Қазақ ырымшыл. Әсіресе, жас нәрестесіне ат қойғанда алдына жан салмайды. Тіпті тайпа, ру аттарын қоюға бейіл. Адай, Әлім, Жаныс, Ботбай, Арғын, Қуандық, Сүйіндік тәрізді аттарды жалғастыра беруге болады. Жүнісов Арғын ағамызға да осылай орта жүздің аға баласының есімі бұйырған екен. Осыдан 82 жыл бұрын.
Әйгілі металлург, болат балқытудың асқан шебері Арғын ағамызды Теміртауға арнайы іздеп бардым. Себеп те бар, орайы да келіп тұр. Қазақ Магниткасына 50 жыл толады таяуда.
Бұрыннан білетін, талай суреттеме, очерк жазған ағамыз әуелде тосырқады. Арада бірталай уақыт өтіп кеткеннен болар деп ойладым. Ішін көп аша қоймады. Жыға тани алмай жатқаны тағы бар. Басқадай да жөні бар екені сөйлесе келе айқындала берді.
– Бауырым, мен туралы көп жазылды. Телерадио хабарлар жасалды. Поэма да жазды Еркеш Ибраһим ақын. Осы сен шойын мен болатты айыра аласың ба? – деп төтесінен сұрақ қойды ағамыз.
Қалам ұстап, камера сүйреп жүрген кейбір әріптестерімнің мәселені жетік білмей тұрып-ақ көсілте жазып, көсемсіп сөйлейтіні ойға оралып, солар үшін осы жолы ұялдым. Талай рет “шойынды балқытты, болатты қорытып жатыр” деп жазғандарды, сөйлегендерді естігенбіз, оқығанбыз. Амалсыздан әйгілі металлург ағамызға Магнитка копер цехындағы шихта (металл сынықтары) мен аглофабрикадағы рудадан басталатынын, шойын домна пештерінде қорытылып, болат мартен мен конвертерде балқытылатынын, слябингте болат құймалар сығымдалып, прокат цехтарында қаңылтыр болып жұқарып, орама болып шығатынын айтып, металлургияның өзім білем-ау дейтін техникалық кезеңдерін тілге тиек етуіме тура келді. Жас кезімде осы цехтардың бәрін жаяу аралап шыққан едім. Соның пайдасы тиді.
Арғын ағамыз шешілді.
– Мен негізі Қарқаралының тумасымын. Есімді шала-шарпы білетін кезде, яғни кәмпескеден кейін әке-шешем ауа қашып, Омбы жаққа өтіп кетеді. Тегім Шор атасынан тарайтын Әйтімбет болу керек. Қуғын-сүргін саябырлаған кезде Ақмолаға көшіп келдік. Он төрт жасымда Жолымбет руднигінде жұмысшы болдым. Соғыс жылдарым осы кеніште өтті. Қара жұмыспен қабырғам қатты, бұғанам бекіді. Теміртауға 1947 жылы келдім. Ескі қаладағы Қазақ металлургия зауытының мартен цехына болат балқытушы болып орналастым. Болатты бірден қаймақша қайнаттым деп айта алмаймын. Еламан Байғазиев, Алтынбек Дәрібаев сынды ағалардың аялы алақанын көрдік, ақыл-кеңестерін алдық. Екеуі де Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды, – деп Арғын ағамыз бір дем басты.
Қаныш Сәтбаевтай дана ғалымның күш салуымен іске қосылған Қазақ металлургия зауыты 1944 жылы тұңғыш болат өнімін бергені мәлім. Таза шихтамен (металл сынықтарымен) жұмыс істеді. Бертінге дейін сортты прокат цехы болып тұрды. Негізінен арматура шығаратын. Осы арматуралар әлі күнге дейін кезінде КСРО аталған алып державаның Байқоңыр, БАМ деген алыптарының, талай басқа ғимараттарының бетон қабырғалары мен төбелерін ұстап тұрғанын екінің бірі біле бермейді. Оның ішінде Арғын ағамыз мартенде балқытқан талай тонна болат бары айдай ақиқат.
