АЛМАТЫ
Әсем Алматының тұрғындары Қазақстан халқының бірлігі күнін әдеттегідей ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Мерекелік шара қала әкімдігінің алдын ала жоспарлаған бағдарламасына сай – Орталық мәдениет және демалыс саяжайынан бастау алды. Әсіресе, үстеріне қызыл-жасыл киім киіп, айрықша нұрға малынып, көктемдей құлпырған қазақстандық этнос өкілдерінің қуанышында шек жоқ. Бүгін – Қазақстандағы барша ұлтты ұйыстыратын, ағайынның басын қосатын айтулы мейрам! Жиналғандар «Шабыт» жаздық театр алаңын қаумалады. Қала тұрғындары мен қонақтарын қала әкімінің уақытша міндетін орындаушы Ахметжан Есімов зор шабытпен құттықтады.
Ол айтулы мерекенің кешегі Президент сайлауымен тұспа-тұс келуін атап өтіп, алматылықтарға, оның көп ұлт өкілдеріне саяси науқанда белсенділік көрсеткені үшін алғысын білдірді.
– Біздің арманымыз – бір, мақсатымыз – жалғыз, ол – «Мәңгілік Ел!» – деп түйіндеді ресми өкіл.
Бұдан соң Ахметжан Есімов Алматыдағы этномәдени орталықтардың таңдаулы өкілдеріне Президент Жарлығына сәйкес «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мерекелік медалін салтанатты жағдайда табыс етті.
Белгілі өнер жұлдызы Нағима Есқалиева ән-шашу шашты. Бұдан кейін орыс, украин, ұйғыр, корей, татар тілдерінде ән айтылды. Бұл кезде думанды концерт қаланың барлық әкімшілік аудандарында жалғасын тапқан...
Әдеттегі дәстүр бойынша Алматы аумағында субұрқақтар іске қосылды. Оның ең мәртебелісі – бас субұрқақ Тұңғыш Президент саябағында көкке шапшып, айналаға қоңыр салқын леппен әр беріп тұр.
Бұдан басқа қала орталығындағы 9 субұрқақ та іске қосылды. Әкімдіктің табиғи ресустар басқармасының өкілдері қаладағы қалған 46 субұрқақ мамыр айының соңына дейін толық қосылады деп сендірді.
Мамырдың әні аяусыз төгіліп, жыры шашылды... Бірлік мерекесі халықтық жаппай серуенге ұласып, шырайлана түсті.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
АҚТАУ
50-ге тарта ұлт өкілдерін құтты төсінде тоғыстырып, олардың шат тұрмысының бесігіне айналған Маңғыстауда бірлік мерекесін атап өту 1 мамырдан бірнеше күн бұрын басталды. Мектеп, колледж оқушыларының этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен тақырыптық кездесуі, этномәдени бірлестіктер арасында «Белсенді отбасы» отбасылық сайысы, Түрікменстан делегациясының қатысуымен халықаралық «Мен бейбітшілікті таңдаймын» атты балалар суреттері көрмесі мен байқауы, сондай-ақ, Ақтау, Жаңаөзен қалаларында «Татулық-достықтың киелі бесігі» атты Түрікменстан өнер жұлдыздары және Маңғыстау өнерпаздарының бірлескен концерті, «Ынтымағы жарасқан тәуелсіз елім» атты мектеп оқушылары арасында ұлттар достығы байқауы, «Бірлігіміз жарасқан!» атты жастар байқауы, суретші жастардың сурет көрмесі, спорттық жарыстар сынды ондаған шаралар облыстың аудан-қалаларында өткізілді.
Мереке күнгі шара Ақтау қаласындағы Президент даңғылы бойында орналасқан «Мәңгілік алау» кешенінен Ақтау қаласы әкімдігі алдындағы Астана алаңына дейін мерекелік шерумен басталды. Барабаншылардың бастауымен сап түзеген шерушілерді алдымен этномәдени бірлестіктер өкілдері, «Нұр Отан» партиясы өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, Ш.Есенов атындағы КМТжИУ ұжымы, мұнайшылар мен «Ақтау халықаралық теңіз-сауда порты», «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп», «Қазтелеком», өзге де ондаған ұжымдар жалғады. Достық, бірлік, бейбітшілік тақырыбындағы ұрандарды көтеріп, жалаулата ауқымды 35 топ болып жүріп өткен шеруге қатысушылар саны 5 мыңға жуықтады.
Салтанатты шарада Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев Елбасы Н.Назарбаевтың ұлттар арасындағы достықтың қазақстандық моделін қалыптастыру мен дамытудағы ерен еңбегінің нәтижесінде бірнеше ұлттың өкілдері тәуелсіз Қазақстанды дамыту жолында бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара қызмет етіп жатқандығын, киелі Маңғыстау өңірінде бұл дәстүрдің өз сабақтастығын тауып отырғандығын айта келіп, барша маңғыстаулықтарды бірлік мерекесімен құттықтады және бұдан былай да достық пейілден жаңылмай, ел үшін бірлесе қызмет ете беруге шақырды.
Шеру соңы мерекелік концертке ұласты. Әр ұлттың көрмелерімен бірге мерекелік сауда-саттық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мереке Ақтау қаласындағы «Ақтау», «Бәйтерек», «Астана», «Достық» сауда-ойын-сауық орталықтарында әртүрлі ойын-сауық шараларымен жалғасын тапты.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген
Талант ҚҰСАЙЫН.
АҚТӨБЕ
Көктемнің күні Жер-анаға бар мейірімін төгіп, шуағын шашып, күлімдеп-ақ тұр. Редакция тапсырмасымен біз ерте ояндық па десек, бізден ерте тұрғандар баршылық екен. Әбілқайыр хан батыр ескерткіші алдындағы алаңға күн көтерілмей-ақ қарақұрым халық жиналып қалыпты. Бұлар 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылған «Сенің марафоның – сенің жеңісің» атты марафонға қатысушылар болып шықты. Қаланың кәсіпорындары мен ұйымдарынан және жоғары оқу орындары мен колледждерден, мектептерден барлығы 4,5 мың адам қатысқан марафонда ерлер – 21, әйелдер – 10, ал бұқаралық марафоншылар 3 шақырымға жүгіріп өтіп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық саябаққа жиналды.
Мұнда да мереке әлдеқашан басталып кеткен. Түрленіп-түлеп кеткен саябақ ортасындағы үлкен сахнадан сан ұлттың әуезді үні асқақтайды. Шайдай ашық аспаннан мейірім төгілуде. Мерекеге жиналған халық нөпірі сәт сайын толыға түсуде. Сауда қатарлары да сан бояуға малынғандай әдеміленіп кеткен. Сахнада достық пен бірліктің белгісіндей шаңырақ көтеріліп, оның астына жиналған облыстағы этномәдени бірлестіктердің ұлттық киімдерін киген өнерпаздары мерекенің сәні мен салтанатын арттырып тұр. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінің салтанатты ашылуында облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова қысқаша сөз сөйлеп, еліміздегі ұлтаралық достық пен бірліктің тереңнен тамыр тартатынын, оған Елбасы Н.Назарбаев ұстанған сарабдал саясаттың берік іргетасын қалап отырғанын жеткізді. Содан кейін еліміздегі татулық пен тұрақтылыққа елеулі үлес қосып жүрген этномәдени бірлестіктер төрағалары мен мүшелеріне «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мерекелік медалін тапсырды.
Мерекелік салтанат барысында марафон жеңімпаздары марапатталып, оларға ақшалай және ескерткіш сыйлықтар тарсырылды.
Мерекелік шараға жиналғандарға «Достық» облыстық және «Қазақстан достықтың мекені» атты аймақтық фестивальдарының лауреаттарының гала-концерті ұсынылды. Облыс орталығындағы алаңдар мен аллеяларда да көктем шуағымен шырайланған мерекелік көңіл-күй жалғасын тапты.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
АТЫРАУ
Жыл сайын Атырауда Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін Исатай мен Махамбет батырлар ескерткіші бой көтерген алаңда атап өтеді. Бұл жолы да солай болды. Жұртшылық ертеңгілік аталған алаңға қарай топ-тобымен ағылды. Ұлттық киімдерін киіп, бір-бірін қол алысып, төс қағыстырған түрлі этнос өкілдері бір-бірімен айтулы мерекемен құттықтап жатты. Айтқандай, өңірде 17 этномәдени бірлестік өкілдері татулық пен тұрақтылықты, достық пен бірлікті нығайтуға лайықты үлесін қосып келеді. Алаңға жиналған жұртшылықты облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов құттықтап, ел бірлігінің маңызына кеңінен тоқталды. Өңірдің бір топ соғыс және еңбек ардагеріне мемлекеттік марапаттар тапсырды. Сонымен бірге, ел бірлігін нығайту, бейбітшілік пен келісімді сақтау және рухани мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін «Бірлік» алтын медаліне «Татулык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің жетекшісі Гүлсина Байкенова мен «Алия» еврей этномәдени бірлестігінің жетекшісі Павел Ткач ие болды.
