
Саладин бұған дейін көліктерге GPS трекер орнататын компанияда басшылық қызметте болған. Бірақ жаны ауылды аңсаған соң, бір-ақ күнде артынып-тартынып ауылға көшіп барған. Балалық шағы Нұра ауданында өтіпті. Әке-шешесі қарапайым еңбек адамдары болған. Шаруаның бәрін көріп өскен Саладинге қорадағы жұмыс қорқынышты емес. Еңбекпен ерте шыңдалған оның ауылға көшудегі мақсат-мұраты әріде жатыр.
Қазір жас фермер қойдың еділбай мен гиссар тұқымын өсіріп отыр. Ауылға көшіп келген бетінде Қостанайдағы белгілі «Қазаққой орталығы» шаруашылығынан 30 бас саулық әкеліпті. Былтыр Түркістаннан 50 гиссар қойы мен асылтұқымды гиссар қошқарын сатып алыпты. Қазірдің өзінде олардың қозылары әжептәуір салмақты.
Бітімі бөлек гиссар тұқымы қошқарының бағасы әлеуметтік желіні дүрілдетіп тұр. Мұндай қошқардың бойы 1 метрден асып, салмағы 190-200 келіге дейін барады. Етті әрі майлы, құйрықты, дүниежүзіндегі барлық қой тұқымының ішінде ең ірісі. Тез өсіп, салмақты да тез жинайды. Етінің де дәмі ерекше көрінеді. Осының бәрін әбден зерттеген фермер тағы да 100 қой аламын деп отыр. Гиссар қойының отаны Тәжікстанға жол тартамын дейді. Асыл тұқымды қошқар әкеліп, селекциялық жұмысты жаңғыртып, қой тұқымын асылдандырмақшы.
– Асылтұқымды екі қошқарым бар. Күтіміне аса жауапкершілікпен қараймын. Уақ малда кездесетін ішек құрт, бруцеллез, қотыр секілді түрлі аурудың алдын аламыз. Ол үшін арнайы екпе салғызамыз. Үш-төрт ай сайын анализ алып отырамыз. Арықтың, жасанды көлдің суын ішпейді. Құдықтың тұщы суын береміз. Күнде қосымша арпа береміз, – дейді С.Юзбегов.
Көктемнен бастап, қошқарларын сата бастайды. Қазірден алғысы келетіндер көп. Саладиннің әлеуметтік желісі арқылы көріп, біліп қызығушылық танытқан жұрт тұқымын алуға асығып жүр. Ауылға келген меймандар Саладиннің қорасына соғады. Өйткені ірі қошқарларын қызықтайды. Сонымен қатар Қостанайдан сүтті «Симментал» тұқымынан 10 сиыр әкелу де жоспарында бар.
Ауылдың жұрты кең ғой. Елге үй қосылды деп құшағын ашып, көмек қолын созады. Солардың бірі – көршісі Қуаныш Маратұлы. Ол ауылдың ветеринар дәрігері. Саладинге көп көмегін тигізеді. Екеуі тонның ішкі бауындай араласып кеткен. Қуаныш өзінің білгенімен бөліседі. Қойын егіп береді. Басқа да шаруаларына тік тұрады. Ауылдың бақташысы Ақжол Сағадиев те қолы алтын жігіт. Қорасының, үйінің құрылысына қолкөмегін аяған емес. Жаңа көшіп келген Саладинге алғаш болып ерулік берген де – екеуі. Атқа мініп, аң қуады. Мал сойып, ет мүшелеуге дейін үйретіп қойыпты.
Биыл Үкіметтің көмегіне жүгініп, жеңілдетілген несие рәсімдемекші. Сол арқылы трактор, шөп шабатын техника алғысы келеді. Бәрі де қысқы азығын қамдаудың әрекеті.
Шаруасына тастай Саладин сүр бойдақ. Ауылдың қызын алып, шаңырақ көтергісі келеді. Ол күннің де ауылы алыс еместігін және сездірді. Сол себепті, күні-түні қазақша үйреніп жүр. Сөйтіп, Саладин қой ғана емес, ой да бағып жүр.
Қарағанды облысы,
Бұқар жырау ауданы,
Ақбел ауылы