Майда сортты прокат цехында шеге мен сым да шығарылды. Арғын ағамыз ескі қаладағы мартен пешінде қалай болат балқытқанын көргем жоқ. Ол кезде туған да жоқпыз.
Магнитка салынып, металл өндіру технологиясы толық іске қосылғанда ауыр салмақты, яғни 600 тонна болат балқыта алатын жаңа мартен цехына, әрине, Арғын Жүнісовтей тәжірибелі мартеншілер іріктеліп алынды. Осы мартен пешінде ағамыз тұңғыш балқыма алыпты. Талай талапты, талай талантты болат балқытушылар жүргенде, жауапты ауысымды Арекең бригадасымен абыройлы атқарып шыққан.
Абырой асыру, социалистік жарыстың алдын бермеу, сый-құрмет, марапат алу жағынан А.Жүнісов ешкімнен кенде болмағанын көрдік. Кеңес дәуіріндегі ең құнды марапат саналатын Ленин орденін де алды.
– Мен үшін соның бәрінен де Жолымбет руднигінде жүріп, бозбала шағымда алған “Ерлік еңбегі үшін” медалінен артығы жоқ. Еңбегімнің бағаланғанына марқайдым, масайрадым, мерейім өсті, мәртебем артты. Әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Әрине, еліміз екі тізгін, бір шылбырына ие болған тұста – 1998 жылы тұңғыш Президентіміз, бауырым Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан алған “Отан” ордені – жөні бөлек марапат, – дейді ақсақал.
“Бауырым” дейтін де жөні бар. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңы мен алпысыншы жылдардың басында Қазақ Магниткасына республиканың тұс-тұсынан ағылған қазақ жастары, әрине, араларында Н.Назарбаев та бар, Арғындай майталман металлургке қарап бой түзегені шындық. Нұрсұлтан Әбішұлы мұны естеліктерінде айтып та, жазып та жүр.
Арғын ағамыздың елге сіңірген еңбегі, төккен тері, абырой-атағы Кеңес елінің ең жоғарғы атағы – Социалистік Еңбек Ерін алуға әбден лайық еді ол тұста. Бірақ, мың градус мартеннің алдында (пеште 1.500-1.600 градус) өмір бойы от көсеп, болаттан бұлақ ағызған ағамызға бұл атақ берілмеді. Анығында бермепті. Қырағы КГБ мұндай жоғарғы марапат алатындардың ата-баба, тұқым-тұяғына дейін тексеріп, тергейтінін ептеп ішіміз сезетін. Арғын ағамыздың ата-тегінен кілтипан шыққан. Әке-шешесі тегіннен тегін Омбы жаққа ауа көшпейді ғой. Ардагер ағамыз марапат, награда, сыйлықтан гөрі құрыш, болат, шойын жөніндегі әңгімелерге бейіл танытты. Мен де соны қаладым.
– Арғын аға, осы көктемде редакцияға сенбілік өткізу үшін күрек, тырма сатып алған едік. Күрек қалды қайырылып, тырма қалды майырылып. Қазіргі металл сапасы не болып кеткен? Ағаштан әрмен осал, – деп ағамызды өз қотанына тән әңгімеге тарттым.
– Е, ол Қытайдың металы ғой. Нағыз зауыттан шыққан емес. Осы өзіміздің металл сынығын ұрлап-жырлап, шекара асырып, соны балқытқан болып, сыртын әсемдеп, өзімізге сатып отыр емес пе? Болат балқыту – үлкен өнер. Қазақы тілмен айтсақ – ет пісірген тәрізді. Қазан бұрқылдап қайнаса, ет қатты, дәмсіз болады. Аз қайнаса, шикі болады. Бабында қайнау керек. Болат та солай. Мартен пешінде болат қатты қайнаса, металл омырылғыш келеді. Аз қайнаса, жасық келеді. Бабында балқыған болат қана сапалы шығады, – деп бір қайырды ардагер ағамыз.
Ағамыздың мартен пешінде қаймақтай қайнап жатқан болаттың бабына келгенін көзбен көріп-ақ айыра беретініне талай куә болған едім. Мартеншілер болаттың бабын көзбен мөлшерлесе, конвертерде техника көмегімен шамалайды. Арғын ағамыз нағыз бабына келген болатқа суыған соң сызат та түспейтінін айтқан еді. Сол рас екен. Сүйегіне арматура салынып құйылатын бүгінгі бетон плиталарды екі басынан кранмен көтергенде опырылып кететініне құрылысшылар қынжылғанын естігем. Оған қарағанда бұзылған үйлердегі ескі плиталар берік болатынын айтып, біраз дауласқанбыз. Әңгіме белгілі – ескіні неге қолданасың деген уәж ғой біздікі.
– Бүгінгінің бәрін мансұқтаудан аулақпын. Дегенмен, ол кезде металл сапасы қатты бақылауда болатын. Қазірге жауап бере алмаймын. Бірақ, бәрінен де ежелгі ұсталардың шеберлігін айтсаңшы! Сүйек пен ағаш түгілі, темірді тіліп түсетін алмас қылыш, наркескен, алдаспан соққан бабаларымыз нағыз темірден түйін түйген шеберлер ғой, – деді ағамыз.
Ойланып қалдым. Наркескен. Нарды қақ айырған неғылған металл?! Неғылған күш пен машық?! Қанжығалы Бөгенбай батыр қылышымен тас шауып түсіргенін, Райымбек батыр найзасын шаншыған жерден су шыққанын естіген едік. Сонда басқа қарулардың барлығы – бірі майырылып, бірі қайырылып, бірі шорт сынып кеткен екен. Исфаһанның алмас қылышы, Дамаскінің алдаспаны аңыз болмағаны ғой. Көк түркілер жарты әлемді жаулағанда сол кездегі ұсталар соққан қайқы қылыштар талай басты домалатып, талай жауды қиялай шауып, жеңіске жеткізген. Қазақ бабамыз ұсталарды содан да кие тұтқан. Сол ұсталардың соңғы тұяғы – Арғын ағамыз ғой деп ой түйдім.
Қазақ Магниткасына таяуда 50 жыл толады. Сонда от көсеп, шоқ төсенген, болаттан бұлақ ағызған Арғын ағамыз тәуелсіз Қазақстанның жоғары марапатына ие болса, әділетті болар еді. Өйткені ол – құрыш құйған, құрыштан құйылған Арғын Жүнісов қой!
Мағауия СЕМБАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
ЖАЛЫНДА ЖАНЫЛҒАН ЖАН
А.Жүнісовтің шеберлігі жайлы көп нәрсені айтуға болады. Алайда маңызы бұдан да кем емес тағы бір нәрсе – осынау қарапайым жұмысшының жеке басына тән өзіне тапсырылған іске жоғары жауапкершілік сезімі, оған мемлекеттік тұрғыдан қарауы болып табылады.
Н.Ә.НАЗАРБАЕВ.
Асылын ардақ тұтқан халық қашанда жақсысының абыройын асырып, атағын асқақтата біледі емес пе. Бүкіл Қазақстан атына талай жыл қанық, қалың жұртқа сырттай таныс адамдардың бірі Арғын Жүнісов ақсақал. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан байырғы металлург еңбегі мен өмірі – Қазақстан Маниткасының шежіресімен тығыз ұштасқан өнегелі жол. Жарты ғасыр бойында мартен пеші алдында от ауыздықтап, болат балқытудан таймаған мұндай азамат бұл сала бойынша әлемде сирек десек, артық айтқандық болмас. Төзімділік пен қайсарлыққа жеткіншек кезінен төселген жанның жетпіске жеткенше сүйікті кәсібінен қол үзбеуі қайталанбас құбылыс ретінде Теміртау ғана емес, ел тарихындағы елеулі із екені анық.