– Біздің еліміз тәуелсіздігін алғалы бері көптеген жетістікке қол жеткізді. Қазіргі таңда әлеуметтік-экономикалық жағдайымыз жақсара түсті. Еліміздегі барлық этнос өкілдері бір-бірімен тату, өз тілін, мәдениетін дамытуға мүмкіндік алды. Сонымен бірге, бәрі де мемлекеттік тілді құрметтейді. Елдегі татулықтың нығайғаны биылғы Президент сайлауында және бір рет дәлелденді, – дейді «Татулык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің жетекшісі Гүлсина Байкенова.
Бұл күні этномәдени бірлестіктердің мүшелері әуелете ән салды, мың бұрала би биледі. Олар тек өз тілдерінде ғана емес, қазақ әндерін де шырқады.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
КӨКШЕТАУ
Ақмола өңіріндегі биылғы 1 мамыр мерекесі «Қазақстан халқының достығы» атауындағы кең ауқымды фестиваль ретінде атап өтілді. Алтын күн шапағына бөленген кербез Көкшетау бар жасауымен жарқырап тұр. Көшелер мен алаңдарда облыс аумағындағы тату-тәтті тіршілік кешіп отырған этнос өкілдерінің барлығы өздерінің ұлттық киімдерімен салтанат құрып, ән-биден шашу шашуда.
Фестиваль Абылай хан алаңындағы 300 мектеп оқушысының «Бейбітшілік пен достық – балалар көзімен» атты асфальттағы сурет конкурсымен басталуы айрықша маңызды дер едік. Мәселен, қаладағы №12 мектептің сурет-сызу пәнінің мұғалімі, республика оқу-ағарту ісінің үздігі Мүтәллап Исқақов өзінің 24 оқушысының «Менің Қазақстаным!» тақырыбындағы суреттерінен балалар қиялындағы ертеңгі Мәңгілік Елді көруге болатынын айтады. Мұндайда ескерткіш тұғырдағы Абылай бабамыз да «бәрекелдісін» білдіргендей бойыңды жылы сезім кернейді. Бұл әсерді Абылай хан мен Тәуелсіздік алаңдарын жалғастыратын аллеядағы қылқалам шеберлері мен дизайнерлердің, сәулетшілердің интеллектуалды «Достық даңғылы» шығармашылық көрмесі де қалыңдата түседі.
Көкше төрінде еліміздің Әнұраны қалықтады. Тәуелсіздік алаңындағы шадыман жұртқа облыс әкімі Сергей Кулагин сөз арнап, ақмолалықтардың мерекелі жылғы еңбек табыстарына, қоғамдық және саяси өмірдегі белсенділігіне ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, ол Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің шешімімен бір топ азаматқа «Бірлік» алтын медалі мен «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мерекелік медальдарын табыс етті. Фестивальға қатысушыларды этномәдени орталықтардың басшылары мен белсенділері қызу құттықтады.
Ауқымды шарада көкшеліктер назарына алты тарихи тармақтан тұратын театрландырылған көрініс ұсынылды. Көз алдымызда Қазақ хандығының құрылуының, депортацияға ұшыраған ұлттар мен ұлыстардың Қазақ жерін мекендеуінің, Ұлы Отан соғысындағы Жеңісіміздің, тың игеру кезеңінің, бүгінгі шат тұрмысымыздың шежіресі жылжып өтіп жатыр. Бұл шеру болашақ мақсаттармен ұштасып кететіндігімен де ғажап.
Мереке халық достығының ортақ дастарқан байлығымен, кең көлемді концерттік бағдарламалармен жалғасты.
Аудандардағы алақай мейрам да танымдық сипат алды.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.
