Үкімет • 28 Қаңтар, 2025

МӘМС қызметі сын көтермейді

1541 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мәжілісте палата спикерінің орынбасары Дания Еспаеваның төрағалығымен Үкімет сағаты өтіп, онда Міндетті әлеумет­тік медициналық сақтандыру жүйесін одан әрі жетіл­діру мәселелері қаралды. Аталған мәселе бойынша Денсау­лық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндама жасады.

МӘМС қызметі сын көтермейді

Үкімет сағатын ашып, жүр­гіз­ген Дания Еспаева кіріспе сөзінде күн тәртібіндегі мәсе­ленің өзектілігіне тоқталып, жылдың басында депутаттардың халықпен кездесуінде еліміз­дің барлық өңірінде медицина­лық қызмет көрсетудің қолже­тімсіздігі мен сапасының төмендігі туралы көп шағым болғанын жеткізді.

– Бұл мәселе сарапшылар­дың қатысуымен 2024 жылы жел­тоқсанда Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның отырысында жан-жақты талқыланған. Қоғамдық палата коммуналдық шығыстардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың, дәрі-дәрмектердің бағасының өсуі, басқа да шығындарға байланысты медициналық қызметтер үшін тарифтерді қайта қарау­ды ұсынды. Өкінішке қарай, денсаулық сақтау саласына ба­ғыт­талған қаражаттың айтар­лықтай ұлғайғанына қара­мас­тан, азаматтардың медици­налық қызметтердің көрсе­тілуіне көңілі толмай, қанағаттану деңгейі төмендеп барады. Мәселен, кейін­гі 3 жылдың өзінде денсау­лық сақтауға қатысты шығыс­тар 2,8 есе артты, ал халық­тың қызметтердің сапасына қана­ғаттану деңгейі 47 пайызға дейін төмендеген, – деді Д.Еспаева.

Ал Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінің деректеріне сүйен­сек, консультациялық-диаг­нос­ти­калық, КТ және МРТ қызмет­терінің саны 7 есе өскен. Алайда Д.Еспаеваның айтуынша, бұл өсулер ауруды ерте анықтауға еш әсер етіп жатқан жоқ.

– Кейбір жағдайларда бұл қызметтер қажет болмаса да нау­қасқ­а тағайындалған. Аталған са­ланы қаржыландыру көлемі ұл­ғайса да шешімін таппаған жүйелі проблемалар әлі бар, – деді Мәжіліс төрағасының орынбасары.

Қысқасы, барлық медицина­лық ұйымда «пациентке бағдар­ланған» қағидаттан «табысқа бағдарланған» қағидатқа көшу үрдісі байқалғанын айт­қан Д.Еспаева Мемлекет басшы­сының денсаулық сақтау жүйесін жақсарту мен тиімділігін арттыру бағытында Үкіметке жүктеген міндеттерін министрдің есіне тағы бір салды. Жалпы, Палата төрағасының орынбасары салаға бөлінетін барлық қаржыны пайдалану ашық, бақыланатын және объективті болу керектігін атап өтті.

Өз баяндамасында Денсау­лық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова кейінгі 10 жылда денсаулық сақтау саласын же­тілдіру мақсатында жүргі­зіл­ген бірқатар ауқымды ре­фор­маның нәтижесінде халық денсаулығының негізгі көрсет­кіштері оң нәтижеге ие болға­нын айтты. Сондай-ақ демографиялық көрсеткіштерге байланысты денсаулық сақтау жүйесі бюджеттік модельден бюджеттік-сақтандыру моделіне көшірілгенін атап өтті.

– Міндетті әлеуметтік ме­дициналық сақтандырудың ен­гізілуі денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемін 3 есе ұлғайтуға мүмкіндік берді, яғни 1 трлн-нан 2,9 трлн теңгеге дейін. Бұл саланың көптеген бағытын қаржылық ресурстармен барынша толықтырды. Оның ішінде дәрігерлер жалақыларының 2,3 есе өскенін айта кеткен жөн. Тұрғындардың медициналық көмекке жұмсалатын қалта шы­ғын­дары 34%-дан 28%-ға дейін азайды, – деді министр.

