Қоғам • Кеше

Мобильді аударымды тексеру тәртібі

191 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылдан бастап жеке тұлғалар міндетті декларация тапсырудан босатылды. Бұл жағдай кәсіпкерлердің баяғыдай мобильді аударымдарды алаңсыз қабылдай беруіне жағдай жасай ма? Әрине, мұндай сауалдың туындауы заңды. Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, ендігі кезекте талдау критерийі өзгертіледі, енді аударым саны ғана емес, оның жалпы көлемі де ескеріледі.

Мобильді аударымды тексеру тәртібі

Сурет: diapazon.kz

Комитеттің мәлімдеуінше, кәсіпкерлік қызметке қатысы бар критерийге сәйкес келетін жеке тұлғалардың шотындағы операцияларды екінші деңгейлі банк­тер бақылауға алуға тиіс. Сондай критерийдің бірі – үш ай ішінде 100 және одан да көп, әртүрлі тұлғадан бизнеске арналмаған жеке шотқа сомасы 3 төменгі жалақыдан асатын аударымдардың келіп түсуі. Бұл – шамамен 255 мың теңге.

«Жаңа ережеге сәйкес екінші деңгейлі банктер кірістер органдарына мобильді аударымдар тура­лы ақпаратты кезең-кезеңімен ұсынып отыруға тиіс. 2025 жылы жеке кә­сіп­кер­лер, заңды тұлғалар мен олар­дың жұбайлары бақылауға алынады. 2026 жылы басқа азаматтар да тексеріле бас­тайды», делінеді хабарламада.

Елімізде заңсыз кәсіпкерлік қызметке 15 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салу қарас­ты­рылған. Заң бұзушылық екінші рет қайталанса, айыппұл 30 АЕК-ке дейін ұлғаяды. Бұл – 117 960 теңге. Салық салу объектілерін жасырып қалу төленбеген салықтардың 200%-ы мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Мемлекеттік кірістер комитеті өкілдерінің айтуынша, бұл шаралар салық төлеуден жалтару әрекеттерін азайтып, елде бизнесті жүргізуге әділ мүмкіндік қалыптастырады.

Айта кетейік, тауарлар мен қыз­меттерді ұсынғаны үшін ақысын мобильді аударым ретінде жеке шотқа аударту көлеңкелі кәсіп саналады. Ондай төлемдер үшін салық ұсталмайды, салдарынан қазына түсуге тиіс миллиардтаған қара­жат­тан қағылады. Сол үшін елде тауар­лар мен қызметтер ақысын арна­йы кассалық аппарат, QR-код немесе POS-терминал арқылы төлеу міндеттеліп отыр.

Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, бастапқыда кәсіп­кер­лер де, тұтынушылар да мұндай қатаң тәртіпке үйренісе алған жоқ. Дегенмен кейінгі уақытта бұған біртіндеп бейімделіп келе жат­қан­дары байқалады. Бұл өз кезегінде кіші, шағын және орта бизнестен тү­сетін салық түсімін молайтуға септеседі. Алайда комитет аталған субъектілерден түскен салық түсімі сомасын жария етпеді.