ҚАРАҒАНДЫ
Еліміз өміріндегі қуанышты оқиғаға табиғат өзі де сый жасағандай мамырдың алғашқы күні нұрын молынан төгіп, адамдар мен қала ажарын одан сайын жайнатып жіберді. Жан-жақтан ағылған қауым қатары межелі уақытта қалыңдай түсіп, ұзыннан-ұзақ Бұқар жырау даңғылы лық толды. Қолтықтаса сап түзеп, әр тілде қосыла ән шырқап, бақытты тұрмыс пен тату-тәтті өмірге шаттық ескен шеру көтеріңкі көңіл күймен алға басты. Ортақ тілек, бір мақсат тоғыстырған мерекелік салтанатқа қатысушылар «Алға, Қазақстан!», «Біз Назарбаевпен біргеміз!» деп бір кісідей үн тастап, Тәуелсіздік ескерткішін гүл шоқтарына көмкерді.
Облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков бірлік пен тұтастықтың, достық пен ынтымақтың мерейлі мерекесімен құттықтап, Елбасы атынан әр отбасына құт-береке, жарқын болашақ тіледі. Шерушілер кеуделері жауынгерлік марапаттарға толы соғыс ардагерлеріне бас иіп, құрмет көрсетті. Аймақ басшысы ұлттар арасындағы бауырластыққа, қоғамдық келісімге ұйыстырушы бірқатар этномәдени бірлестіктерге облыс әкімінің грантын тапсырып, белсенді мүшелеріне мерейтойлық медальдар табыс етті.
– Бәріміз шынайы разылықпен дауыс беріп, қайтадан сайланған Елбасымыз тұрақтылық пен дамудың кепілі. Сондықтан біз Н.Ә.Назарбаевты әрдайым қолдаймыз, – деді облыстық литван «Литуаник» ұйымының жетекшісі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Виталий Тварионас.
10 мыңнан астам адам бас қосқан шеру салтанаты қаланың барлық бөлігінде жалғасты. Аудандар орталықтары мен кенттерде де мерекелік шерулер болып өтті. Кешкілік түнгі аспанды отшашулар жарқыратты.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні Қостанай қаласы жұртшылығының көптен күткен мерекесі. Ауа райы да адамдардың достық көңіл күйіндей риясыз шуағын төкті. Көптен бері құбылған көктемнің күні жарқырап, көк зеңгір аспан тұп-тұнық болып тұр. Жер-дүние жасыл түске еніп, құлпыра түскен. Тал-терек бүршік атып, қайың сырға тақты. Орталықта мерекелік думан таңертеңнен басталды. Қазақтың және түрлі ұлттардың ән-күйі мерекенің шаттығын еселеді. Орталықта ұйымдастырылған түрлі ұлттардың музыкалық аспаптары көрмесін тамашалағандар олардан төгілген шығармаларды таза табиғи күйінде тыңдады.
– «Өнерде шекара жоқ» деген рас. Мерекеге келіп қаншама ұлттың бұрын өзім көрмеген музыкалық аспаптарын тамашаладым. Маған өзіміздің домбыра, қобызымыз және қатар жүрген орыстың, татардың сырнайы мен балалайкасы таныс еді. Ал армяндардың, корейлердің, чешендердің, әзербайжандардың, тағы басқалардың аспаптарын бірінші рет көргенімді де жасырмаймын. Қырғыздың қомызын қырғыз балаға ойнатып біраз тыңдадым. Корейдің барабандарын өзіміздің қостанайлық қыздар қалай әдемі ұрады, – деп әдемі әсерін бөлісті Қостанай қаласының тұрғыны Жамал Медебаева апай.
Сонымен қатар, мерекеге жиналған қостанайлықтар әр ұлттың ыдыстарын да тамашалады.
– Биылғы мереке Қазақстан халқы Ассамблеясының, Конституциямыздың – 20, Жеңістің – 70 және Қазақ хандығының 550 жылдығымен тұспа-тұс келді. Сондықтан біз биыл бұл мерекенің танымдық жағына көп көңіл бөлдік. Түрлі ұлттар музыкалық аспаптарымен қатар, түрлі ұлттардың пайдаланатын ыдыстары көрмесін де ұсынып отырмыз. Барлық жақсы қасиет отбасынан дариды. Дастарқан басында береке болса, елімізде де тыныштық, бейбітшілік болады деп түйдік. Ыдыстар тарихын тамашалағандар көп, – дейді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Лариса Сероус.
Балалардың тасжолға салған суреті мереке сәнін де, мәнін де арттыра түсті. Халықтық ән-би, ойындар достық пен бірліктің салтанатындай көрінді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚЫЗЫЛОРДА
Береке мен бірліктің туы желбіреп, еңбек пен достықтың күйін шертетін ғажайып мезгілді Сыр жұртшылығы да асыға күтеді. «Бірлік пен татулық мекені – Қазақстан». «Тілегі бірдің жүрегі бір». «Бірлігі жарасқан Қазақстан!» деп ұрандаған қызылордалықтар мерекені тойлауды күнмен таласып бастап кетті.
