![ҚҚС мөлшерлемесін арттыру – қажетті шара](/media/2025/01/29/rk8sahtx3mqyiwcqyzili0ztwbpvxoumnnirhwii.jpg)
Сурет: baq.kz
Мемлекеттік қаржыны нығайту және бюджетті тұрақтандыру үшін ұсынылған құралдардың бірі – қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерін қазіргі 12%-дан 20%-ға дейін арттыру. Елімізде кейінгі екі онжылдықта ҚҚС мөлшерлемесі айтарлықтай өзгерген жоқ және 12% деңгейінде қалды. Көптеген елде бұл көрсеткіш 15-20%-ды құрайды, бұл біздің еліміздегі қазіргі көрсеткішті ең төменгі көрсеткіштердің біріне айналдырады. Бұл шара бірқатар оң нәтижеге әкеледі:
Біріншіден, салық түсімдері артады. ҚҚС мөлшерлемесін көтеру бюджет кірісін 5-7 трлн теңгеге дейін ұлғайтады және бұған дейін бірнеше рет талқыланған Ұлттық қордан трансферттерді тоқтатуға мүмкіндік береді.
Екіншіден, салықтық қамту ұлғаяды. ҚҚС төлеушілерді тіркеу шегін төмендету жоспарланып отыр, бұл шағын және орта бизнесті көбірек тартады, салық түсімдерін арттырады.
Үшіншіден, ҚҚС ұлғаюымен қатар еңбекақы қорына салық жүктемесін азайту қарастырылған. Бұл бизнеске қаржылық жүктемені жеңілдетуге және жалақының ашықтығын ынталандыруға тиіс.
ҚҚС мөлшерлемесі – Қазақстан Республикасының аумағында тауарларды сату, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету сияқты операцияларды жүзеге асыру кезінде алынатын жанама салық. Сәйкесінше, негізгі жүк түпкі тұтынушыларға түседі. Дегенмен бұл келеңсіз салдарлар қысқа мерзімде болғанымен, кешенді жұмыс жүргізгенде оларды азайтуға болады деп күтіліп отыр. Ол үшін жаңа салық режіміне бейімделудің нақты шараларын ойластыру қажет.
Салық реформасын талқылау бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. 2024 жылы өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент «ҚҚС-ны 12-ден 16%-ға дейін көтеру – түпкілікті шешім емес, Қазақстанда мүлдем басқа сипатқа ие болған ҚҚС-ның өзін де реформалау қажет» деген еді. Қалай болғанда да, әзірге нақты шешім жоқ, талқылаулар жалғасып жатыр. Мемлекет басшысы айтқандай, қателесуге құқымыз жоқ.
Әсел Әбен,
Президент жанындағы ҚСЗИ Экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас
сарапшысы