
Марракеш шартының маңызы
Басқа жұмысқа ауысуына байланысты Ерлан Сәрсембаев Сенат шешімімен Конституциялық Сот судьясы лауазымынан босатылды. Регламентке сәйкес бұл мәселені Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары алдын ала талқылады.
Сондай-ақ отырыс барысында палата депутаттары «Зағиптардың және көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдау қабілеті өзгедей шектелген адамдардың жария етілген туындыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы Марракеш шартын ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.
Депутаттар атап өткендей, елдің Марракеш шартына қосылуы көру қабілеті нашар адамдардың кітап, журнал, оқу материалдарына қолжетімділігі артады, сондай-ақ олардың қоғамның мәдени және әлеуметтік өміріне еркін араласып кетуіне мүмкіндік береді. Атап айтқанда, келісім аясында тараптар арасында қолжетімді форматтағы даналармен алмасу және оларды импорттау тетіктері қарастырылған.
Елімізде толыққанды инклюзивті орта қалыптастыруға және бұл саладағы мәселелерді шешуге барлық деңгейде жүйелі әрі кешенді жұмыс жүргізу қажет. Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен сарапшылардың өзара тығыз байланысы да маңызды. Мұны қабілеті бұзылған азаматтарға ақпараттардың қолжетімділігін жеңілдету туралы заңды қарау кезінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты.
– Мүмкіндігі шектеулі балалардың, оның ішінде көру қабілеті бұзылған жеткіншектердің сапалы білім алуына жағдай жасау – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Конституциямызда да бәріне тең мүмкіндіктер қалыптастыру туралы нормалар бар. Соларды іске асыруымыз керек. Сондай-ақ бұл – біздің адамгершілік міндетіміз. Осы бағытта министрлік тарапынан ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын білеміз. Сонымен қатар аталған саладағы мәселелерді жүйелі және толыққанды шешуге біздің депутаттардың бастамасымен тиісті заң жобасы әзірленіп жатыр. Ол білім беру жүйесінде инклюзивті ұстанымдарды аттыруды көздейді, – деді Сенат төрағасы.
Жалпы, бұл салада көптеген мәселе бар. Сенат спикерінің айтуынша, тиісті мамандар даярлауға, мектептердегі арнайы сыныптардың материалдық-техникалық базасын жетілдіруге қатысты түйткілдер көп.
– Сондықтан аталған заң қабылданғаннан кейін осындай мәселелерді шешуге ықпал етеді деп сенеміз. Бүгінде сенаторлар бұл салада белсенді жұмыс жүргізіп жатыр, – деп М.Әшімбаев мүдделі тараптарды ортақ мақсат жолында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Қонаев қаласын дамытуға қаржы қарастырылмаған
Сонымен қатар палата отырысында сенатор Сұлтан Дүйсембинов Үкіметке Қонаев қаласындағы инфрақұрылымды дамытуға қаржы қажет екенін айтып, 2023–2025 жылдарға арналған бюджетті нақтылау кезінде республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер қарастыруды ұсынды.
Қонаев қаласына Алматы облысының орталығы мәртебесі берілгеннен кейін қалада инженерлік, энергетикалық, әлеуметтік және әкімшілік нысандардың құрылысына қаржы қажеттігі сезіле бастаған. Алайда сенатор С.Дүйсембиновтің айтуынша, бұл жұмыстарды іске асыруға қаржы қаралмаған.
– «Арна» қосалқы электр стансасының құрылысы – стратегиялық маңызы бар жоба. Мұны іске асыру өңірдің экономикалық және өнеркәсіптік дамуына қуатты серпін болатыны анық. Ол жаңа жұмыс орындарын құруға, өндірістік және әлеуметтік объектілерді энергиямен қамтамасыз етуге, сондай-ақ облыстың инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті депутат.
Өңірдегі жұмыстар басталғанына қарамастан, 2023–2025 жылдарға арналған бюджетте бірнеше жобаны қаржыландыру назардан тыс қалған. Бұл қаланы дамытуға бағытталған шаралардың уақтылы орындалуын қиындатып отыр. Атап айтқанда, бұлар – әкімшілік ғимараттар, энергетика және көлік коммуникациялары, сондай-ақ білім беру және мәдениет мекемелері сияқты стратегиялық нысандар.