Ең алдымен, барлық мекемелердің қатысуымен шеру ұйымдастырылды. Еңбек адамдарынан бастап, елдің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген азаматтар бірліктің туын желбіретіп шеруге қатысты.
Мұнан соң татулығы тұғырлы, бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі Сыр елінің халқын облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құттықтады.
– Біз бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолына жұмылған қуатты елміз. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең жоғары байлығымыз. Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету – әрбір Қазақстан азаматының міндеті. Туған жердің төсінде, бейбіт елдің ішінде ел бірлігін сақтауға атсалысайық! Бейбіт өмірдің берекесі, халқымыздың ынтымақ, бірлігі арта берсін,– деді аймақ басшысы.
Ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Сыр елінде 70-ке жуық өзге ұлт пен ұлыстың өкілдері тұрады. 11 этномәдени орталық бар. Барлығы мереке күні концерттік бағдарлама дайындап, бірліктің бекемдігін көрсетті.
Облыстың барлық қала, аудан, ауылдарында мереке жоғары деңгейде аталып өтті, түрлі спорт сайыстары, флешмоб ұйымдастырылды.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
ОРАЛ
1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күні Ақжайық аспанынан күн шуағы молынан төгіліп, батысқазақстандықтардың көңіл-күйі де табиғатпен үндестік тапқандай өте көтеріңкі болды. Осындай шат-шадыман ахуал ауаны Орал қаласы мен облыс аудандарында өткізілген мерекелік шерулер кезінде де айқын аңғарылып тұрды. Оның соңы концерттік бағдарламалар мен жәрмеңкелерге ұласты.
Бірінші мамыр күні қарсаңында Орал өңірінде барлық тұрғындарды бірлік пен татулыққа және ынтымаққа үндейтін әрі осы үш тұғырды одан әрі тереңдете түсе алатын мәні мен мағынасы зор іс-шаралар кешені мәреге жетті. Соның бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына орай облыста ұйымдастырылған «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» эстафетасы.
Бұл мерекелік мегажоба биылғы жылдың ақпан айында бастау алып, осы риясыз рәсімге сай Орал қаласының делегациясы Зеленов ауданына эстафетаны тапсырған болатын. Сол уақыттан бері бұл игі іс көп этносты өңірдің барлық түпкірлері мен елді мекендерін қамтып, тұрғындардың ынтымағын арттырып, олардың арасындағы мәдени-әлеуметтік байланыстарды одан әрі жетілдіруге ықпал жасады. Осылайша кеше мерекелік эстафетаны Теректі ауданының делегациясы Орал қаласына қайта жеткізді.
Біз бірлік күні Орал қаласының орталық алаңы арқылы мерекелік шеруден жүріп өткен бір жас тұрғынды сөзге тартқан едік. Ол өзін Игорь Спиридонов, Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы жастар қанатының төрағасымын деп таныстырды. Көзінде от, бойында жігер мен қайрат бірден байқалатын жас өрен бізге өз тілегін былайша жеткізді: «Жыл сайын 1 мамыр күні келетін Қазақстан халқы бірлігі күнін айрықша терең сезіммен қарсылаймын. Жастар елдің үлкен үміт артатын стратегиялық ресурсы. Мен өзімнің тәуелсіз Қазақстанда тұрып өмір сүріп жатқанымды үнемі мақтаныш етемін. Сондай-ақ, қашанда Мемлекет басшысы саясатын қолдайтын белсенді жастар қатарында жүргім келеді. Біз сапалы білім алып, интеллектуалдық мүмкіндігімізді дамытуға мүдделіміз. Қазір Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанаты Президент белгілеген бейбітшілік пен келісім бағытын іске асыру үшін серпінді істерге бастамашы болып отыр».