Арғын аға аты аталса, соғыс жылдарында ірге көтерген Қазақ металлургиялық зауытынан басталған Қарағанды металлургиялық комбинатында алысқа жаңғырыққан жасампаз істердің ыстық лебі еседі, ерен еңбектер дүбірі құлаққа шалынады. Аға толқын металлургтердің алыптың кемелденген тынысымен бірге биіктеген бейнелері көз алдына келеді. Солардың алдыңғы шоғырында Еламан Байғазиев, Алтынбек Дәрібаев сынды тарландар жарқыраса, осы әріптестерінен жасы сәл кіші болса да Арекең үшін олар ұлы ұстаздары саналады. Ал Арғын ағаның өзін сондай көретін шәкірттері қаншама.
Бұл кісі өміріндегі қиындықтарды көп ауызға ала қоймайды. Ал соғыс өрті өршіп тұрған кезге балғын балалық шақтары тап болған барлық тұрғыластарындай ол оңай болмаған. 14-де шахтаға түскен жеткіншектің бұдан кейінгі ұзақ еңбек жолы ауырдың астында өтеді. Небәрі 18 жасында төсіне тағылған “Еңбектегі ерлігі үшін” медалі –жастайынан жанкешті жұмысқа табандылықтың, адалдықтың алғашқы айғағы. Өршіл өреннің биікке шырқар алдындағы қанат қомдасы осындай болған еді. Бақытына қарай тағдыр Теміртауға бастады. Құрыш қала талабын қанаттандырды, қайратын жаныды. Сортты прокат өндірісіне қарасты №2 мартен цехында шихташы болудан басталған іс болат балқытушылар қатарына әкеліп қосты.
Әуелде 100 тонналық мартен пешінде еңбек еткен соң, Сұлтан Кәкенов, Төлепберген Сәлімбаев сияқты қатарлас әріптестерімен бірге 600 тонналық ауыр салмақты пешке ауысты. Онда оттегін пайдалану арқылы балқыма алудың үдерісін 20-25 пайызға жылдамдатуға үлес қосылды. Сөйтіп жоспарға қосымша мыңдаған тонна металл алуға мүмкіндік туғызылып, еліміздің экономикалық күш-қуатының артуына үлкен ықпал жасалды. Бұл шақта Арғын Жүнісов КСРО-ның еңбек сіңірген металлургі атағын иеленген тіс қаққан болат балқытушы болатын.
“Арғын Жүнісов, Сұлтан Кәкенов, Владимир Кизин... Олар ауыр еңбек жолдарын Қазақстан Магниткасының мартенінен бастады. Сөйтіп металлургтердің бүгінгі жаңа буыны жалғастырып отырған жедел балқытушылардың даңқты еңбек дәстүрінің іргесін қалады”, деп Елбасы жоғары баға бергендей украиндық әріптестерімен тәжірибе бөлісу, жарысқа түсу атақ-даңқын одан сайын алысқа шарықтатты.
“Айда аял жоқ, жылда жілік жоқ” делінгендей, міне, содан бері де аттай қырық бес жыл артта қалыпты. Зейнеткерлікке әлдеқашан шыққанына қарамастан, 1998 жылға дейін, яғни жетпіске келгенше өндірістен қол үзбей, жастарды мамандыққа баулумен болды. Әр жылдың өз бедері, әр айдың өз айшығы бар. Қалыптасып, кемелдену жолы өзінің төл зауытының дамуымен тығыз байланысты әйгілі болат балқытушының бір кездегі еңбек өнегесі, жүріп өткен даңқты жолы тарихқа айналып бара жатқан кешегі күндердің жарқын беттерін бейнелейді. Соған тікелей куәгер Президент Нұрсұлтан Назарбаев “Стальной профиль Казахстана” кітабында ол жайлы:
“...Бірде комбинаттың партия комитетіне №2 мартен пешінде үлгі балқыма өткізу мәселесімен Жүнісов келді. Бұл мәселе дереу қолдау таба қойған жоқ. Партком мүшелерінің арасында “үлгі балқыма үлгісіз болып шықса ше?” деген күмән туындады.
