Жәдігер • 31 Қаңтар, 2025

Сармат дәуірінің сарқыты

440 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мұнайлы Атырауда қазына көп. Мұнда баррельмен бағаланатын «қара алтын» ғана емес, есте жоқ ескі заманнан сыр шертер 500-ге жуық сармат обасы да сақталған.

Сармат дәуірінің сарқыты

Қызылқоға ауданының аумағын­да көне тарихтың көмбесі секілді қорымдардың құпиясы әлі толық ашылған жоқ. Археологтерді құпия­сы әлі толық ашылмаған ескі қорым­дардан Сармат дәуірінің сарқы­тындай сақталған алтын бұйымдар, қола мен темірден жасалған қарулар­дың тарихы қызықтырып отыр.

Облыстық тарихи-өлкетану музейі­н­ің жанынан сан ғасыр бұрынғы заманнан қалған қорымдарды зерттей­тін археологиялық экспедиция құрыл­ған еді. Аталған экспедицияның жетек­шісі, тарих ғылымдарының канди­даты Марат Қасеновтің айтуын­ша, 2005 жылы Қызылқоға ауданы­ның аумағынан Қарабау-2 қорғаны анықталыпты. Бұл қорғанға қазба жұмы­сын жүргізуге музейдің 5 қыз­меткері мен 20 жұмысшы қатысты. Көне қабірден табылған адам сүйекте­ріне зерттеу жүргізуге Астана мен Алматы қаласынан антропологтер шақырылған екен.

ва

«Бұл қорған кезінде Қызылқоға ауданының орталығы болған Қара­бау ауылынан солтүстікке қарай 10 шақырымда орналасқан. Көне қорғанның диаметрі – 70, биіктігі – 3 метр. Кейінгі екі жылда аталған қорғанға археологиялық қазба жүргі­зіліп, 9 қабір зерттелді. Оның ішінде 7 қабірдің тоналмағаны анықталды. Біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырға жататын қабірлерден түрлі әшекей бұйым мен заттар, қару-жарақтар, керамика мен сүйектен жасалған ыдыстар табылды. Кейбір қабірде мәйіттерді топтап жерлегеніне көз жеткіздік. Демек бұл Қарабау-2 қорғанын Атырау өңірінің ғана емес, еліміздің ерте көшпелілер дәуіріндегі сармат көсемдері жерленген бірегей ескерткіш ретінде тануға жол ашады», дейді М.Қасенов.

Ғалымның айтуына қарағанда, қорғаннан табылған алтын әшекейлер, сол кездегі тұрмысқа, басқа мақсатқа қолданған бұйымдар мен қару-жарақтарға зерттеу жүргізіліпті. Соған сәйкес қабірлерді патшалық обалар деуге болады.

ап

«Еліміздің археологиясын зерттеп жүрген ғалымдар бұл өңірді Сармат империясының шеті деген тоқтам жасаған еді. Ал біз жүргізген қазба жұмыс нәтижесінде Каспий ойпатын, Жайық пен Жем өзендерінің маңын кезінде үлкен империяның орны болған деуге негіз бар. Қарабау қорғанынан табылған жәдігердің саны 1 мыңға жуықтайды. Оның ішінде 100-ге жуық алтын әшекей мен зергерлік бұйым бар. Мұндай бұйымдардың дені аң стилі нұсқасында жасалған. Сол дәуірде бұл өңірді мекендеген барыс, қабан, жолбарыс секілді жыртқыштар мен киіктің бейнесін табылған заттардан байқауға болады. Қорғанды зерттеу жұмысының аясында бұрын кездес­пеген ағаштан жасалған қос тостағанға кезіктік. Бұл бұйымдар жақсы күйде сақталыпты. Қазір жәдігердің бәріне реставрация жасалып жатыр», дейді археолог.

Тарихи жәдігерлер жинақталған музейдің археология-ғылыми зерттеу қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Ғаламат Базарбаевтың дерегіне қара­ғанда, Қызылқоға ауданында қорғанға археологиялық қазба жүргі­зілген. Бұл – Қарақұдық-1, Қарақұ­дық-2 қорғаны. Үшеуі де Қарабау ауы­лының солтүстік-батыс бөлігінде 9,7 шақырым қашықта жатыр. Қорған­дардың әрқайсысында 10–15 қабір бар.

Аталған екі қорғанның көлемі бірдей емес. Бірінің диаметрі – 38, биіктігі – 1,8 метр. Ал екіншісінің диаметрі – 37, биіктігі – 1,4 метр.

ап

«Сарматтар тәңірлік діни көзқара­сына сәйкес қолданған бұйымдарымен, заттары мен қару-жарақтарымен бірге жерленген. Қос қорғанды зерттеу ке­зін­де қасқыр мен ақбөкеннің бей­несі бар күміс пиктограмма, зергер­лік, тұр­мыстық бұйымдар, темір мен қола­дан жасалған акинак, қы­лыш, жебе ұш­тары, найза бөлігі секіл­ді қа­ру-жа­рақтар табылды. Бұл ар­хеоло­гия­лық олжалар Атырау өңі­рін ерте кезең­де мекендеген сармат тайпалары өр­кениетінің өркендегенін, әсіресе көш­пелілер қолөнерінің, әскери дағ­ды­сы мен діни рәсімдері жоғары дең­гей­­де дамығанын көрсетеді», дейді Ғ.Базарбаев.  

Оның айтуынша, Қарабау-2 қорға­нынан алтын тұтқасы бар екі сынама тас табылыпты. Бұл – елімізде бұрын кездеспеген тосын бұйым.

«Бұрын сарматтар алтынның сапасын осындай тас арқылы анықтап отырған. Қазір мұндай тасты алтын сатып алумен айналысатындар пайдаланады. Жерлеу орындарынан адамның киіміне тағылған алтын жапсырмалар табылды. Сондай жапсырманың салмағы 2 грамнан бас­талады. Жәдігерлердің арасындағы ең ауыры – алтын білезік. Екі жағында тау барысы бейнеленген білезіктің салмағы шамамен 370 грамды құрайды», дейді Ғ.Базарбаев.

 

Атырау облысы