Қоғам • 06 Ақпан, 2025

Мажоритарлық жүйе халықтың сайлауға сенімін оятты

150 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының соңғы 3 жылғы реформаларының нәтижелерін Президент жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының (ҚЗСИ) сарапшылары талқылады. Талқыланған реформаның бірі – қайта енгізілген Мажоритарлық сайлау туралы болды, деп жазады Egemen.kz.

Мажоритарлық жүйе халықтың сайлауға сенімін оятты

Фото: aikyn.kz

Еске салайық, 2022 жылы қабылданған маңызды саяси реформалардың бірі – Мәжіліс пен мәслихаттарға депутаттардың бір бөлігі мажоритарлық жүйе бойынша сайлану мүмкіндігіне қайта ие болғаны еді.  

Мажоритарлық сайлау жүйесінің енгізілуі – саяси жүйені қайтадан бәсекелестікке, азаматтардың қатысуына және дауыс беру нәтижелерін есепке алуға жол ашты.

Сайлаудың бұл жүйесі азаматтарға тікелей саяси қатысу мүмкіндігін ашатыны мәлім. Яғни, Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына өз кандидатурасын ұсыну үшін азаматтардың міндетті түрде саяси партияға мүше болуы шарт емес. Сөйтіп, Қазақстан азаматтары өздерінің сайлану құқығын жүзеге асыру мүмкіндігін қайта алды, бұл оларды қоғамдағы партиялар спектрімен шектемейді. 2023 жылғы Мәжіліс сайлауында 30% мандат, яғни 29 депутаттық орын мажоритарлық жүйе бойынша сайланса, осы 29 орынның 7-еуі – өзін-өзі ұсынған кандидаттар, ал 22-сі – «Amanat» партиясының мүшелері. Өзін-өзі ұсынған бірмандаттық депутаттар саны НПК (5 депутат) және ОСДП (4 депутат) сияқты партиялық тізімдер арқылы өткен кандидаттар санынан асып түскен. Осылайша, сайлау жүйесін реформалау азаматтарға ұлттық және өңірлік деңгейлерде пассивті сайлау құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік берген.

«Мәслихат депутаттарын сайлау – 2023: ерекшеліктер мен үрдістер» атты монография авторларының мәліметтерінше облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының мәслихаттарына бірмандаттық округтер арқылы сайланған депутаттардың 297-сі партия мүшелері болып шықты, яғни 334 орынның 88,9%-ын иеленді. Бұл ретте кандидаттардың жалпы саны бойынша партияға кірмейтіндер үлесі жоғары болған – 63,1% қарсы 36,9%.

Айта кетсек, қалалық және аудандық мәслихаттар деңгейінде де осындай үрдіс байқалған – бірмандаттық округтер бойынша өзін-өзі ұсынған кандидаттар партиялық үміткерлерден көп болған.

Түйіндей айтқанда, қоғам қолдаған Мажоритарлық сайлау реформасы – басты оң өзгерістердің бірі.

Соңғы жаңалықтар