– Жоқ! – деп кесіп айтты Арғын. – Біздің мақсатымыз қосымша мүмкіндіктер мен резервтерді анықтау, олқы тұстарды нақты табу, сөйтіп бригаданың әрбір мүшесінің қолынан не келетінін өзімізге және басқаларға көрсету.
Мұндай бұлтартпас дәлелмен келісуге тура келді. Әрі соңынан өкінбедік те. Жүнісовтің бригадасы жоспарланған балқыманы межелі уақытқа жеткізбей орындады. Толық салмақты болат бес сағат жиырма минөтте, үш сағатқа жылдам балқытылды. Бұл рекордтық көрсеткішке тең-тін” деп жазғандай, Арекең кейінде запорожьелік әйгілі әріптестері Николай Ужваны да қызықтырған бірлесе балқыма алудың тамаша бастамаларының ұйытқысы болып танылды.
Металлургтер білетіндей, өндірісте мамандыққа ысылу, тәжірибе жинақтау, үйрену жөні бір бөлек. Арнайы білімі болмаса да саланың майталманы болуына сол жол бастаған Арекең-ді. Мартеншілердің бүгінгі үлкен тобы өздерін А.Жүнісовтің алдынан өткен шәкірттері екенін мақтан тұтады. Болат балқытудың жүнісовтік қыр-сырын меңгерген Андрей Рафиков, Владимир Афанасенко, Фаниль Хусаинов, Иван Ралдугиндер есімдері ұстаздарымен қоса жарқырады. Ізбасарларының алды өз өкшесін басып қалған Арекеңнің “Металлургтің ең үздік қасиеті өзінің ғана жақсы болат балқытуында емес, көмекшілерін де бірегей балқытушы деңгейіне көтере білуінде” деген сөзі тәлімгерлер берік ұстанатын қағида.
Ақмола түбінен ағасы Кабирдің жетектеуімен келген жасөспірімнің жүрекке түйген мақсаты ел қатарына қосылу еді. Соған жол ашқан орта одан да биікке самғатты. Сол ұя ыстық табы отбасына да тарады. Үлкен ұлы Сапар әке жолын қуып, бір цехта иық тірестіре жұмыс істеді. Жалпы Жүнісовтер әулеті шетінен металлург.Қызы Күләш инженер-механик болса, ортаншысы Гүлсім лаборант, одан кейінгілерінің кәсібі де осы алып Магнитка тынысымен тамырлас.
Жаратылысында көкірегі жүйрік, ел, жер тарихына жетік, әңгімешіл Арекеңнің осы қасиеттері арқылы айтулы тұлғалармен етене аралас-құралас болғандығын өзі айта қоймаса көпшілік біле қоймайды. М.Әуезов, З.Шашкин, Е.Ибраһим сынды ақын-жазушылармен арадағы қарым-қатынастың әр сәттері нар ақсақал жадында. 1955 жылы Мәскеуде өткен Бейбітшілікті жақтаушылардың бүкіл дүниежүзілік бесінші конференциясында кездескен әйгілі сөз зергері Мұхтар Әуезов бірден бауыр тартып, Теміртау, металлургтер жайлы сыр суыртпақтауын сүйсіне айтар әңгімесі.