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН
Шығыс жұртшылығы еліміздің бірлік күнін – «Мен – Қазақстанның патриотымын!» салтанатты шеруімен қарсы алды. Облыс орталығындағы мерекелік шеруге 15 мыңнан астам қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Өңірдің барлық аудандары мен қалаларында, ауыл-аймақтарында айрықша сән-салтанатымен өткен мерекеде өскемендіктер Астана көшесінен бастап Республика алаңына дейін шеру ұйымдастырды. 5518 әскери бөлімінің оркестрі бастаған салтанатты шеруге түрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдері, байкерлер мен «Бипэк авто» автокөліктер керуені, «Казцинк», Үлбі металлургия зауыты, Өскемен титан-магний комбинаты, «Азия Авто» сынды өңірдегі 88 кәсіпорын мен ұйымдардың жұмысшылары, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, жоғары және орта оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары қатысты.
– Еліміздің баға жетпес байлығы – берекесі мен бірлігі жарасқан, татулық пен келісімнің туын тіккен көпұлтты халқы. Бұл – Қазақстан халқының мызғымас достығының, Отанға деген мәңгілік махаббатының мерекесі, – деді аймақ жұртын құттықтаған өңір басшысы Даниал Ахметов.
Шеруге қатысушылар Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойына орай аспанға 20 ақ көгершін мен 20 мың шар ұшырды. Бірлік күні мерекелік концертке ұласып, достықты ту еткен өнерпаздар өңір жұртшылығын ән-биімен қуантты. Гір тасын көтеру, қол күрес, арқан тарту, шахмат және дойбы ойындарынан сайыстар өтті. Сондай-ақ, бұл күні «Металлург», «Жастар», «Сәулетай» және Жамбыл атындағы саябақ сынды көпшілік демалыс орындары ашылды. Сайлауға белсене қатысқан оқу орындары марапатталды. Мереке кешкілік «Студент көктемі» гала-концертімен, жастардың би кешімен жалғасты.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ПАВЛОДАР
Биылғы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі, татулық пен тұрақтылық тақырыбына арналды. Күн де жылынды. Айнала құлпырып жайнап тұр. Әсем әуендер шалықтап, бүкіл қаланы мерекелік көңіл-күй думанға бөлеген.
Ал, осыдан бір күн бұрын облыс орталығындағы Достық үйінде облыс әкімі Қанат Бозымбаев өңірдің этномәдени бірлестіктерінің басшыларына арнайы гранттар табыс етті. Бірлік күні мерекесіне орай құрамында мордва, удмурт, коми-пермяк, марий, венгр ұлттары өкілдері бар Финугор этномәдени орталығы ашылды. Удмуртиядан қонақтар келіп, этномәдени бірлестік ашылуына орай, алаң ортасында толқи сөз сөйледі.
Осы жақсы жаңалықтардың соңы кеше қала тұрғындары, қонақтары орталық алаң мен Ертіс өзені жағалауында, қалалық мәдениет және демалыс саябағында жалғасып, қызыққа толы думанды мерекелік шараларға толы болды. Мерекенің «Тілегіміз – татулық, тірегіміз – тұрақтылық» тақырыбына сай экран арқылы арнайы жасалған мерекелік журнал парақтары ашылды. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай этномәдени бірлестіктер және қала жастарының қатысуымен театрландырылған қойылым, этномәдени бірлестіктердің концерті және Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның концерттік бағдарламасы ұсынылды.
Орталық алаңда халық көп. Облыс басшылығы, соғыс және еңбек ардагерлері құттықтау сөздерін арнауда. Мерекенің сән салтанатын қызықтаған үлкендер, ән шырқап, би билеп қуанышты жастар, қызыл-жасыл шарлар көтерген кішкентай бөбектер айнала думан сәнін келтірді. Сағат түскі 12.00-де орталық алаңда этномәдени бірлестіктердің қолданбалы шығармашылық және дәстүрлі аспаздық «Этноқалашық» шеберлік көрмесі өтті. Балалар үшін Шапито циркінің мерекелік бағдарламасы, экзотикалық жануарлар мен хайуандардың зоопаркі ашылды. Жағалауда спорттық ойын-сауық бағдарламасы қызса, «Татулықтың тұтқасы, бірліктің бесігі», қалалық мәдени сауық орталығы мен балалар шығармашылық және тәрбие орталығы ұйымдарының «Бейбіт болсын болашақ» мерекелік концерттік бағдарламасымен жарасым тапты.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ПЕТРОПАВЛ
Қазақстан халқының бірлігі күні Қызылжар өңірінде де достық пен татулықтың, бейбітшілік пен мызғымас тұрақтылықтың мерекесі ретінде көтеріңкі көңілмен, жарқын жүзбен асқақ рухта аталып өтті. Адамдар бір-біріне амандық, саулық жолдап, еліміздің айбары асқақтай беруін тіледі. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген мереке ел дамуының қарышты қадамы, бедел-абыройымыздың асқақтау, әр шаңыраққа шаттық қонған, ұлттар мен ұлыстарды ұйыстырған мейрам ретінде бағаланып, ұлттық құндылықтарымыздың қадір-қасиеттері ұлықталды.
