
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Картоп өндірушілер одағы не дейді?
Былтыр елімізде 2,9 млн тонна картоп өндірілген. Бірақ қараша айының соңында картоп таусыла бастағаны жөнінде ақпарат тарады. «Қазақстан Картоп өндірушілер одағының» төрағасы Байжан Уалхановқа хабарласқанымызда, апта бұрын картоп өндірушілер қоймасында 600-650 тонна өнім болғанын, бірақ оның басым бөлігі қысқа күнде делдалдар қоймасына ауысып үлгергенін айтты.
«Картоп бұрнағы жылдан көп өндірілді. Яғни көлемі республикада жеткілікті. Өндірушілерде картоп бағасын көтерейік деген ой болған емес. Өйткені 2024 жылғы желтоқсанға дейін өндірушілер картопты өз қоймасынан килосына 105-120 теңгеге беріп отырды. Біздегі жоспар бойынша, картопты сақтау шығындарын есептегеннің өзінде 1 кило картоп бағасы 200 теңгеге сәуір айында бір-ақ жетуі керек еді», деді Байжан Уалханов.
Байжан Уалханов
«Атамекен» ҰКП Ғылыми-өндірістік кәсіпорын департаментінің директоры Еркен Наурызбековтің айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен картоп өсірушілер одағының мәліметінде бүгінде Павлодар облысында картоптың сатылымдағы бағасы – килосына 170-210 теңге деп көрсетілген.
«Сапалы картоп келісінің орташа бағасы сорты мен сапасына қарай 240 теңгеге жетеді. Ақмола және Қарағанды облыстарында баға 250-260 теңге деңгейінде, бірақ сатуда үлкен қарқын жоқ, сатып алу көлемі бұрынғы деңгейде қалып отыр», дейді.
Тиісті мониторинг жүргізілмейді
Жалпы, картоп бағасы бірінші кезекте Ресей мен Өзбекстаннан сұраныстың артуына байланысты өсті. Оған қоса, өз қоймаларына сатып алуды арттырған делдалдар белсенділігі де әсер етті. Салдарынан көтерме сауда сегментіндегі баға реттелмеуге айналды. Мысалы, оңтүстік өңірге тасымалдау орта есеппен килосына 30 теңгені құраса, көтерме мен қайта сатушыға картоп бағасы 270-280 теңгеге жетеді. Сақтау үстемесін, сатушы еңбегін және басқа да шығындарды ескерсек, көтерме баға қазірдің өзінде 300 теңге деңгейінде. Бөлшек сауда желілерінде бағалар осы құнға негізделген, бірақ қосымша үстемемен.
«Жаңа жылда ӘКК қоймалары жұмыс істемеді. Тасымалдаушы көліктер де тұрып қалды. Бұл оңтүстік аймақта шамалы жетіспеушілікті туғызды. Өндіруші мен сауда орыны аралығындағы делдалдар сол жағдайды пайдаланып, бағаны өсіріп жіберді. Ақпарат желілері бұл мәселені таратқаннан кейін барып, солтүстіктегі картоп өндірушілер де өнім бағасын көтерді. Бірақ мұндағы баға 200-240-тан асқан жоқ. Қоймалардағы картоптар әлі күнге сол бағамен жіберіліп жатыр», деді Байжан Уалханов.
«Атамекен» ҰКП өкілі картоп өсірушілер одағының мәліметіне сүйеніп, қорлардағы картоп шамамен 800 мың тонна болады дейді. Сонымен қатар шағын фермерлердің қорлары бар, олар да есепке алуды және бақылауды қажет етеді. Өкінішке қарай, елімізде ауыл шаруашылығы қорларына сенімді және уақытылы мониторинг жүргізілмейді. Бұл мәселе тек картопқа ғана емес, басқа дақылдарға да қатысты.
Экспортты шектеу – шаруа мүмкіндігін тарылту ма?
18 қаңтарда ведомствоаралық комиссия отырысында картопты экспорттауға тыйым салу шешімі қабылданған еді. Бұл шара да көп мәселені туындатқалы тұр.
«Экспортқа тыйым салу дұрыс емес. Экспорт көлемі өсті дейді. Алайда бұрнағы жылмен салыстырғанда картоп жинау көлемі де мол болды ғой. Сондықтан картоп экспортына тыйым шарасын асығыстық деп ойлаймыз. Себебі экспорт жағдайға тікелей әсер етіп жатқан жоқ. Қазір шекарада вагондар мен фураларға тиеліп тұрған өнімдер қазіргі қатты аязда үсіп, түкке жарамай қала ма деген қауіп зор. Министрлік өкілі осы шара енгізілердің алдында келісімшарт жасалған, фитосанитария берілген вагондар мен басқа да көліктер шекарадан шығарылады деді. Бірақ ол айтқаны орындалмай тұр. Осы айдың 15-16-ы күні тиелген картобымыз 18-і күнгі сол бұйрыққа дөп келіп, шекарада қаңтарылып қалды», деді одақ төрағасы.
Айтуынша, картоп иелеріне «арзан бағамен ішкі нарықта сатыңдар» деген қысым жасалып жатыр. Егер келісімшарт шектеу енгізілгенге дейін жасалған болса, тиелген өнім экспортқа шығуы керек еді дейді.
«Сондай-ақ экспортқа тыйым үшінші мемлекеттерге деп жазылды. Ал Еуразиялық одақ ішіне ол жабылған жоқ. Демек, Ресейге қақпа ашық болуы тиіс. Мүмкін Өзбекстанға да жіберілетін шығар. Десе де, бұл шара қай жағынан алып қарағанда да тиімсіз. Шектеуді қойған күннің өзінде де, оны іріктеу керек еді. Өйткені мемлекеттік жергілікті органдармен келісімшартқа отырған картоп өндіруші сол шартты нақпа-нақ орындап жүр. Осы өндірушілер де сол бұйрықтың зардабын тартып отыр. Сондықтан диқан-фермерлердің реакциясы белгілі. Шекарада қойылған шектеуге бәрі қарсы. Мынадай жағдайдан кейін шетелдік картоп сатып алушыларымыз келесі жылы бізбен келісімшарт жасасуға құлықты болмайды. Өйткені сенім жоғалады. Бірер күнге қымбаттаған бағадан шошынып, халықаралық нарықтағы өз орнымыз бен беделімізді жоғалтып жатырмыз. Осыны дұрыс түсінген ләзім», деп түйді өз ойын Байжан Нұрбайұлы.
Сұранысты саралау қажет
Расында, ішкі сұраныс қалыпты деңгейде сақталса, артық көлемге сұраныс туындамауы да мүмкін ғой. Ал картопты сақтау мерзімі шектеулі. Мұндай тәжірибе өткен жылдардағы пиязды экспорттауға тыйым салу кезінде де байқалып, Жамбыл облысының шаруалары өз өнімдеріне сұраныстың жоқтығынан шығынға ұшыраған болатын.
Еркен Наурызбеков
«Ол үшін қоймалардағы картоп қорының нақты есебін жүргізіп, ішкі нарыққа жеткілікті көлемді анықтап, артығын экспортқа жөнелту қажет. Сонда қаншама өнімді бұзып та алмаймыз, фермерлердің де төлем қабілеті сақталады әрі шығынға батпайды», дейді Еркен Наурызбеков.