Үкімет • 06 Ақпан, 2025

Еларалық келісім тауар айналымын арттырады

92 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтіп, күн тәртібінде еліміздегі экологиялық ахуал, азаматтық қорғаныс саласындағы түйткілдер қаралып, кейбір халықаралық келісімдер ратификацияланды. Мәжіліс депутаттары азаматтық қорғау мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Еларалық келісім тауар айналымын арттырады

Қазақстан-Өзбекстан тауар айналымы неге төмендеп кетті?

«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы «Орталық Азия» халықара­лық өнеркәсіптік кооперация орталығы­ның қызметін реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы жөнінде Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев баяндады.

Мәжіліс ратификациялаған Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркә­сіптік кооперация орталығының қызметін реттеу туралы келісім бойынша Қазақстан мен Өзбекстан өнеркәсіптік кооперация орталығын құрады. Бұл туралы А.Шаққалиев мәлімдеді.

– Орталық Қазақстан тарапынан «Атамекен» және Өзбекстан тарапынан «Гүлістан» бақылау бекеттеріне жақын орналасқан. Онда өндірістік алаң­дар, сақтау қоймалары, сондай-ақ көлік инфрақұрылымы болады. Бұл жүк тасымалдаудың логистикалық шығын­дарын азайтуға, жеткізу тізбегіндегі қатысу­шылар санын қысқартуға, тұтынушы үшін өнімнің соңғы құнын төмендетуге, тасымалдың жылдамдығын арттыруға, сондай-ақ «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі аясында өндірістік кооперацияны дамытуға мүмкіндік береді, – деді министр.

Сала басшысының айтуынша, аталған орталықтың міндеттері – мем­лекет­аралық кооперативтік қатынас­тарды дамытуға қолайлы жағдай жасау, тараптардың шағын және орта өнер­кәсіптік кәсіпорындарын халықаралық құн тізбегіне біріктіру, орталық аумағында құрылған өнеркәсіптік кәсіпорын­дар­дың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтас­тық орталығы әрқайсысы 500 шаршы метр аумақты алатын, өз мемлекетінің құзырында болатын қазақстандық және өзбекстандық бөліктерден тұрады. Нысанның орналасқан жері бақылау-өткізу бекеттері маңындағы елдердің шекаралас аймақтары болып анықталды.

Заң жобасын талқылау барысында депутат Асхат Рақымжанов министрге екі ел арасындағы сауда-саттықтың кейінгі жылдары кері кетіп бара жатқанын айтып, министрлік бұл олқылықтың орнын толтыруға нендей әрекет жасап жатқанын сұрады.

– Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы төмендеп бара жатқаны байқалады. Мәселен, 2022 жылы қос ел арасындағы тауар айналымы 5 млрд теңгені құраса, 2023 жылы 4 млрд доллардан сәл асты. Бұл үрдіс былтыр да қайталанды. Сол себепті екі ел Мемлекет басшыларының тапсырмасымен тауар айналымын 10 млрд долларға дейін арттыру міндеті қойылған. Бұл – мейлінше маңызды әрі күрделі тапсырма. Мен бұл келісімді қолдаймын. Дегенмен Қазақстан-Өзбекстан тауар айналымының төмендеп кетуіне қандай жағдай әсер етті? – деп сұрады Асхат Рақымжанов министрден.

А.Шаққалиевтың айтуынша, 2023 және 2024 жылғы тауар айналымы шамалас, яғни 4-4,1 млрд долларды құраған.

– Екі ел арасындағы тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізу жөнін­дегі ауқымды тапсырманы орындау мақсатында 7 млрд доллар межесіндегі жоспар бекітіліп, оған екі елдің вице-премьерлері қол қойған. Ол жоспар бойынша 4,5 млрд долларға шақталған 34 жоба қарастырылған. Сондай-ақ жекелеген салалар бойынша да жасалған бұдан өзге қосымша жоспарымыз бар. Ал 2022 жылға қарағанда тауар айналымының түсіп кетуінің негізгі себептеріне келсек, жағдайға ең алдымен шикізат бағасының тұрақсыздығы әсер етті. Айталық, астық, тау-кен, концентрат өнімдерінің көлемі азаймағанымен, мәселе олардың құнының құлдырауында болып тұр. Осы келісім аясында да тауар көлемі артып, қосымша кооперациялық байланыстар арта түседі деген үміттеміз, – деді А.Шаққалиев.

Сондай-ақ депутат Мұқаш Ескендіров былтыр Қырғызстанмен қабыл­данған дәл осындай келісімнің соңы сиыр­құйым­шақтанып кеткенін айтты. Яғни орталық құруға инвестор табу ісі Жамбыл облысы әкімдігіне тапсырылған. Депутаттың айтуынша, ол жобаға бүгінге дейін бірде-бір инвестор қызығушылық танытпапты. Яғни бұл келісімде көрсетілген міндеттер өз нәтижесін бермеген. Ал министр осыдан бір күн бұрын ғана Жамбыл облысы әкімімен сөйлесіп, инвестор табылғанын айтып ақталғандай болды. Бірақ осы жоба жөніндегі комиссияның мүшесі бола тұра М.Ескендіров бұл жағымды жаңалықтан қалайша бейхабар қалғанына таңғалды.