Мереке салтанаты Тәуелсіздік стеласы жанынан басталды. Онда облыс әкімі Ерік Сұлтанов тұрғындарға жылы лебізге толы құттықтауын арнап, Елбасы атынан 36 солтүстікқазақстандыққа «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мерекелік медалін табыс етті.
Қаланың барлық шағын аудандарында ұйымдастырылған мерекелік бағдарламаларды қызықтаған жұртшылық қатары қалың болды. Достық үйінде өткен «Халықтың асыл қазынасы» атты байқауға 19 этностық клуб қызығушылық көрсетіп, өз нөмірлерінде ортақ шаңырақ астында бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті ынтымақта өмір сүріп жатқан ұлыстардың баянды тірлігін, берік бірлігін арқау етті. «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырған «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» конкурсы көпшілік талғамынан шықты. Онда балалар әртүрлі тақырыптар бойынша сурет салудан сынға түсіп, шығармашылық қарым-қабілеттерін танытты. Абай мен Пушкин ескерткіші қасында «Достықтың саз әлемі» музыкалық-би композициясы қанат қақса, «Ассамблея аруы» атты түрлі этностардың әдемі арулары қатысқан байқау да өз көрермендерін риза етті. Демалыс және мәдениет саябағында студент-жастар «Достық дарханы» флеш-моб, қызықты конкурстар ұйымдастырды.
Мерекенің сәнін қазақстандықтардың татулығы мен келісімін паш еткен кешкі мерекелік концерт келтірді. Ол шын мәніндегі достық ән-жыр, би арқауына айналып, қыр бетін қызғалдаққа толтырып жібергендей әсерге бөледі.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
ТАЛДЫҚОРҒАН
Жетісу жерінде ынтымағы жарасып, бірліктері нығайып, бақуатты өмір сүріп жатқан 103 этнос өкілі Талдықорғандағы орталық алаңға көптеп жиналды. Адамдар арасындағы қуанышты табиғат-ана да құп көрсе керек, аспан асты шайдай ашық. Ауада лүп еткен жел де жоқ.
Сәні мен салтанаты артқан жетісулықтардың алдына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов шығып: «Бүгінгі қуаныш – Отанға деген патриоттық сезім мен сүйіспеншіліктің, тұрақтылық пен келісім мерекесі. Қазақстан – береке мен бірліктің, достықтың мекені. Мұнда бір шаңырақ астында көптеген ұлттар мен ұлыстар тату-тәтті ғұмыр кешуде. Сондықтан да еліміздегі қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты әлем бағалап, мойындап отырБүкіл әлем Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгер Көшбасшы, саңлақ саясаткер екендігін тағы бір мойындады. Президенттік сайлау елдің бірлігі мен тұрақтылығын нығайта түсті. Халқымыз өзінің нұрлы болашағын Тұңғыш Президентпен байланыстыратынын көрсетті. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның ұлтаралық келісімі нығайды, саяси тұрақтылығы бекемдене түсті, мемлекеттің дамуына бағытталған бағдарламалар сәтті жүзеге асырылды. Осының бәрі – Президенттің сенімді жеңісінің айғағы», – деді облыс әкімі
Халықтың ерлігі – еңбекте, бақыты – бауырмалдығында, жасампаздығы – жарқын істерінде. Сондықтан бейбіт өмірдегі табысты ісімізді, береке-бірлігімізді мақтан еткен мерекелік басқосу Сүйінбай атындағы облыстық филармония концерттік бағдарламасымен жалғасып, жалпыхалықтық мерекемен ұласты.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
ТАРАЗ
Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері жаңаша сипатқа ие болды. Өйткені, бірлік пен ынтымақ, достық пен туысқандық бүгінде көпұлтты Қазақстанның қарқынды дамуының кепілі. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығының елімізде кең көлемде атап өтілуі елдігіміздің қалыптасуы мен тәуелсіздігіміздің нығаю тарихында айрықша рөл атқаруда. Ал, кешегі сайлауда Елбасы мерейінің үстем болуы көп ұлтты халқымыздың Елбасына деген ыстық ықыласы, шексіз құрметінің көрінісі екені анық. «Тату елдің шығар тауы биік» деген міне, осы болса керек.
