
Өз тауарларымыздың тізілімі
Алдымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов баяндады. Депутат баяндамасынан ұққанымыз енді елімізден шыққан тауарлардың тізілімі жасалмақ. Яғни Мәжіліс тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасы отандық тауар өндірушілерді және олар өндіретін тауарларды сәйкестендірудің оңтайлы жүйесін құруға бағытталған. Бұл кейін мемлекеттік қолдау көрсетудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Негізгі өзгерістің бірі – отандық тауар өндірушілердің тізілімін құруды реттеу. Бұл жаңа мемлекеттік ақпараттық жүйеде отандық өндірушілер мен олар өндіретін тауарлар туралы ақпарат болады. Тізілім қолданыстағы «CT-KZ» нысанындағы сертификаттар мен индустриялық сертификатты ауыстыруға арналған. Өндірушілер тізілімге енгізуге өтінімдерді жеке кабинеті арқылы бере алады.
– Қазіргі уақытта сертификаттау үдерісі жоғары деңгейдегі адами фактор ықпалына ие және мемлекеттік ақпараттық жүйелермен, өндірушілердің бірыңғай дерекқорымен интеграцияланбаған. Бұл кемшіліктер сертификаттау процедураларының объективтілігі мен ашықтығына қауіп төндіреді. Жаңа тізілім толыққанды ақпараттық жүйе болады және ол қажетті құжаттарды сараптама жүргізу үшін басқа мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланады, – деді депутат.
Салалық мемлекеттік органдар мен бірлестіктерді тарта отырып, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің көшпелі комиссиясы өндірісті цифрлық тексеруден және бағалаудан кейін өндірушіні тізілімге енгізу немесе енгізбеу туралы шешім қабылдайды. Осылайша, «жалған өндірушілердің» немесе қазақстандық емес өндірушілердің мемлекеттік қолдау шараларын алуына тосқауыл қою жоспарланып отыр.
Қысқасы, өндірушілер «Қазақстанда жасалған» брендімен сатуға дайын өнімді импорттамай, нақты тауар өндіретінін дәлелдеуі керек. Ал тізілімге енгізілген кәсіпорындар реттелетін сатып алуға қатысу мүмкіндігіне ие болады. «CT-KZ» нысанындағы сертификаттар мен индустриялық сертификаттар 2026 жылғы 1 қаңтарына дейін қолданыста қалады. Сондай-ақ заң жобасында алғаш рет Қазақстаннан шыққан тауарлар мен қазақстандық өндірушілердің заңды анықтамалары қарастырылған.
Дегенмен депутат Нартай Сабильянов заң жобасын талқылау кезінде кейбір мәселелермен келіспейтінін жеткізді.
– «СТ-KZ» және индустриялық сертификаттар бастапқыда отандық өндірушілерді нақты қолдау үшін құрылды. Оның негізінде мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде преференциялар беріледі, жеңілдіктер мен субсидиялар алуға мүмкіндік жасалады. Алайда іс жүзінде көрсетіп отырғандай, қазір сертификаттау жүйесі оның сенімділігіне нұқсан келтіретін елеулі бұзушылықтар мен кемшіліктерге тап болып отыр. Жалған өндірістерді тіркеу жағдайлары кездеседі. Мысалы, Атырауда «Исатай мен Махамбет» ескерткішінің орналасқан жеріне өндіріс бар деп сертификат берілген. Талдықорғанда сертификат алған субсент өндіріс орнының мекенжайы ретінде монша кешені көрсетілген, – деді Н.Сабильянов.
Сондай-ақ ол деректерді асыра сілтеу және бұрмалау фактілерінің болғанын жасырмады.
– Импорттық тауарларға, яғни латекс қолғаптары, LG теледидары, жасанды көгалдандыру мен басқа да тауарларға Қазақстанда жасалған деген сертификаттар берілген. Өндіріс орнына қойылатын қарапайым талаптар мен өнім сапасының стандарттарын сақтамау жағдайлары да кездеседі. Мысалы, Алматыда сүт өнімдері санитарлық талаптарға сай келмейтін тұрғын үйде өндіріліп келген, – дейді ол.
Халық қалаулысы келтірген мәліметке сүйенсек, 2023 жылы Бас прокуратура 206 бұзушылықты анықтады. Сонымен қатар уәкілетті орган жүргізген 42 тексерудің қорытындысы бойынша 40-тан аса әкімшілік іс қозғалған.
Сондай-ақ тауарлардың шыққан елін анықтау мәселелері бойынша түзетулер аясында депутаттар квазимемлекеттік сектор, табиғи монополиялар субъектілері, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылар үшін қатты пайдалы қазбаларды өндіру бойынша жаңа міндеттемелер енгізуді ұсынып отыр. Атап айтқанда, Жер қойнауын пайдаланушылар үшін лицензиялау шарттарын қатты пайдалы қазбаларды өндіру бойынша ішкі құндылықты дамыту бағдарламаларын іске асыру жөніндегі міндеттемелермен толықтыру ұсынылады. Сондай-ақ саланы дамытуға бағытталған келісімдерді жоспарлау және жасасу рәсімдерін жүзеге асыру қарастырылған. Мұндай компаниялар ақпараттық жүйеде белгілі бір тауарларды сатып алуға қажеттіліктерін орналастыруға міндетті болады. Яғни осы тетік арқылы квазимемлекеттік сектордағы компанияларға, табиғи монополиялар субъектілеріне, жер қойнауын пайдаланушыларға тауар жеткізгісі келетін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері олардың сатып алуларына басымдықпен қатысу арқылы өз өнімдерін жеткізе алады. Талаптар жасалған күніне қарамастан, қатты пайдалы қазбаларды өндіруге арналған барлық қолданыстағы келісімшарт пен лицензияларға қолданылады.