1997 жылы металлургия саласындағы жарты ғасырлық еңбек өтіліне орай Елбасының өз қолымен кеудесіне “Отан” орденін қадағаны өміріндегі ыстық сәт. Мемлекет басшысының 80 жылдық мерейтойына арнайы құттықтау хат жолдап, онда “...Қазақстан Магниткасының байырғы болат балқытушысы, Сіз Қазақстан металлургиясының көзі тірі символы болып табыласыз, сіздің қажырлы еңбегіңіз бен дана сөзіңіздің арқасында бүтіндей бір сала көтерілді және осы сала мамандарының бірнеше буыны тәрбиеленді” делінуі еңбек, өмір жолын айғақтар баға.
“Еңбек деген байлық бар, ерінбеген жетеді” дейді дана халқымыз. Арғын аға өзінің еңбек сүйгіштігімен сол байлыққа жетіп, бақытқа бөленген адам. Кіндігінен тараған бес ұрпақтан сегіз немере, үш шөбере сүйіп, солардың қызығын көріп отырған қадірлі қария ел бірлігін, тыныштығын тілейді. “Жалынның арғымағы Арғын аға” деп ақын Еркеш Ибраһим жыр арнағандай, Арекең мартен пешінде шыңдалған болаттай тың, ширақ қалпында. Қазақтан шыққан алғашқы металлургтердің көзі теміртаулықтарға әрдайым ыстық көрінеді.
Айқын НЕСІПБАЙ, Аманжол АҚЫН, журналист.
Арғын Жүнісов Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевқа Теміртау қаласының Құрметті азаматы лентасын тапсыруда.
ТӨРТІНШІ БИІКТІК
(хамса-хроника)
1. Тұғырлы Теміртау
Желбіреп көкте байрағы,
Жазира далам жайнады.
Ғалам мен Жерді жалғаған,
Атажұрт – Ғарыш айлағы.
Арқаның ыстық аясы,
Жасыл бақ оның саясы.
Бетпақты кезіп болдырып,
Бұлаққа мөлдір таяшы.
Ойы мен қырын аралап,
Сүйсініп қара саралап.
Туғандай болып кетеді
Бар адам және бар алап.
Етене мұнда Ел мен Ер,
Жерұйық осы сен көрер.
Кездесер ақын арқалы,
Кездесер ойшыл кемеңгер.
Ғарышкер батыр осында,
Осында кенші досым да.
Осында диқан, құрышкер,
Төрге шық, төрлет, тосылма.
Ағылып жастар тұс-тұстан,
Отжүректері ұғысқан.
Батырдай алып Теміртау –
Сомдалған болат, құрыштан.
Жайнатып қазақ даласын,
Қанаттандырған Елбасын.
Отандас ардақ тұтады
Көшбасшы ұстаханасын!
Жырлаймын Атажұртымды,
Азаттық алған ұлтымды.
Егемен болған еркін ел
Келешегіне ұмтылды.
2. 75-тегі жүздесу
Қыран салмас оңайға ұясын да,
Ұясы оның құздардың қиясында.
Қыран түспес олжаның жеңіліне,
Жаратылсын ол нәрсе құй асылдан.
Қазақстан Магниткасы –
Жыр, Ән, Аңыз,
Ұтылмайды ол жаққа барған ұл, қыз.
Мұнда еңбек ететін азаматтар –
Жерге қонбас айтулы қыран нағыз.
75-те таныстым сол жандармен,
уақыттан зымырап озғандармен.
Көзінде – ұшқын,
от-жалын – жүрегінде,
Әке көріп, шетінен оқ жонған ер…
Көңіл көктің таласып күмбезімен,
Алған әне қаратып күнді өзіне.
Биіктікті көксеген тас түлектер,
Көз сүзеді даланың гүл төсіне.
Бір асудан шықты олар бір асуға,
Шын сапарлар тиіс қой ұласуға.
Алынды ғой Төртінші биіктік те,
Кезі келді енді бір сыр ашуға…
Әлқисса, 1975 жылы Қарағанды металлургия комбинатының № 4 домна пеші іске қосылды. Оны болат балқытушылар Төртінші биіктік деп атады.