«Бұл күн – халық арасындағы достықтың белгісі, өзара бауырмашылдық пен түсіністіктің нышанына айналған мерейлі мейрам. Біздің біртұтас халқымыздың дәстүріне еніп, бейбітшілік пен өзара сыйластықтың символына айналды. Алдымызда Мемлекет басшысы белгілеген «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы мен «Қазақстан-2050» Стратегиясын, «Нұрлы Жол» бағдарламасы мен Бес халықтық реформаны орындау мақсаттары тұр. Мұның барлығы да тағдыры бір, Отаны бір халқымыздың келешегі, ұрпағымыздың болашағы үшін жасалуда. Жамбылдықтар да барша қазақстандықтар сияқты ұлы мақсаттарға қол жеткізу жолында жұмыла еңбек ететініне сенімдімін», – деді әулиеаталықтарды құттықтаған Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев.
Бірлік пен ынтымақтың алмайтын қамалы, шықпайтын шыңы, аспайтын асуы жоқ. Айтулы мерекені жамбылдықтар көтеріңкі көңіл-күйде атап өтіп, Тараз қаласының «Достық» алаңында өткен мерекелік шерудің соңы ұлттық және спорттық ойындар, өнер майталмандарының концерті мен көпшілік серуенге ұласты. Өнер әрбір ұлтты бір-біріне жақындастыратын, теңестіретін құдыретті күш қой. Сондықтан да мерекеде айтылған, түрлі тілде айтылған әнді де, түрлі ұлттар билеген биді де ешкім жатырқаған жоқ. Қайта көптің көңілі достықтың арнасында тоғысты. Мереке кешкілік өнер жұлдыздарының концертіне ұласып, жастар өзара би жарыстырды.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген
Алтынбек ҚАРТАБАЙ.
ШЫМКЕНТ
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі Шымкенттегі жаңа Әкімшілік-іскерлік орталығының алаңында өтті.
Оңтүстікте бірлігі жарасқан, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай 100-ден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері тұрады. Салтанатты мерекеде олар шеру тартып, ұлттық әуендер сарынымен алаңға өтті. Мінбеге ұлттық-мәдени орталықтардың төрағалары шақырылып, облыс әкімі Асқар Мырзахметов жұртшылықты мерейлі мерекемен құттықтады.
Тарихтың қай парағын ашсаң да елдің аңсаған мақсат-мұраты бейбітшілік болғандығын, Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бері Елбасы осы ұлы мұрат жолында талмай жұмыс жасап келе жатқандығын, бүгінгі мемлекеттік саясаттың түпқазығы ел бірлігі екендігін айтқан облыс басшысы бұған оңтүстікқазақстандықтардың да айтулы үлес қосқандығына тоқталды. Оның айқын дәлелі ретінде кешегі президенттік сайлауда халықтың тілегі бір арнадан тоғысып, Қазақстан халықтарының ынтымақтастығы әлемге мәшһүр болғандығын, Тоныкөк баба заманынан аманат болған Мәңгілік Ел мұратына бірге жететіндігін айтты.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын мерекелеу аясында ел бірлігін нығайтуға, мәдениетаралық үнқатысуды дамытуға және қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға қосқан елеулі үлесі үшін Төлеби ауданы «Тағайна» жалпы орта мектебінің директоры Кадиров Османали, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының доценті Курбанов Агапаша, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті кафедрасының меңгерушісі Надиров Казим, Түркістан қаласындағы дизайнерлер одағының мүшесі Хамаркулов Насыр «Бірлік» алтын медалімен марапатталды.
Сондай-ақ, бір топ азаматқа ұлтаралық бірлікке сіңірген еңбегі үшін «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мерекелік медалі табыс етілді.
Бірлік күні облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысқаны, достық пен ұлтаралық келісімді нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін облыстық этномәдени бірлестіктерге облыс әкімінің гранты табыс етілді.
Этномәдени орталықтардың атынан Е.Романова мен И.Хашимжанов сөз алып, Мәңгілік Ел мұраты болған Отанымыздың бүгіні мен келешегі кемел екендігін айтып, мерекеге жиналған жұртты құттықтады. Әнмен, күймен астасқан мейрам Оңтүстікте осылайша аталып өтілді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».