Аймақтар • 09 Қаңтар, 2025

Жергілікті мәселелерге мән берді

250 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаттарының сайлаушылармен кезде­сіп, еңбек ұжымдарының тыныс-тіршілігмен танысу мақсатындағы сапарлары өңірлерде жалғасып жатыр. Кездесу барысында депутаттар жұмысшылардың жай-күйіне қанығып, қоғамдағы өзекті мәселелерді реттеуге бағытталған заң жобалары төңірегінде ақпарат берді.

Жергілікті мәселелерге мән берді

Сурет: instagram.com/mazhilis.kz/

Мәжілістегі «Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары Анас Баққожаев пен Таңсәуле Серіков аймақтарға сапары аясында Қызылорда қаласын­дағы ірі өндіріс орындарының бірі «Квант» зауытында болды. Депутаттар зауыттың қазіргі тыныс-тіршілігімен таны­сып, жұмысшылармен кездес­ті. Әңгіме барысында ха­лық қалаулылары Мәжілістегі заң шығару қызметі туралы, соның ішінде әлеумет­тік-экономикалық бағытта қабыл­данып жатқан заңдар туралы ақпарат берді. 5 мың шаршы метрді қамтитын кәсіпорын толықтай автоматтандырылған жүйе негізінде жұмыс істейді. Мұнда 100-ден аса металл түрлері өңделеді.

«Елдегі өндіріс саласын дамыту үшін осы «Квант» сияқты зауыттарға баса көңіл бөлу керек. Осындай кәсіпорындарды көбірек қолдауды ұсынамын. Өйткені оның ел экономика­сын арттыруға қосатын үлесі ­зор», деді А.Баққожаев.

Ал Т.Серіков «Квант» зауытының бәсекеге қабілет­тілігін арттырудың, өндіріс орындарының ішкі нарық­тағы белсенділігін күшейту­дің маңызын атап өтті. Соны­мен қатар сатып алу жүйе­сін жетілдіру арқылы отандық зауыттардың даму қарқынын айтарлықтай арттыруға болатынына назар аударды.

Алматы қаласына жұмыс сапары аясында Мәжілістегі «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаты Ирина Смирнова экологиялық мәселелер бойынша партия­ның сайлауалды бағдарлама­сына сәйкес №1 Жылу электр орталығының жұмыс барысымен танысты. Сапар бары­сында И.Смирнова «АлЭС» АҚ (ЖЭО-1) көздерінде орнатылған шығарындыларды бақылау­дың автоматтандырылған жү­йесі­нің жұмысымен танысты. Жүйе экологиялық бақылау­дың ашықтығын арттыру­ға және атмосфераға зиянды шығарындыларды азайтуға бағытталған.

«2017 жылдан бастап жылу электр орталығы газға көшті. Бұл зиянды заттардың шығарындыларын ондаған есеге азайтты. Қаланы жылумен қамтамасыз ету бойын­ша жүйелі жұмыстар ұйым­дас­тырылып, жолға қойылды. Дегенмен кадр мәселесінде проблемалар бар. Мұнда өмірлерін осы маңызды іске арнаған отбасылық әулеттер бар. Институт, колледж түлек­тері іс жүзінде өндіріске келе бермейді», деді депутат.

Мәжіліс депутаты ЖЭО бас­шылығымен СО2 сияқты аз мөлшерде шығарылатын газдарды қала кәсіпорындарын­да пайдалану үшін жинау мүм­кіндігін талқылады. Бұл ауа­ны жақсы тазартуға, сондай-ақ энергетикалық кәсіпорын­ның өзі пайда табуына ық­пал етеді. Сондай-ақ мегапо­лис­тің экологиялық жағда­йын жақсарту үшін кадр­лық қамтамасыз ету, экологиялық бастамаларды жүзеге асыру және озық технологияларды енгізу мүмкіндіктеріне қатысты басқа да мәселелер қаралды.

Ал «Аmаnаt» партиясы фракциясының мүшелері Болатбек Нәжметдинұлы мен Данабек Исабеков Шымкент қаласындағы Момынов көше­сінің бойында салынып жат­қан теміржол өткелінің құры­лысымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесті.

Жоба аясында теміржолдың үстінен төрт жолақты аспалы көпір салынып, ол жаяу жүргіншілерге арналған жолмен жабдықталады. Сонымен қатар жол қауіпсіздігін қам­тамасыз ету үшін жарық­шамдар орнатылады. Құры­лыс 2024 жылдың қарашасын­да басталған. Нысанды аралап көрген депутаттар құры­лыс жұмыстарының сапалы әрі уақытында орындалуын қадағалау қажеттігін ерекше атап өтті.

«Мегаполистегі халық са­нының артуынан көлік кеп­телісінің жиілей түсетіні белгілі. Ал осындай аспалы көпірлер мен жолайрықтар халық­тың жүріп-тұруын жеңілдетіп, қауіпсіздік деңгейін арттырады. Мұндай ауқымды нысанды жобалағанда, жергілікті халықтың ұсыныстары мен пікірлерін ескеру керек. Ең ­бастысы салаға жауапты аза­маттарды құрылыс жұмыста­рын сапалы жүргізілуін қада­ға­лау­­ды мықтап қолға алуға ­ша­қырамын», деді Болатбек Наж­метдинұлы.

Шымкентте Тіленшин кө­шесінің бойында тағы бір ас­палы көпір салынып жатыр. Екі нысанды да 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға бе­ру жоспарланып отыр. Жоба­ларды жүзеге асыру қала тұр­ғындарының өмір сүру жағ­дайын жақсартуға, көлік қыз­метінің тиімділігін арт­тыруға, көлік қауіпсіздігін қам­тама­сыз етуге ықпал етеді.