 

Топырақты да қорғау керек

Елімізде топырақты қорғау жөніндегі талаптар күшейтілетін болды. Бұл туралы Төменгі палата депутаттарының қарауына енгізілген «Топырақты қорғау туралы» заң жобасы мен оған ілеспе құжат бойынша баяндама жасаған Мәжілістегі Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев баяндады.

– Заң жобаларын Парламент депутаттары Мемлекет басшысының сегізін­ші сай­ланған Парламенттің бірінші сессия­сының ашылуында берген тапсырмасын орындау бойынша әзірледі. Заң жобасының негізгі мақсаты – топырақты тиімді сақтаудың құқықтық негіздерін құру, топырақтың құнарлығын арттыру, жердің тозуын болдырмау, – деді С.Егізбаев.

Оның айтуынша, ілеспе заң жобасы қолданыстағы заңнаманы негізгі заң жобасының нормаларына сәйкес келтіру мақсатында әзірленген.

– Ол «Жер кодексі» мен «Агроөнер­кәсіп­тік кешенді және ауылды аумақтарды да­мытуды мемлекеттік реттеу туралы» заң­ға жердің кадастрлық құнын анық­тау­дың нақты тетіктерін белгілеуге бағыт­тал­ған өзгерістерді ескеріп отыр, – деді депутат.

 

Құтқарушылардың мәртебесі көтерілмек

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы туралы баяндаған Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов елімізде аза­маттық қорғау қызметкерлерінің мәр­тебесі көтерілетінін мәлімдеді.

Жалпы, ұсынылып отырған нормалар азаматтық қорғау органдары қызмет­кер­лерінің әлеуметтік мәртебесін арттыру­­ға, адам көп жиналатын нысандарды пай­далануға қабылдау кезіндегі өрт қауіп­сіздігін бақылауды жаңартуға бағыт­талған. Сондай-ақ қауіпті өндірістік нысандарды жаңарту және техникалық қайта жарақтандырудың жиынтық жос­парын азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу, сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету нормалары қарастырылған.

Жобада азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің мәртебесін және азаматтық қорғау органдарында қызмет ету тәртібін құқықтық деңгейде белгілеу ұсынылды. Төтенше жағдайлар қызметкерлеріне көтерме және тұрғын үй жәрдемақысы төленетін болды.

Осы заң жобасы арқылы мемлекеттің құрылыс саясатына да өзгеріс енгізілмек. Яғни төтенше жағдайлар органдары­ның келі­сімінсіз тоғыз қабаттан жоғары ғима­раттар пайдалануға және арнайы техникалық шарттарды әзірлеуге бұдан былай жол берілмейді.

Бірінші оқылымда мақұлданған аза­мат­­тық қорғау саласындағы заң жобасында Төтенше жағдайлар министрлігінің қауіпті өндірістік нысандарды жаңарту және техникалық қайта жарақтандырудың жиынтық жоспарын бекіту жөніндегі өкілеттіктерін айқындау ұсынылады.

Сонымен қатар елімізде далалық өрт сөндіру қызметі құрылатын болды. Заң жобасы аясында мемлекеттік орган­дардың өртке қарсы қызметтері мен құра­лымдары үшін «салалық өртке қарсы қыз­мет» анықтамасы енгізіледі. Қорғаныс, ұлт­тық қауіпсіздік, орман шаруашылығы және жергілікті өзін-өзі басқару органдарын­да құрылатын мұндай қызметтер мемле­кеттік органдарға ведомстволық бағы­­нысты объектілердегі өрттерді сөн­діру кезін­де мемлекеттік өртке қарсы қыз­мет ор­гандарымен өзара іс-қимыл жасайды.

Сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері азаматтық қорғау туралы жаңа заңға енгізіледі. Осылайша, төтенше жағдайлар министрлігіне сейсмикалық, сел және көшкін қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қала құрылысы жобаларын келісу бойынша функция беріледі.

Отырыс соңында депутаттық сауал­дарға кезек келді. Сауалдың алғашқысы біраз уақыттан бері жырға айналып келе жатқан салық жүйесін жөнге келтіруден басталды. Депутат Берік Бейсенғалиев Премьер-министр Олжас Бектеновке еліміздегі салық жүйесін тұрақтандыру туралы сауалын жолдады. Ал депутат Серік Егізбаев Үкімет басшысы Олжас Бектенов пен Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовке ауыл шаруашылығын субсидиялау бойынша шаруалардың қарызын төлеу туралы депутаттық сауалын жолдады. «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Ергешбаев Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің назарына Күріш шаруашылығы институтын дамыту бағытындағы өзекті мәселелерді жеткізді.