Экономика • Кеше

«Самұрық-Қазына» 2024 жылды қалай тәмамдады?

86 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қор өткен жылды қандай көрсеткіштермен аяқтады? Қандай жобалар жүзеге асырылды? Мемлекетке қандай пайда әкелді? Осы сұрақтарға жа­уап беретін және ұлттық әл-ауқат қорының жеткен жетістіктері, алдағы жос­парлары, жаңа мақсаттарын қамтитын жыл қорытындысы шықты. Ел экономикасында жетекші рөл атқаратын «Самұрық-Қазына» қоры 2024 жылды табысты аяқтады.

«Самұрық-Қазына» 2024 жылды қалай тәмамдады?

2024 жылы компания активтері 38 трлн теңгеге жеткен. Алдағы жылдары қор бұл көрсеткішті 50 трлн теңгеге дейін арттырып, басты мақсаттарының бірі − басқаруындағы активтерінің құнын көбейтуді көздеп отыр.

«2024 жыл күрделі болды: геосая­си ахуал мен мұнай бағасының арзандауына қарамастан, қордың кірісі 17 трлн теңгені құрайды. Бұл 2023 жылмен салыс­­­тыр­­­­ған­­­да 10%-ға жоғары. Ал таза табыс 1,8 трлн теңге болады деп болжап отырмыз», деді қор басшысы Нұрлан Жақыпов.

е

«Самұрық-Қазына» тапқан табысына қарай мемлекет есебіне де ауқымды қаражат бөлді. Үкіметке 1,3 трлн теңге жіберілген. Сонымен қатар еліміздегі ең ірі жұмыс беруші ретінде қордың еншілес компаниялары мемлекеттік бюджетке 2 трлн теңгеден астам салық төлеген. Бұл – республикалық бюджетке түсетін кірістердің 16%-ы.

Былтыр «Самұрық-Қазына» жалпы құны 700 млрд теңге болатын 4 ірі жобаны жүзеге асырды. Олардың арасында Алматы қаласындағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 нысандарын газға көшіру жобаларын ерекше атап өтуге болады. Соның арқасында 2026 жылға қарай жылу электр орталықтары газбен жұмыс істеп, бұл өз кезегінде Алматының экологиясын жақсартып, тұрғындардың денсаулығы мен қала ахуалына оң әсер етпек.

Энергетикалық қауіпсіздікті нығайту мақсатында 1-МАЭС стансасының ал­ғашқы блогі қалпына келтірілді. Осы­лайша, электр энергиясының тап­шылығы мәселесін шешуге сеп болды. Сонымен бірге Қарашығанақ кен орнында бесінші компрессор іске қосылып, көмірсутек өндірісі жылына 10–11 млн тоннаға дейін ұлғайды. Сиань қаласында құрғақ жүк терминалы іске қосылды.

пп

Қорда шетелдік инвестицияны тарту бойынша да біраз ауқымды жұмыс атқа­­рылды. Мәселен, АҚШ, Қытай сынды алпауыттармен қатар, Германия, Оңтүстік Корея, Франция, БАӘ, Катар сияқты өзге де елдермен бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр.

2024 жылдың маңызды оқиғаларының бірі – қорға қарасты «Air Astana» әуе компаниясының IPO-сы болды. Ком­пания акциялары Лондон қор биржасында саудаға шығарылып, құнды қағаздар нарығында елеулі орын алды. «Air Astana» акцияларына сұраныс ұсыныстан 3 есе асып, компанияның құны 900 млн долларға бағаланып отыр.

Бұдан бөлек, қор отандық өндіру­шілерге қолдау көрсетуге ерекше ден қояды. Былтыр тауарлар мен қызметтерді сатып алу рәсімдерін жетілдіру үшін 15 өзгеріс енгізіліп, нәтижесінде отан­дық ұйымдармен 842 млрд теңгеге, яғни 2023 жылға қарағанда 84%-ға көп келі­сім­шарт жасалған. Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейілдің айтуынша, мемлекеттік сатып алулардағы отан­дық өнімдердің үлесі 53–54%-ға жет­кен.

«Бұл ретте «Самұрық-Қазына» қорының ауқымды жұмысын атап өткен жөн. Компанияның сатып алу жүйесінде отандық тауар өндірушілердің үлесі 79%-ды құрайды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш», дейді Дәурен Кеңбейіл.

Сондай-ақ беделді халықаралық қаржы институттары − Еуропа қай­та құру және даму банкі мен Азия даму банкі «Самұрық-Қазынаның» сатып алу ережелеріне жоғары баға берді. Мысалы, биыл ЕҚҚДБ «KEGOC» компания­сын «Самұрық-Қазынаның» сатып алу ере­желеріне сәйкес қаржыландырмақ. Атал­ған ымыраның нәтижесінде елі­міздің кей өңірінің тұрғындары қауіп­сіз әрі сенімді электр энергиясымен қамтамасыз етіледі.

вава

«Самұрық-Қазынаның» ерекше көңіл бөлетін бағыттарының бірі − қайырымдылық. Былтыр ұлттық компания игі істерге 45 млрд теңге бөлген. Оның 30 млрд теңгесі су тасқынынан зардап шеккен аудандарға бағытталды. Сонымен қатар инклюзия, спорт және медицина салаларында ауқымды жұ­мыс атқарылып, 15 инклюзия сыныбы, 10 оңалту орталығы мен 10 спорт орталығы ашылған. Ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған инклюзивті жазғы лагерьлер ұйымдастырылды. Осылайша, жалпы саны 30 мыңнан астам ерекше балаға көмек көрсетілген. Осымен шектелмей, «Самұрық-Қазына» ұйымы «Қазақстан халқына» қорына 50 млрд теңге аударған.

Бұдан бөлек, қор маусымда Астана қаласында 250 орынға арналған, соңғы үлгідегі заманауи жабдықтармен жабдықталған Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығын іске қосты. Мұнда ауыр науқастарды жедел жеткізу үшін тікұшақ алаңы да салынған. Ал Н.Д.Батпенов атындағы Ұлттық травматология орталығына құнды жаңа жабдықтар алып берсе, Қызылорда қаласында үстел теннисі орталығын ашқан. Жалпы, былтыр «Самұрық-Қазына» 500 мыңнан астам мұқтаж жанға қолдау көрсетіп, көмек берген.

2024 жылы «Самұрық-Қазына» қоры экономикалық тұрақтылықты сақ­­тауымен және ауқымды әлеуметтік-экономикалық жобаларымен есте қалды. Қор активтерінің өсуі, дивидендтер, инновациялық және әлеуметтік жобалар, қайырымдылық істер – осының барлығы еліміздің тұрақты дамуына үлкен үлес қосып жатыр. Қор биылға бұдан да ауқымды жоспарлар құрып, елдің әл-ауқатын арттыру жолындағы жұмысын жалғастыруды көздейді.