
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы лауреатының бұл кеші «Қарқуар» деп аталды. Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрындағы шара шымылдығы облыс әкімінің құттықтау сөзімен түрілді.
«Хакім Абай, данышпан Шәкәрім, мұхит ойлы Мұхтарға қызмет етуді Төлеген ағадан үйрену керек десем, артық айтқандық емес. Дүниенің «қызыл-жасылына» алданбай, «қаққан қазықтай» Қарауылға байланып, бабалар мұрасын қорып келе жатқан Төлеген Жанғалиұлына Абай елі дән риза! Қазақ руханиятының қайнарынан сусындап, Абайша терең толғанып, ұлы ой, сырлы сөздің жүгін арқалаған қарымды қаламгерге шын жүректен шығармашылық табыс тілеймін! Мерейтой құтты болсын!», деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.
Шығармашылық кеште облыстық «Дариға-ай» жастар театры әртістерінің қатысуымен, ақынның жан әлемі мен жүрек тебіренісін жарқыратып көрсеткен «Қарқуар» театрландырылған қойылымы көрермен назарына ұсынылды. Театр туындысының режиссері – Мәдениет саласының үздігі Жұлдызбек Жұманбай.
Ақын Төлеген Жанғалиевті арман-аңсары ауылда жүргенде алыстан қол бұлғап, қалаға шақырса да, шығармашылық күш-қайратын дәлелдеп Алматыға мойын бұрған жоқ. Абай ауданы әкімдігінде қара халықтың қамын жеп, білгенінен жаңылмады. Артық сөйлеп, асыра сілтейтіндерді қаламымен жасқап отырғаны рас-ты.
Атом азабын тартқан халықтың, соның ішінде Семей жұртының қасіретін жыр етіп, азаматтық ұстанымын танытып, елімен бірге тұрысты. Запыран құсқан халықтың зарын ұқтырды. Шындыққа суарылған жырларының кейіпкерлері полигон азабын тартқан адамдар мен ауылдағы аңқау жұрт еді. Осындай тосын тақырып пен оқшау кейіпкерлері арқылы оқырманның ойын дөп басты.
Төлеген Жанғалиев 90-жылдардың соңында Қарауылда «Ақсұңқар» ақындар мектебін ашты. Маңына өлең жазуға ынтық, сөз өнерінің иесін танып, киесін құрметтеген жас жеткіншектерді жиды. Ақындық өнер мектебін қалыптастырды.
Семейде өткен әдеби кеште мерейтой иесіне Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің, Жазушылар одағының құттықтау хаттары табыс етілді. Кешке арнайы қатысқан ақын шәкірттерінің қарасы да қалың болды. Олар да бүгінде ұстаз үмітін ақтап тәуелсіз қазақ әдебиетінің бір-бір уығына айналған Қалқаман Сарин, Бақытжан Байболов, Ұлан Сағадиев, Нұржан Байтөс, Арман Шеризат, Айдана Байтөсова, Гүлім Ерболатқызы сынды ақындар екенін атаған жөн. Ақын-ұстаз тойына шәкірттері де құр қол келмей белгілі ғалымдар мен жазушылар Тұрсын Жұртбай, Роллан Сейсенбаев сияқты жандардың Төлеген хақындағы лебіздері мен арнаулары мен арнайы жазылған әдеби мақалалар топтасқан «Шыңғыстаудың бір шыңы» атты кітапты табыс етіп, тұсауын кесті.
Салтанатты іс-шарада сахнаға көтерілген талантты ақын Қалқаман Сарин қара өлеңнің ауылын күзеткен ақын Төлеген Жанғалиев шығармашылығы жайында пікір білдіріп, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Дәулет Сейсенұлы Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтың құттықтауын жеткізді.
СЕМЕЙ