Қаржы • Кеше

Қайтарылған активтердің де қайыры бар

82 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қаңтар оқиғасынан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару ісі қолға алынды. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар жемісін беріп, заңсыз активтерді мемлекетке қайтару жұмысы жандана түскен. Бұл бастама Әділетті Қазақстан қалыптастыру мақсатында іргелі істердің бірі болып отыр. Ал осы жұмысты заңды әрі жүйелі, табанды түрде атқару үшін Парламент «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң қабылдап, оған Президент қол қойған.

Қайтарылған активтердің де қайыры бар

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Аталған заң нормаларына сәйкес қайтару тетіктері ірі сы­бай­лас жемқорлық субъектіле­ріне және әкімшілік-билік ресурстарына (байланыстары, ықпалы) бір табан жақын, сыбайлас олигополиялық топтарға қолданылады. Яғни иелі­гіңдегі активтерің заңда белгіленген шекті сома – 13 млн АЕК-тен асатын (44 млрд 850 млн теңге немесе шамамен 100 млн доллар) болса, онда активтерді қайтару жұмыстарын жүзеге асыратын арнаулы уәкілетті органның кү­дігіне қаласың. Егер қайтаруың тиіс күмәнді активтеріңді дә­лелдей алмасаң, оны не ерікті түрде мемлекетке өткізуің керек, егер ондай «жомарттыққа» бара алмасаң, уәкілетті орган заң тетіктері арқылы мәжбүрлі түрде қайтарады. Сондай-ақ жемқорлық фактісімен істі болып, дүние-мүлкің тәркіленіп, ол да осы заң аясында Қайтарылған активтерді басқару компаниясына беріледі. Ал ол қыруар қаражаттың бір бөлігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаевтың 2022 жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Бере­ке­лі қоғам» атты Жолдауында айтыл­ғандай жемқорлар соттал­ғанда, олардың заңсыз тапқан қаржы­сы мемлекетке өтіп, түгел­дей мек­теп құрылысына жұм­салуға тиіс. Прези­дент Жолдауда Үкіметке осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керектігін тапсырған.

Осы мақсатта елімізде «Қайта­рылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС құрылған. Се­ріктестік балансындағы активтер бү­гінде заң аясында игеріліп отыр. Компанияның бас директоры Қуанышбек Мұқаш ұйым­дастырушылық-құқықтық нысанын ЖШС ретінде таңдау басқа­ру және активтерді жүзеге асыру процес­терінде барынша икемді­лік пен тиімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтты.

– Бұл қайтарылатын актив­тердің әртүрлі болуымен байланысты. Оған зергерлік бұйым­дардан бастап жұмыс іс­теп тұр­ған кәсіпорындарға дейін­гі объектілер кіреді. Әрбір ак­тив­ті тиімді басқару және жү­зеге асыру үшін жеке тәсіл қа­жет. Құрылған күнінен бастап басқарушы компанияның балансына жалпы құны 89,9 млрд теңге болатын 70 түрлі актив – тұрғын және коммерциялық жылжымайтын мүлік, өндірістік базалар, компаниялардың жар­ғылық капиталындағы үлес­тер, аяқталмаған құрылыс нысан­дары, жер учаскелері, автокө­ліктер, тауар-материалдық құн­ды­лықтар, негізгі құралдар және 196 зергерлік бұйым берілді, – дейді Қ.Мұқаш.

Оның айтуынша, қайтарылған активтерді басқару компаниясы Қазақстан аумағында орналас­қан активтерді «Е-Qazyna» электрондық сауда алаңы арқылы сатады.

– Жалпы сомасы 12,6 млрд теңгені құрайтын 9 актив сатыл­ды. Шетелде Біріккен Араб Әмір­ліктерінде 2 автокөлік және Түр­киядағы 3 жылжымайтын мүлік нысаны 4,4 млрд теңгеге сатылды. Егер активті өткізу мүмкін болмаса, Басқарушы компания активтерді басқарудың бірнеше балама әдістерін қолданады. Яғни жылжымайтын мүлікті мүліктік жалға беруге де болады. Мұндай әдістен түскен кіріс 276,6 млн теңгені құрады. Сонымен қатар Басқарушы компания «Думан» қонақүй кешенін, сондай-ақ «Жаркент Су» ЖШС, «Тұлпар» ЖШС және «Көтерме-бөлшек сауда орталығы» ЖШС-ның 100% үлестерін дербес басқарады. Аталған кәсіпорындардың қыз­метінен түскен дивидендтер (жалпы 229,4 млн теңге) тоқсан сайын Арнайы мемлекеттік қорға аударылады, – дейді Қуаныш Жақсыбекұлы.

Жалпы, шілде айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Басқарушы компания Арнайы мемлекеттік қорға 13,040 млрд теңге көлемін­де қаржы аударған екен. Яғни Президент тапсырмасын орындау аясында мемлекетке заңсыз жолмен алынған активтерді қайтару есебінен әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру да жанданып келеді.

