
Кітап оқу – зиялылықтың белгісі. Талғамы жоғары оқырманның талабынан шығатын көркем, кесек туындылар қашаннан құнарлы қазақ әдебиетінде әркез аз болмаған. Сондай-ақ әлем әдебиетінің жауһарларымен танысуда аударма еңбектердің жөні бөлек. Тәржіманың тілдік, стильдік қыр-сырын шебер меңгерген кәнігі аудармашыларымыз небір классикалық туындыларды сәтімен қазақша сөйлетті. Осы іске еселеп еңбек сіңірген қаламгердің бірі қарағандылық Марал Хасен еді.
Көсемсөзші, редактор, аудармашы М.Хасеннің өмір жолы елдің төртінші билігі саналатын қазақ баспасөзінің қалыптасуы, дамуымен біте қайнасып, бірге өрілді. Аймақтың баспасөз саласында жан аямай, табан аудармай қапысыз қызмет етті. Аудандық газеттің қатардағы тілшісінен редакторлыққа дейінгі жолды жүріп өтті. Қаламы жүйрік журналист ретінде танылды. Облыс әкімдігінде жауапты қызметте болды. «Орталық Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары лауазымын абыроймен атқарды. Шығармашылық тұрғыда тек Қарағанды өңірімен шектелмей, бірқатар республикалық, аймақтық беделді басылымдармен де тығыз байланыста болды. Түрлі жазбалары, аудармалары «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш» сияқты газеттерде үзбей жарияланып тұрды.
Екі тілге бірдей жүйрік – қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға іркілмей, жеңіл аудара беретін әмбебап маман М.Хасен шығармашылығының қомақты бір бөлігін көркем, ғылыми-танымдық аудармалары құрайды. Көркем шығармалардан әуеліде жазушы Асқар Алтайдың «Киллер сауысқан – Көзжендет» әңгімесін аударды. Бір қызығы, авторға аудармасын «Литературный Казахстан» журналына жариялаған соң ғана хабарласыпты. Кейінде Думан Рамазанның «Көкжал», «Алланың әмірі» шығармаларын қосқанда бес әңгімесін, «Кенесары-Күнімжан», «Абылай хан» драмаларын, Сая Қасымбектің «Кім кінәлі?» бастаған бірнеше пьесасын орыс тіліне аударды.
Академик Ебіней Бөкетовтің «Шоқанның шуақты шұғыласы» атты көлемді еңбегін, 2009 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасымен үнді классиктері Р.Нараян, К.Чандардың повестерін, сондай-ақ жергілікті қаламгер Реваз Махатадзенің «Қазақстан аспаны аясында» романын қазақшаға сәтті тәржімалады. «Әлемдік әлеуметтану антологиясы» жобасына да елеулі үлес қосып, тарихшы Ә.Әбдіәкімовтің «Қазақстан тарихы» оқу құралын, ғылым докторы Т.Сұлтановтың «Ақ киізге көтерілгендер. Қазақ даласының хандары» ғылыми жұмысын аударды.
Қаламгердің аудармашылық қарым-қабілетін «Әлем әдебиеті» журналы молынан пайдаланды. Бірталай аудармасы осы журналда басылды. 2015 жылы Нобель сыйлығын алған беларусь жазушысы Светлана Алексиевичтің «Соғыстың сұрқы әйелге жат» кітабын сәтті аударып шықты. Автордың өзі: «Арманым – бірқатар Нобель сыйлығы лауреаттарының дүниелерін топтастырып, жеке кітап етіп шығару. Бұл күнде әр елден шыққан он төрт нобелианттың әңгімелерін аударып, тыныстап отырған жайым бар. Міне, олар – Бунин, Хемингуэй, Хименес, Камю, Кавабата, Солженицын, Белль, Юнсон, Канетти, Г.Маркес, Махфуз, Оэ, Найпол, Памук. П.Коэльо («Алхимик») бастаған нобелиант болмаса да, өз алдарына ерен мықтыларды аудардым. Олардың ішінде Паустовский, Зощенко, Битов тәрізді мықты орыстар бар», деп жазады «Аударма және аудармашылар хақында» аталатын шағын мақаласында.
Автордың көзі тірісінде «Жүрек қанын сия қылған...», «Мазасыз күндер», «Сынын бермес сырлы сөз» кітаптары жарық көрді. Дәтке қуат ететін бір жай – қаламгердің өмірлік жары, жазған-сызғандарының бірінші оқырманы, сыншысы, қолдаушысы Рымбала Смайылова апай отағасы өмірден өткелі бері тыным таппай, оның шығармаларын басып шығару, есімін мәңгі есте қалдыру жұмыстарымен жүйелі шұғылданып жүр. М.Хасеннің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін, шығармалары, естеліктер, ой-толғамдар топтастырылған «Телегей теңіз Марал едің», «Жалғасқан ғұмыр» атты кітаптарды құрастырды. Шығармаларының көп томдығын бастырып шығарды. Астана, Қарағанды, Жезқазған қалаларында, Жаңаарқа ауданының орталығында бірнеше әдеби-көркем кештердің өтуіне мұрындық болды. Астанадағы ұлттық кітапханада, Қарағандыдағы Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында М.Хасеннің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін арнайы бұрыштар, бөлмелер бар. 2019 жылы Жаңаарқа ауданындағы білімнің қара шаңырағы О.Жұмабеков атындағы мектепте публицист, редактор, аудармашы Марал Хасен атындағы дәрісхана салтанатты жағдайда ашылды. Дәрісхана-сынып бүгінгі күн талаптарына сай әсем, эстетикалық тұрғыда безендірілген. Қаламгердің өмірі мен шығармашылығынан молынан хабар береді.