Сондай-ақ сала басшысы былтыр 5 бейін бойын­ша тариф­терді ұлғайту бағы­тына ба­сым­дық беріліп, соның арқасын­да медициналық ұйым­дарда көрсе­тілетін көмектің сапасын едәуір арттыруға, қар­жылық жағдайын жақсар­туға мүмкіндік бергеніне тоқталды.

Министр А.Әлназарова Мем­лекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықтың осал топтарына медициналық көмекке қолжетімділігін жетіл­діру, медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ал келесі жылдан бас­тап сақтандыру жүйесіне жергі­лікті бюджет қаражаты есебінен 1 млн-нан аса азаматты тартуға мүмкіндік беретін заң жобасы әзірленгенін айтып, бұл азамат­тардың қалта шығындарын едәуір төмендетуге, оларды қаржылық қор­ға­луын қамтамасыз етуге бағыт­талғанын жеткізді.

Ал Жоғары аудиторлық пала­таның мүшесі Нұрлан Нұр­жанов медициналық қызметтер көрсетуге бөлінген қаражатты тиімсіз пайдалану деректері анықталғанын жеткізді.

– Аудиттік тексерулер бү­кіл денсаулық сақтау жүйесі мен негізгі мемлекеттік орган­дардың бірыңғай ақпарат­тық ортасының арасында бай­­ланыстың жоқты­ғын көрсетті. Мәселен, Денсаулық сақ­тау, Ішкі істер және Әділет ми­нистр­ліктерінің ақпараттық жүйелерінің деректерін салыстыру кезінде шетелге тұрақты тұруға кеткен азаматтарға 8 млн теңгеге дәрі-дәрмек ресімдеу фактілері анықталды. Келесі маңызды аспект – қаржылық тәртіп пен есептілік. Аудит кезеңінде амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және Тегін кепілдендірілген медициналық көмек есебінен медициналық қызметтер көрсе­туге бөлінген қаражатты тиімсіз пайдалану 31 млрд теңгені, оның ішінде Ұлттық қордың қаражаты 13,2 млрд теңгені құрады. Тиім­сіздіктің негізгі себептері – сапасыз жоспар­лау, яғни уақтылы құқықтық құжаттарды бекітпеу, қалдықтарды ескермеу және басқа да мәселелер, – деді Н. Нұржанов.

Десе де күн тәртібіндегі мәсе­лені талқылауға келген депу­тат­тардың басым көпшілігі сақтан­дыру жүйесін сын тезіне алды.

Мәселен, Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов міндетті әлеуметтік медициналық сақтан­дырудың қазіргі моделі медицинаны халыққа қолжетімсіз етіп, шығынды көбейтіп, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкеліп отырғанын сынады.

− МӘМС бойынша 5 айлық баланың тісі қанқұрттан емделген. Бес айында тісі шықпаған баланы қалай емдеуге болады? Басқа бір адамның 82 тісі емделген, соған қаражат төлесін деп қорға есеп берілген. Сосын бір күнде бір адамға бір аурухана 32 қызмет көрсеттік деп есеп толтырған. Мұндай мысал­дар өте көп. Өйткені МӘМС қаржыландыру жүйе­сінің өзі артық қызмет көрсе­ту мен «қо­сып жазуға» итерме­лейді. Себебі қаражат әр емделген жағдайға емес, әр қызмет­ке төленеді, – дейді А.Айма­ғамбетов.

Оның айтуынша, жүйеде нормативтер мен цифрландыру жоқ, ал клиникалық хаттамалар мен стандарттар анық емес.

Депутат Дәулет Мұқаев ми­нистрге медицина қызмет­кер­лерінің кәсіби жауапкер­шілігін сақтандырудың төмен деңгейі туралы мәселе көтерді. Яғни осы кезге дейін еліміздегі медициналық ұйымдардың тек 48 пайызы ғана өз қызметкер­лерімен сақтандыру шартын жасасқан.

Үкімет сағатын қорытын­дылаған Мәжіліс төрағасы­ның орынбасары бұл салада әлі де уа­қыт күттірмейтін әрі тиім­ді ше­шімін талап ететін проб­лема­лардың бар екенін ашып айтты. МӘМС жүйесінің тиімді жұ­мыс істеуін және оны жетілдіруді қамтамасыз ету өте маңызды екеніне тоқталып, оны медицина сласындағы цифрландыру, тәсілдерді жаңарту үрдістерімен ұштастыру қажеттігімен сөзін түйіндеді.