы 120-ден астам басылып шығарылған жұмыста көрсетілген. Ал соңғы 5 жылда алпыстан астам ғылыми еңбектің авторы атанды. Атап айтсақ, оның қажырлы еңбегінің арқасында 31 мақаласы «Scopus» базасына еніп, ағылшын тіліндегі бір оқу-әдістемелік құралы (Methods of teaching biology» educational-methodical manual), 2 монографиясы (Сирек кездесетін, эндемдік өсімдіктер: табиғи популяциялары, жедел уыттылығы және фармацевтикалық перспективтілгі) жарық көрді. Ә.Ыдырыстың ғылыми зерттеу жұмысының негізгі қағидалары және зерттеу нәтижелері көптеген ғылыми конференцияда талқыланды. Биыл жариялаған «Киіз шоңайна өсімдігінің медициналық қолданылуы және химиялық құрамына шолу» тақырыбындағы мақаласы «Engineered Science» баспасы тарапынан «Жылдың үздік мақаласы» сыйлығын иеленді. Ғалымның айтуынша, бұл мақалада халқымыз медицинасында ежелден пайдаланып келе жатқан киіз шоңайна (ошаған) өсімдігінің фитохимиялық және биологиялық қызметтеріне қатысты өзекті де маңызды ғылыми деректер ұсынылған. Әсіресе осы өсімдіктің ісікке қарсы, гепатопротекторлық, диабетке қарсы белсенділігін зерттеуге назар аударған. Осыған байланысты бұл шолу киіз шоңайнаның дәрілік қолданылуы, химиялық құрамы, фармакологиялық қасиеттері, қауіпсіздік профилі туралы жаңа түсініктерді көрсете отырып, оның клиникалық құндылығын мұқият бағалау үшін болашақта жасалатын зерттеулерге жол ашады.
Бір сөзбен айтсақ, Ә. Ыдырыстың зерттеулері ғылыми және технологиялық қажеттілікті қанағаттандырып қана қоймай, сонымен қатар денсаулық сақтау, экономика, тұрақты тәжірибедегі ұлттық және халықаралық жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді.