
Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Президент пәрмені
Жалпы, мемлекет дамуында салық саясатының рөлі зор. Президент ел экономикасын қарқынды дамыту үшін тек мемлекет қаржысына сүйену жеткіліксіз екенін айтқан еді.
– Жеке инвестициялар тарту арқылы іскерлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасаған жөн. Ол үшін, ең алдымен, салық саясаты тұрақты болуға тиіс. Сонда бизнес те сапалы дамуға ынталы болады және жауапкершілікпен жұмыс істейді, – деді.
Бұл пікірден салық саясатының тұрақтылығының маңызы айқын көрінеді. Тұрақты салық жүйесі кәсіпкерлерге ұзақмерзімді стратегия құруға мүмкіндік береді, ал бұл экономикалық өсімге әкеледі. Президент бөлшек салық жүйесін мысалға келтіре отырып, оны жетілдіруді ұсынды. Бұл жүйе халықпен тікелей жұмыс істейтін шағын және орта бизнеске арналған тиімді құрал екені айтылды. Мұндай шаралар кәсіпкерлердің көлеңкелі экономикадан шығып, ашық жұмыс істеуіне ықпал етеді. Сонымен қатар салықтық әкімшілендіру үдерістерінің жеңілдетілуі олардың уақытын үнемдеп, шығынын азайтады.
Жаңа кабинеттің жаңашылдығы неде?
Сол себепті, биыл 13 қаңтардан бастап елімізде жаңа Салық төлеушінің кабинеті іске қосылды. Бұл платформа – салық төлеушілерге арналған жаңартылған цифрлық жүйенің бір бөлігі. Салықтық әкімшілендірудің ақпараттық жүйесі аясында жасалған кабинет арқылы енді барлық салықтық құжатты бір жерден алуға болады. Салық төлеушілер мен мемлекеттік кірістер органдары арасындағы байланыстарды жеңілдетуге, үдерісті ашық әрі қолжетімді етуге жол ашылды.
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жаңа кабинетті пайдалану өте оңай. Барлық жаңа құжат тек осы платформада қолжетімді, ал бұрынғы Салық төлеушінің кабинетінен тек ескі хабарламаларды көруге болады. Жүйеге тіркелу үшін электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет. Жүйені дұрыс пайдалану үшін Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) бірқатар нұсқаулық дайындады. МКК-ның YouTube арнасында бейнесабақтар жарияланған, ал платформа ішінде «Қолдау», «Көмек» және «Анықтамалық ақпарат» бөлімдері жұмыс істейді. Бұл ресурстар жаңа жүйені тез меңгеруге жәрдемдеседі.
Қажетті құжаттар тізімі бар
Ең жақсысы, жүйеден салық заңнамасын бұзған жағдайда, оны түзету қажеттігі туралы хабарламалар аласыз. Бұл құжаттар салықтық міндеттемелерді уақтылы орындауға көмектеседі. Басқа қандай құжаттар барын тізіп шығайық:
- Салық есептілігін уақытында тапсырмау туралы ескертулер;
- Салықтық берешек пен кедендік төлемдер бойынша қарыз туралы хабарламалар;
- Шоттар мен мүлікке шектеу қою немесе оны жою туралы шешімдер;
- Әлеуметтік аударымдар мен зейнетақы жарналары бойынша берешек туралы ескертулер.
Жаңа кабинеттің басты артықшылығы – уақытты үнемдейді. Себебі барлық хабарлама мен құжаттар бір жүйеде жинақталған. Ал салықтық міндеттемелерді орындау үшін мемлекеттік органдарға барудың қажеті жоқ. Жалпы, қазір салық саясатында цифрландыру өріс алып келеді. Бұл бағытта Мемлекет басшысы бірқатар тапсырма да берген. Әсіресе, Жолдауда салық жүйесін толық цифрландыру қажеттігіне ерекше тоқталған. «Сыбайлас жемқорлыққа қатысты сын-қатерлерді барынша азайтып, салық саласындағы үдерістердің ашық болуын қамтамасыз ету үшін оны тезірек электронды форматқа көшірген абзал» деген еді.
14 жүйенің 9-ы жойылды
Осы тапсырмалар аясында Қаржы министрлігі салық және кеден әкімшілендіруінің бизнес-үдерістерін цифрландыруды қарқынды түрде жүзеге асырып жатыр. Мемлекеттік кірістер комитеті ұсынған жаңа ақпараттық жүйелер мен реформалар кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға, салықтық және кедендік процедуралардың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі уақытта мемлекеттік кірістер органдарының барлық IT жүйелеріне тәуелсіз аудит жүргізіліп, жаңа ақпараттық архитектура құрылған. Бұрын қолданылып келген 14 жүйенің ішінен тек 5 заманауи жүйе қалдырылып, олардың функционалдары уақыт талабына сай жаңартылды.
Жеке-жеке тоқталайық:
- Электронды шот-фактуралар жүйесі (ЭШФ) тауар айналымын бақылауға мүмкіндік береді. Бұл жүйе арқылы кәсіпкерлер тауарларын электронды түрде рәсімдеп, қоймадағы қалдықтарды автоматты түрде есептей алады. Бұл заңсыз сауда операцияларын азайтып, бизнес жүргізуді жеңілдетеді.
- Тәуекелдерді басқару жүйесі (ТБЖ) бизнеске қатысты тәуекелдерді ерте анықтап, қажет болған жағдайда тексеру үшін нысаналы іріктеуді жүзеге асырады. Бұл заң бұзушылықтардың алдын алып, тексерулерді ашық әрі әділ жүргізуге жағдай жасайды.
- Интеграцияланған салықтық әкімшілендіру жүйесі (ИСӘК) – бұрынғы бірнеше жүйенің орнына жасалған жаңа кешен. Бұл жүйе 13 млн пайдаланушыға қызмет көрсете алады, құжаттарды өңдеу уақытын қысқартып, бір мезетте 250 мың адамға дейін қолжетімді болуға мүмкіндік береді. Оның аясында Салық төлеушінің жаңа кабинеті де бар.
- «Smart Data Finance (SDF) жүйесі салық төлеушілердің цифрлық профилін құрып, көлік және жылжымайтын мүлік салықтарын автоматты түрде есептейді. Сонымен қатар салық декларацияларын алдын ала толтырып, адам қателіктерін жояды.
«Бұл оңтайландыру салық және кеден әкімшілендіруін едәуір жеңілдетеді және салық базасын кеңейтеді. Басты мақсатымыз – әкімшілік жүктемені, мемлекеттік кірістер органдары мен кәсіпкерлер арасындағы тікелей байланысты барынша азайту. Бұл бәрінің ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелін жояды. Салық және кеден үдерістерін цифрландыру мақсатында енгізілген жаңа жүйелер кәсіпкер жұмысын жеңілдетуге, үдеріс ашықтығын арттыруға және көлеңкелі экономиканы азайтуға көмектеседі», деді Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары.