18 Маусым, 2015

Мемлекеттік рәмізді қорлау – көрсоқырлық

663 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ту-2Мемлекеттік туды қорлауға болмайды. Ол – елдігіңнің, тәуелсіздігіңнің белгісі. Азамат болып отбасыңды асырап жүрсең, сені қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай төбеңді көкке жеткізетін Отаныңның символы. Бірақ, көкірегі көр жандар олай ойламайды екен. Жұрт болып қас­терлеген мемлекеттік рәмізді қорлау таяз жандарға ештеңе емес. Шымкентте Мемлекеттік тумен қоқыс шығарған жұмысшылар анықталды. Осыған байланысты қала әкімінің баспасөз қызметі арнайы брифинг өткізіп, ақпарат құралдары өкілдеріне түсінік берді. Оқиға Шымкентте орын алғаны анықталды, деді баспасөз хатшысы Нұрлыбек Жеңісбек. Әл-Фараби ­ауданы аумағын тазалаған қызмет­кер­лер «Бек-Асыл Сервис» ЖШС-інде жұмыс жасайды. Жүк көлігі де осы мекемеге тиесілі. Қылмыстық кодекстің 372-бабына сәйкес еліміздің Мемлекеттік рәміздерін қорлау 2000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салумен немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарын атқарумен жазаланады. Бүгінде екі жұмысшы мен жүргі­зушіден құқық қорғау өкілдері жауап алып жатыр. Оларға да жан керек. «Біз барғанда ту құлап жатыр екен. Үстіне қоқыс төгіліпті. Біз бар болғаны туды қоқыстан тазарттық», дейді күдіктілер. Мемлекеттік туды қорлау бірінші рет болып отырған жағдай емес. Елдігіңнің нышанын аяқасты ету – нағыз көрсоқырлық. Оларды аямау керек. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.