Маман • Бүгін, 09:40

Өндірісте – озат, өнерде – үздік

262 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қанат Мусин Жезқазған байыту фабрикасының шаң тұтқыш қондырғыларын тазалау және орнату цехының слесарі болып еңбек етеді. 2013 жылы Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмәмдаған оның байыту фабрикасына келіп, жұмысшы мамандығын иегеремін деген ойы болған да емес.

Өндірісте – озат, өнерде – үздік

Қаладағы ірілі-ұсақты мәдени-көпшілік іс-шараларды жүргізіп жүретін Қанатты бірде фабрика басшылығы өздерінде өтетін сондай бір шаруаны атқарып беруге шақырды. Барды, атқарды. Сол жолы оны өндірістегі өмір қатты қызықтырды. «Осында жұ­мысқа тұруға бола ма?», деді. «Ма­мандығың келе қоймайды ғой» деген сөзге өз уәжін айтты. «Маған сенсеңіздер, кез келген мамандықтың бірін тез-ақ үй­реніп, игеріп кетемін» деген соң, ынта-ықыласын, талабын байқаған басшылық бетінен қақпады. Сөйтіп, өндірістегі өмірі басталды.

– Біздің міндетіміз – еңбек қауіп­сіздігін сақтай отырып, цех­та­ғы шаң-тозаңның алдын алу, яғни жұмыскерлердің ауасы таза жерде жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Жұмыс орны еңбек етуге қолайлы болмаса, жұмыскердің де тірлігі маңдып жарытпайды. Сол тұрғыда біз олардың табыс­ты еңбегінің негізін қалаймыз десек те болады, – дейді Қанат өз жұмысы туралы.

Өндірісте де өнер дейтін өмір бар. Жез­қаз­ған кен өндірісінде өнер адам­­дары аз болмаған. Ақиық ақын, мем­лекет және қо­­­ғам қай­­раткері Кәкімбек Салықов, даң­ғайыр жырау, ақын Шынболат Ділдебаев, кеніш дирек­­­торы бо­лып жүрсе де, қала­мы қолы­нан түс­пеген Садық Асатов... Бұл тізімді одан әрі де соза беруге болады.

Қ.Мусиннің есінен сол ағалары ешқашан шықпайды. Өндірісте жүріп өнердің отын жаққан ағалары тәрізді болғысы келеді, соған ұмтылады. Өзінің айтуына сенсек, 5 жасынан бастап өлең жазған екен. Жергілікті жас сазгер Мұхамед-Әзиз Мұсабеков екеуінің шығармашылық байланысынан шыққан «Байытушылар гимні» қазір фабриканың кез келген іс-шараларында салтанатпен орындалып жатады. Мыңдаған жүректердің төрінен орын алған ұран-әннің сөзін жазғанын орынды түрде мақтаныш етеді.

Қанат фабрикадағы қоғам­дық жұ­мыс­тарға белсенді түр­де атса­лысады. 2022 жылы «Қазақ­мыс кор­порациясы» ЖШС жұ­­мыс­шыларының арасында «Jastar Bolashaq» жастар одағы «Өндіріс сұлтаны-2022» бай­қауын ұйымдастырды. Бұл бай­қауға корпорацияның рес­пуб­ликадағы барлық құры­­лым­­дарынан 24 жігіт қатысты. Қанат байқауда ұлы Абайдың образын сомдап, дананың қара сөзін мәнеріне келтіре оқы­ды. Бұдан бөлек, өзі түсірген жұмыс орнында еңбек қауіп­сіз­дігін сақтау жөніндегі бей­не­ролигі де жоғары ба­ға­ланды. Сөйтіп, байқау жеңім­пазы атанды. Ол әртүрлі дең­гейдегі ақындар мүшәйрасына да жиі қатысып, әрқашан жүл­де­­гер­лер қатарынан табылады. Ұлытау облысы ақындары арасында Тәуелсіздік мерекесіне ар­нал­ған мүшәйраның бас жүл­десін де иеленді. Өлеңдері жас ақын­дар­дың республикалық жыр жи­нағына енді. Қалалық, об­­лыс­­тық, республикалық басылым­дар­да жыр-толғаулары жиі жа­рия­­­ланып тұрады.

Қанат мамандық қана емес, жар таңдауда да қателеспеген азамат. Оның назары түскен, жүрегі қалаған ару қыз Индира мұның босағасынан аттағанда небәрі 16 жаста болатын. Жас жұбайлар тұңғыштарының тұсаукесерін өткерген соң ғана Неке сарайына барды. Сол Индира қазір Әлғазиз, Жанайдар, Хақназар, Әлхафиз есімді төрт батырдың анасы. Бұларға қоса екі атасын, екі енесін бағып-қағып отыр. Қанат­ты жұмысқа күліп шыға­рып салып, келгенде нақ солай қарсы алады. Шаңырақтағы шырайлы ахуал азаматтың түзде де, үйде де көңілін жай етіп, мәртебесін асқақтатып жібереді. «Еңбекте де, өнерде де аз-кем табысқа жет­кен болсам, бұл, сөз жоқ, үй­дегі келініңіздің арқасы» деп ақ­тарыла айтқан лебізіне сенбе­сіңізге әддіңіз жоқ.

2015 жылы Оразалы ақсақал мен Кәмилә әже бастаған Мусин­дер әулеті облыстық «Мерей­лі отбасы» байқауына қатысып, бірінші орынды жеңіп алған еді. Қанат – ата-әжесінің он бесін­ші немересі. Республикалық теле­ар­налардың бірі Жезқазған кен өн­ді­рісі туралы «Қазақ дала­сы­ның қазынасы» деген деректі фильм түсірді.

– Мені осы фильмге қазіргі жас буын жұмыскерлердің өкілі ре­тінде таңдап алғанын білген­де керемет қуандым. Фильм кейіп­кер­лерінің бірі – Қазақ­стан­ның Еңбек Ері, кенші-ұңғылаушы Тұрсынбек Мақышев болды. Сондай кісімен қатар тұрудың өзі зор мәртебе емес пе? – деген Қанат осындай сәттер адамның жігерін жанып, қайратын қайрап еңбекке ынталандыра түсетінін де жасырмады.

Қ.Мусин былтыр Жезқазған қаласы әкімдігінің жас маман­дар­ға арналған «Мен – жас қазақ­стан­дықпын» байқауында «Үздік жас өндіріс қызметкері» номинация­сы бойынша жеңімпаз атанды, өзінің өндірісте озат екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

 

Жезқазған