Мен сол жылы комбинат парткомының хатшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа барып жолығып, ақыл-кеңес алдым. Әлі есімде, үлкен басымен төрден бері озып, кең маңдайы жарқырап ілтипатпен қарсы алды. Бұл кезде №2 аглофабриканың құрылысы жүріп жатқан еді…
3. Домна пешінің алдында
Төртінші биіктік.
Ол – сенсің, домнам сүйікті!
Біз сенің еңсеңді көтердік,
Тұрса да шыжып күн, құйып күн…
Біздер де сенімен бірге өстік,
Алып боп,
Адам боп үндестік
Арулар біздерге гүл сыйлап,
Ақындар бізге арнап жыр есті.
Сымша иіп болатты, темірді,
Еттік біз еңбекті көңілді.
Сый етіп бермеді ешкім де,
Өзіміз жасадық Өмірді!
4. Ағалар мен мұрагерлер
Қыран деген қашанда биіктерде,
Елмен бірге мәңгілік сүйікті ер де.
Арғын аға* Төртінші асуды алып,
Атқарып жүр міндетті жігіттермен.
Құрышкердің көп мұнда мұрагері,
Оза шапқан еңбектің Құлагері.
Сырттан шолып сүйкектеп жаза салмай,
Өздерінен барлығын сұра келіп…
Мұрагерлер – әр ұлттың өкілдері,
Ұштасыпты бәрінің тілектері.
Жүзі бөлек болғанмен көрер көзге,
Бірге соққан дүрсілдеп жүректері.
Жігіттердің бірі дос, бірі туыс,
Мүмкін соның ішінде жүр ініңіз.
Бауыр басты Мейрам Сыздықовты,
Латыш ұлы Диниус Ириниус.
Мұрагердің біреуі – Дәрібаев,
Оны көрсең, қаласың бір марқайып.
Вахтада – Адам-Юсупов, Набибулин,
Дәріптеуге осының бәрі лайық.
Кезегі кеп сөз бердім жас қыранға,
Жөнді-жөнсіз бекерге састырам ба?
Сөз алғанда Қабдолла Рамазанов,
Жас дәуреннің жан сырын аштырам да…
– Қас шындықты жасау үшін туғанбыз,
Бір ерлікке белді бекем буғанбыз.
Біле білсең, аппақ-аппақ арманбыз,
Керек десең, сауық-сайран, думанбыз.
Жандармыз біз құрыштай боп шыныққан,
Ықпайтұғын суықтардан, ыстықтан.
Шарықтаймыз қанатымен қиялдың,
Айналдырып ертегіні шындыққа!..
Жұмыс істеп жігерменен жалынды,
Талай асу бір-екі айда алынды.
Домнаның өрттей ыстық
Жүрегі –
Шойын құю ауласы да салынды.
Қас шындықты жасау үшін туғанбыз,
Бір ерлікке белді бекем буғанбыз.
Арнасы кең жасампаздық сезіммен,
Асқақ-асқақ армандарды қуғанбыз!
5. Ғарышпен тілдесу
Аяқтайын енді мен толғауымды,
Оңай емес қуанту мол қауымды.
Ілескім бар жылдамдық ғасырына,
Жек көремін немкетті марғау үнді…
Күннен күнге кеңейіп қиял көгі,
Тасқын-шабыт іздейді құяр көлін.
“Салют-4”** пен Төртінші домнаның
Дастан еттім космостық диалогін…
Құрыш кенті – мекені мерейлі ердің,
Алау пештің тұтатқан өрттей демін.
Лапылдаған от-жалын ордасын мен
Ұстаханасы деп білем Прометейдің.
Жас түлектер топжарған лектерінде,
Жасампаздық еңбектің шептерінде.
Елбасы да осында қанаттанып,
Құрышкердің шыңдалған мектебінде!