
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, сыртқы ортада баға қысымы күшейіп тұр.
«Оған еліміздің негізгі сауда-серіктесі – Ресейде инфляцияның күшеюі себеп. Оның үстіне, кейінгі айларда жетекші экономикаларда инфляция үдеп келеді. Соның өзі әлемдегі мөлшерлемелердің ұзақ уақыт жоғары болып қалуына себеп. Бұл өзгерістер доллардың нығаюына әсер етті. Дамушы елдердің валюталарына, оның ішінде теңгеге де қысым күшейіп келеді. Ішкі экономикадағы инфляциялық факторларды атасақ, олар – фискалдық ынталандырудың жалғасуы, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифінің өсуі, теңгенің әлсіреуі және тұтынушылық сұраныстың тұрақты артуы», дейді ҰБ басшысы.
Оның сөзінше, бас банк негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамын жаңарта отырып, келесі шешімде ақша-кредит саясатын қатаңдату шаралары қаншалықты қажет болатынын мұқият бағалайды.
«Қажет болған жағдайда инфляциялық күтулерді тұрақтандыру әрі инфляцияны тұрақты құлдырау траекториясына мақсатты 5%-ға дейін қайтару үшін мейлінше тезірек қатаң шешімдер қабылдауға дайын екенімізді айта кеткім келеді», деді.
2024 жылдың желтоқсанында инфляция 8,6%-ға дейін жеделдеп, болжамды 8–9% деңгейінде қалыптасты. Нәтиже бір қарағанға тұрақты болып көрінгенімен, оның өсуіне бірнеше маңызды фактор ықпал етті. Ең алдымен, қызмет көрсету саласындағы бағаның күрт артуы байқалды. Коммуналдық төлемдер, көлік, білім және денсаулық сақтау салаларындағы баға өсімі тұрғындардың шығынын арттырып, жалпы инфляцияның жоғарылауына түрткі болды.
Сонымен қатар азық-түлікке жатпайтын тауарлардың қымбаттауы да маңызды рөл атқарды. Бұл санатқа тұрмыстық техника, киім, жанармай, құрылыс материалдары сияқты өнімдер кіреді. Бағаның өсуіне ішкі және сыртқы нарықтағы өзгерістер, әсіресе теңгенің құнсыздануы әсер етті. Импорттық тауарлар бағасының өсуі жергілікті нарыққа да қысым түсірді.
Тағы бір айтарлықтай себеп – «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында коммуналдық тарифтердің көтерілуі. Әлемдік азық-түлік бағасының өсуі мен Ресейдегі инфляцияның күшеюі де ел экономикасына қосымша қысым жасады.