Қоғам • 06 Ақпан, 2025

Ұлттық мүгедектер палатасын құру керек - депутат

73 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Таңсауле Ғабдыманапұлы  мүгедектігі бар жандарға ел дамуына  үлесін қосуға мүмкіндік беріп, табыс табуларына жағдай жасайтын уақыт келгенін айтты, деп жазады Egemen.kz

Ұлттық мүгедектер палатасын құру керек - депутат

Мемлекет басшысы мүгедек жандарға қамқорлық жасауды әлеуметтік саладағы басты міндеттердің бірі ретінде үнемі айтып келеді.

Депутаттың айтуынша, жалпы «мүгедек» деген атаудың өзі, оның қозғалысы, еңбекке келгенде мүмкіндігі шектеулі дегенді білдіреді. Сондықтан еңбек қатынастарында бұл мәселені басқаша қарауымыз керек. Қазақстан зайырлы, экономикасы аяққа тұрған мемлекет. Десе де үкімет мүгедектердің мемлекет мойнында отыра бергенін қаламайтыны анық. 

«Өкінішке орай мүгедек жандардың саны қысқарып жатқан жоқ, керісінше ұлғаюда. Бүгінгі күні елімізде 800 мыңға тарта мүгедек жандар бар. Оның ішінде қозғалысы шектеулі, көзі көрмейтін, құлағы естімейтін немесе мүгедектікпен туылғандар. Қазірде технология дамыды десек те, бұл цифрды жоққа шығара алмаймыз», дейді ол. 

Сонымен қатар егер үкімет бұл жандарға көмектесер болса, онда толыққанды  еш қамсыз болатындай көмек жасауы тиіс екенін атап өтті. 

«Бірақ ол бүгінгі күні мүмкін емес. Себебі 1,2,3 топ мүгедектерінің түрлі проблемаларын айтамыз, біреуі тегін жүре алмайды, біреуіне тағы бір жәрдем жетіспейді. Міне осылай әрдайым күресудеміз. Мүгедектерге көмек мүмкіндігінше ғана беріліп жатқаны да шындық. Жыл сайын бюджеттік қолдау азайып, мүгедектер саны көбейіп жатыр. Нарықтық заманда өз күнін өзі көрудің тағы бір тәсілі, тиісті ұйым немесе қоғам құрылып оларды мемлекеттік сатып алуға қатыстыру.

Бұл Мемлекеттің кепілді түрде беретін тапсырысына қатысып өз нәпақасын тауып дамысын деген сөз.  Мемлекеттік сатып алу туралы заңда арнайы мекемелер соны ұтып алуға жағдай жасалды. Бұдан не көрдік? Бірнеше жылдар бұрын мүгедектік қоғамдар аз ғана болса, ал қазіргі саны 3 мыңнан асып кетті. Бұл нені байқатады? Бұнда мүгедектігі бар жандар ақшасын тауып дамып жатыр десек те, оны нақты көріп жатқан жоқпыз, егер осы ұйымдар арқылы мүгедектер жағдайы жасалса олар үкіметтің, әр мекеменің табалдырығын тоздырар ма еді. Демек, 3-4 мүгедекті тіркеп осы қоғам, ұйымдарды пайдаланып, ақша «тауып» жатқан «кәсіпкерлер» пайда болды», дейді депутат.

Бұнда бір қоғамда пайда тауып жатқан айлакерлер болса, енді бірінде ештеңе де жоқ. Ал өздерінің цехтары бар іргелі мекемелердің жарғылық мақсаты тапқан бір теңгесі болса да өзінің өндірісіне құяды, яғни өз мекемесіне жұмсайды.

«Ол дегеніңіз не құрал жабдықтар алады, не жалақыны көтереді. Егер іргелі мекемелердің жарғылық мақсаты осындай болса, онда олардың мүгедектерге пайдасы бар. Бірақ бұндай мекемелер аз десек болады. Енді қайтпек керек, алдағы уақытта не жасауға болады? Оның шешімі біреу. Жаңағы 3 мыңнан аса ұйым мен мекемелердің басын қосып біріктірер, бір бағытта жұмыс жасайтын Ұлттық мүгедектер палатасын құру керек. «Атамекен» палатасы сияқты, осы негіздегі палата құру.

Яғни бір жеңнен бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс жасау. Егер бұндай палата құрылар болса, мемлекет және демеушілер берген барлық көмек бір жерде болып, қаржы талан таражға түспей шын мәнінде мүгедектігі бар азаматтарға тиісті көмек берілер еді. Мүгедектердің шешілмей жатқан барлық мәселелерін мемлекетке қол созбай шешуге мүмкін болады. Бұнда қоғамдағы интеграция, мүгедектерге бағытталған барлық мәселе, оның ішінде жұмыспен қамту, оларға бейімделген бизнес, өндіріс орындары, инфрақұрылым, қаржы мәселесі, тұрғын үй, бейімделген қолайлы көлік шығару, мүгедек балаларды асырап отырған ата аналардың проблемасы және осыған ұқсас біршама мәселелермен айналысатын бір ғана құрылым ол Ұлттық мүгедектер палатасы болуы керек. Сонда ғана жүйелі жұмыс өз нәтижесін береді. Ел дамуына мүгедектігі бар жандарда барынша өз үлесін қосып, ел қатарлы марқайып жүруі жүйелі жұмыстың жемісі болар еді», дейді Т. Ғабдыманапұлы.