Әскери дайындық жандана түспек
Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да қаралды. Ол бойынша Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы баяндады.
Баяндамада айтылғандай Қазақстан мен Түркия өсімдіктер карантині мен оларды қорғау туралы ортақ келісімге келген. Отырыста Мәжіліс екі ел арасындағы келісімді ратификациялады. Келісімнің мақсаты – фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және екі мемлекеттің аумағында карантиндік зиянды организмдердің әкелінуі мен таралуын болдырмау үшін өсімдіктер карантині мен оларды қорғау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту.
Сонымен қатар Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ермұрат Бапи «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде баяндады.
Қазақстанда 2025 жылдан бастап резервтік қызмет енгізіледі. Мәжіліс резервтегі қызмет мәселелері бойынша заңды екінші оқылымда қабылдады. Бұл әскер құрамын толықтырудың қосымша әдісі болмақ.
Сондай-ақ қажетті әскери мамандықтар бойынша резервтік күштерді дайындауға, резервшілердің тікелей әскери бөлімдерге келуіне байланысты әскери бөлімдердің даярлық мерзімін қысқартуға, жауынгерлік дайындықты арттыруға мүмкіндік береді. Заңда оқу немесе жиын кезеңінде әскери қызметші мәртебесін алатын жаңа «әскери резервші» ұғымы енгізіледі. Резервтік қызметті енгізу 2025 жылға жоспарланған. Осылайша, әскер дайындығын жетілдіру жалғасады. Ал резервшілер қызметке ерікті түрде шақырылады.
Заманды толғандырған сауал
«Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Премьер-министр Олжас Бектеновке жергілікті жерлердегі коммуналдық меншікті басқару мәселелері туралы жолдаған депутаттық сауалын жолдады.
– Осыдан бір жыл бұрын елімізді алапат су тасқыны алғанын білесіздер. Сол уақытта жергілікті әкімдіктерде не бір техника, тіпті қарапайым құрал-саймандардың болмағанына куә болдық. Соның салдарынан тасқынның алдын алу жұмыстары әлсіз ұйымдастырылды. Қаншама елді мекен су астында қалды. Осы оқиғадан соң біз Үкіметке жергілікті атқарушы органның коммуналдық-шаруашылық саясатын ретке келтіру бойынша нақты ұсыныстарымызды жолдадық, – деді депутат Е.Бейсенбаев.
«Amanat» фракциясының тағы бір мүшесі Еділ Жаңбыршин Премьер-министр Олжас Бектеновке, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевқа ЛГБТ насихатына тыйым салу шаралары бойынша депутаттық сауал жолдады. Ол кеше ғана президенттік қызметіне кіріскен Дональд Трамптың Америкада бұдан былай ер және әйел деген екі ғана жыныс болатынын шегелеп бекіткенін айтып, АҚШ Президентінің шешімі Мәжіліс депутаттарының ЛГБТ-ға қарсы ұстанымымен ұштасатынын жеткізді.
– ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салуды көздейтін арнайы заң нормаларын да әзірледік. Алайда осы әрекеттерімізге кейбір шенеуніктер батыс елдері өкілдерінің «демократияны шектеп жатырсыңдар», «адам құқығын таптап жатырсыңдар» деген ұстанымдарын желеу қылып, қарсылық білдірді. Тіпті ЛГБТ өкілдері және олардың сыбайластары депутат әріптестеріме және олардың отбасыларына әлеуметтік желіде, бұқаралық ақпарат құралдарында жаппай ақпараттық шабуылдар ұйымдастырды, – деген Е.Жаңбыршин өз ұсынысын жеткізді.
Яғни Үкіметке E-petition.kz мемлекеттік платформасында 2 аптада 50 мың қол жинаған ЛГБТ насихатына қарсы жарияланған петицияның талаптарын толық қанағаттандыру керектігін айтты.
Сондай-ақ Respublica партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров Премьер-министр Олжас Бектеновке ауыл шаруашылығы техникасына салынатын салық мәселелері жөнінде депутаттық сауалын бағыттады.
– Өткен жылдың аяғында форумда Президент шаруалардың қолданатын техникаларын жаңарту керек деп нақты тапсырма берді. Алайда екі апта өткен соң шаруалар мемлекеттік кірістер комитетінен 2021–2024 жылдар аралығында салық төлеу ісі бойынша заң бұзушылықтар бар деген хабарламалар алады. Бұл ескерту жүздеген шаруа мен лизингтік компаниялардың мойнына 32 млрд теңге қосымша салық жүктеп отыр, – деді А.Қожаназаров.
Оның айтуынша, Салық кодексінің 645-бабының 9-тармағының 1-тармақшасына сәйкес, Қазақстан аумағына сыртқы сауда қызметі аясында тауарларды тасымалдау бойынша төлемдерге салық салынбайды.
Сонымен қатар депутат Жанарбек Әшімжанов Премьер-министр Олжас Бектеновке отандық кинематографияның бүгінгі жай-күйін, келеңсіз тұстарын жіпке тізіп, депутаттық сауалын жолдады.