Өндіріс • 05 Ақпан, 2025

Шағын цехтың бірегей өнімі

145 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде тері илеп, жүн түтетін цех азайғалы қашан. Соның салдарынан мал терісі тиын-тебенге де саудаланбай қалды. Тері өндірісінен тіпті теріс айналдық. Қарағандылық Гүлпахат Құттыбаева есімді қаршадай қыз осы олқылықтың орнын толтырмаққа ниеттеніп, тері-жүн өңдеу цехын ашты.

Шағын цехтың бірегей өнімі

Жүннен түрлі картина жасау – Гүлпахаттың бала кезден бергі сүйікті ісі. Содан да болар, ол кәсібін ашарда тәуекелге бел байлады. Оның жүннен тоқылған картиналары шетел нарығына да шыға бастады. Әсіресе кәдесый ретінде өтімді.

Осыдан алты жыл бұрын ол «Достық» үйінде өткен шеберлік сағатында алғаш рет киіз басып көреді де, бұл өнер жанына жақын екенін ұғынады. Жүн түтіп, түрлі қолөнер бұйымдарын әзірлеуге болатынын түсініп, бұл кәсіпке ден қоя бастайды. Анасы да  – шебер. Бүгінде Қарағанды облысы «Jadiger» қолөнершілер қауымдастығының төрағасы. Қарағандыда қыз жасауын тігетін ең үздік шеберлердің бірі. Үйіндегі анасына қолғабыс жасап, іс тігіп, әбден қолын жаттықтырып алады. «Достық» үйіндегі қолөнер үйірмесіне де үзбей барып жүреді. Мектепте жүргенде-ақ алғашқы табысын табады.

Жүннен жасалған оның өнімде­рін алғаш болып атымтай жомарт кәсіпкер Ерлан Әшім сатып алыпты. Меценат қазақы нақыштағы картиналарды өзінің «Turan el» ұлттық мейрамханасының қа­быр­ғасына іліп қойыпты. Одан бөлек мәртебелі меймандарына кә­десый ретінде ұсынып жүр екен. Содан жас шеберге тапсырыс төпелеп түседі. Әйтпесе Гүлпахат Мұхамедқызы өз өнімдерін саудалап, жарнама жасаған емес. Өзі ойламаған жерден туын­дылары трендке айналып шыға келген. Қазір де жарнаманы қа­жет етпейді. «Цехты ашамын» деп, құ­жатымен жүгіргелі бері тапсырыс­ таудай боп үйіліп қалыпты.

Осы іске бар ынта-шынтасымен кіріскен Гүлпахат Мұхамедқызы – Қарағанды технология және сервис колледжінің үшінші курс студен­ті. Дизайнер-тігінші мамандығы бойын­ша білімін жетілдіріп жатыр. Кол­ледж басшылығы да алғыр студент­терін барынша қолдап, басқаларға үлгі етеді.

Жас кәсіпкер қолөнер шеберле­рінің республикалық, халықаралық көрмелеріне жиі қатысады.

– 2023 жылы Астана қаласында өткен саммитке қатысқан едім. Сол кезде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Президен­ті Эмманюэль Макрон келіп, қолөнерімді тамашалады. Кейін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына да туындыларымды апардым. Сол кезде шетелден кел­ген ту­ристер жүннен тоқылған картинам­ды, қолсөмкелерді сатып алып, риза­шылығын білдірді, – дейді Гүлпахат.

Осы кәсіптен шабыт алған жас шебер­дің арманы да асқақ. Киізден жасал­ған қолөнер бұйымдарын әлем­дік брендке шығарсам дейді. Қарша­дай қыз қалтасының қамы үшін емес, ұлттың мүддесін әуелгі кезекке қойып отыр.

Өңірімізде жүн өңдейтін кәсіп­орын жоқ деуге де болады. Шаруалар шикізат өткізетін жер таппай отыр. Амал жоқ қаншама тері-жүн далада шіріп жатыр. Гүлпахаттың жаңадан ашқан шағын цехы осы бір үлкен шаруаның бастауындай көрінеді.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкер­лер­ді қолдау палатасының «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қаты­сып, бизнес жоспарын қорғап шық­қан. Содан облыс әкімінің 5 млн теңге қайтарымсыз грантын ұтып алған. Әкім гранты сөйтіп кәсібін әрі қарай дамытуға серпін берген. Қаражатқа жүнді түтетін әрі созатын, тіпті, илеп беретін де станоктар алыпты. Енді механизмі мол жабдықтың арқасында жұмыс күші жеңілдеп, өнім көлемі артады. Онымен қоса цехын жалға алып отыр.

«Жеке кәсібімді ата-анамның келісімі арқылы аштым.  Бұған дейін өзімнің қызығушылығыммен жүннен картина, кішірек текеметтер жасадым. Түрлі көрме-жәрмеңкеге қатысып, клиент жинадым. Анамның жүн өндірісін ашу керек деген ұсынысынан кейін бизнес-жоспар құрдым. Оған дейін өз шаруашылығымыздағы қойдың жүнін тазалап, кәдеге жаратып жүрдім. Ал боялған жүнді Ресейден алдырып отырдым. Ол қалтаны қағып түсіретін еді. Содан арнайы жүнді бояудың технология­сын да үйреніп алдым. Цехымда әзірше бір жұмысшы ғана еңбек етеді. Цех жұмысын бір ізге түсірген соң, жұмысшы санын көбейтемін», – дейді жас кәсіпкер.

Әкесі Мұхамедтің Шет ауданы Көктіңкөлі ауылында «Бірлік» қой шаруашылығы бар. Әзірге сондағы қой жүнін кәдеге жаратып отыр. Алдағы күні тек картина ғана емес, ұлттық нақыштағы түрлі бұйым мен киім-кешек түрін, көрпе-жастықтарды, қыз жасауларын нарыққа шығару жоспарында бар. Сонда басқа да фермерлердің шикізатын қабылдайды.

Аймағымызда Гүлпахат секілді кәсіп ашуға талпынғандарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр. Оларға  2005 жылдан бері облыс әкімінің гранты үздіксіз беріліп келеді. Биыл да мәдениет, ғылым, ақпараттық технология, медиа және басқа да ерекше бизнес жоба ұсынған жастарға қаржылай қолдау бар.

 

Қарағанды облысы