Жуырда Үкімет Петропавлда 280 орындық балабақша салу үшін Арнаулы мемлекеттік қордан 2 млрд теңгеден аса қара­жат бөлу туралы шешім қабыл­дады. Қазір онда бала саны 100% толы 3 балабақша қыз­мет көрсетіп отыр. Балабақша құры­лысы мектепке дейінгі ұйым­дардағы орын тапшылығын азайтып, балаларға сапалы білім беру­дің қолжетімділігін артты­руға мүм­кіндік бермек. Қазіргі уақытта Пет­ропавлда мектепке дейінгі ұйым­дарға орналасуға шамамен 3 мың бала кезекте тұр.

Бұған дейін Үкімет Атырау об­лы­сындағы Жамансор және Ұлы­тау өңіріндегі Манадыр ауыл­дарында мектептер, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға ар­нал­ған оңалту орта­­лығы, Ақтөбе қаласында ерек­­ше балаларға арнал­ған ар­найы балабақша, Ақмола облы­сы­ның Зеренді ауылында спорт кешені және Риддер қаласында көп­салалы аурухана кешені құры­лысын аяқтауға арналған жобаларды іске асыру үшін қаражат бөлу туралы шешім қабылдаған.

Мемлекет басшысының тап­сырмасы бойынша Үкімет Ақ­мола облысының Зеренді ауылында құны 2,1 млрд теңге болатын спорт кешенін салып бермек. Сондай-ақ Түркістан облысының Темірлан ауылында 890 млн теңге сомаға музы­ка мектебін салу жөніндегі алғаш­қы екі әлеуметтік жобаны іске асы­руға Арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөлу туралы шешім қабылдады.

Бұл бастамалар тұрғындарды білім беру және спорттық қыз­мет­термен қамтуды арттыру үшін ауыл­дық жерлерде әлеумет­тік инфра­құрылымды дамытуға бағыт­тал­ған. Мәселен, Ақмола облы­сының Зеренді ауылында ауданы 6 мың шар­шы метрден асатын, бір ауысым­да 80 адамды қабылдайтын спорт кешенін салу жоспарланып отыр.

Түркістан облысының Темір­лан аулында 300 орындық жаңа өнер мектебін салу жоспарланып отырғанын жоғарыда айттық. 1974 жылы қабырғасы каркастан салынған қазіргі ғимарат заманауи санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай емес, күрделі жөн­деуге тіпті жара­майды. Соған қара­мастан бүгін­гі таңда кешен жұмыс істеп тұр. Мұнда 420-ға дейін бала оқып, 45 мұғалім сабақ беріп жүр. Бұл оның қазіргі қабылдау мүм­кіндігінен екі есеге артық екен.

– Бүгінгі таңда Арнаулы мем­лекеттік қорда 177 млрд теңге жинақ­талған. Бұл қаражаттың бар­лығы әлеуметтік және инфрақұрылым­дық объектілер­д­і салуға, басқа да әлеуметтік маңызды мақсаттарға, соның ішінде денсаулық сақтау, білім беру, бұқаралық спорт және т.б. салалардағы жобаларды іске асыруға бағытталады, – дейді «Қай­тарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС бас директоры Қуанышбек Мұқаш.

Десе де компания алғаш құрыл­ғандықтан, тіпті мемлекет­тің өзі мұндай ауқымды іске бірінші рет бетпе-бет келіп отыр­ғандықтан бұл жұмысты әлі де ширату керек екенін, әсіресе шетелдік тәжірибені де зерттеу керек екенін компания бас­шылығы жасырмайды.

– Әрине, халықаралық тәжі­рибеден түйеріміз мол. Биыл күзде Астана қаласында компа­ния Дүниежүзілік банк және БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жө­нін­дегі басқармасы (БҰҰ ЕҚБ) сияқты ұйымдармен бірлесіп семинар ұйымдастырды. Бұл іс-шара қайтарылған активтерді басқару жөніндегі халықаралық тәжірибені зерттеп, енгізу ісі бойынша жасалған маңызды қадам болды. Семинар барысын­да Дүниежүзілік банктің жетекші сарапшылары – Лиза Боствик, Виталий Касько, Гермиона Кронье және Гамбаатар Жамбала сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ БҰҰ ЕҚБ-ның Қазақстандағы бағдарламалық кеңсесінің ұлттық үйлестірушісі Әділет Мұқышев те мәселені тал­қылауға белсене атсалысты. Олар активтерді басқару стра­тегияла­рын енгізу тәжіри­белері­мен бөлі­сіп, халықаралық стан­дарттардағы негізгі өзгеріс­терді түсіндіріп, олар­дың Қазақстан жағдайына бейім­делу жолдарын талқылады, – дейді серіктестіктің бас директоры.

Айтуынша, семинар жұмы­сына Қаржы министрлігінің Активтерді қайтару комитеті мен Мемлекет­тік мүлік және жекешелендіру комитетінің өкілдері де белсенді қатысқан. Мұның өзі қарастырылып отырған мәселенің мемлекеттік органдар арасында маңызға ие екенін және оның жоғары деңгейде үйлестіріліп отырғанын айқын аңғартса керек. Қысқасы, бұл семинар тек тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, компанияның ұзақ мерзімді стратегияларын әзірлеуге жасалған алғашқы қадам болса керек-ті.