
Жер жарықтық қанша жомарт дегенімізбен, өзімен бірге барша бейнетті ала шығатын көк өскінге маңдай тері тамбаса, көктемеуі де мүмкін. Ол үшін табаны тастан таймаған тарланбоздай, күнді түнге, түнді күнге ұластырып, қажырлы еңбек ету керек.
Сайын далада ақбас толқындай самал желмен тербелген астықты алқаптың көз қуантып, көңіл тоғайтып өсуі жер жайын жақсы білетін жампоздың жансебіл еңбегінің арқасы. Сәлімовтер әулеті ауыл шаруашылығындағы дәстүрлі еңбек сабақтастығын үзбей жалғап, осы іске бар ғұмырларын арнап, табанды еңбек етумен қатар, жас толқынды өздерінің іс-әрекеттерімен жақсылыққа баулып, жасампаздыққа тәрбиелеп, бай тәжірибелерін үйретіп, дем беріп отыр.
Тұрғымбай ақсақалдың пайымдауынша, жастардың жер қадірін білуі әбден керек қасиет. Солтүстіктің құбылмалы ауа райының жайын тамыршыдай тап баса алатын сезімталдық та керек. Кей-кейде өткен өмір жолдарын көңіл төрінде таразылап безбендесе, туған жерге деген перзенттік махаббат тым ерте оянған екен. Сәл ғана әсірелеп айтқанда, көзін ашқаннан көргені адал еңбек пен айдыны көмкерілген ел тұрмысы. Ол уақытта ауылдың еңбектеген баладан еңкейген кәрісіне дейін жатпай-тұрмай қимылдап, адал да арлы еңбектерінің арқасында жер емшегін еметін. Шоқ жұлдыздай шағын ауылда жұмыс қайнап жататын. Қабырғасы қатып, буыны бекісімен алдыңғы толқын ағаларға қолғанат бола жүріп, еңбек атты құдіреттің таңдайдан дәмі кетпейтін ырыздығын тата бастады.
Орта мектепті аяқтаған соң сол тұстағы Целиноград қаласындағы автокөлік техникумына оқуға түсті. 1975 жылы ойдағыдай аяқтап шықты. Ең бастысы, ауыл шаруашылығының кәдесіне жарайтын мамандықты игерді.
– Мамандық таңдағанда ойым онға бөлініп, алды-артыма қарайлаған жоқпын, – дейді ақсақал. – Бала жасымнан табиғат аясында болғанды ұнататын едім. Техниканың тілін меңгеруге деген құлшыныс екі бастан. Механизатор болып еңбек еткен кезде тек қана техника тізгіндеумен қатар, білім мен тәжірибемді толықтыруға тырыстым. Шеберлік тынымсыз еңбекпен жолдас. Сондықтан ғұмырыңның әр күнін текке өткізбей, тиімді пайдаланған абзал.
Еңбек жолын механизатор болып бастаған Тұрғымбай Қастайұлы 1996 жылы «Қоныспай» шаруа қожалығын құрды. Бұл қожалық Ақкөл ауданындағы өзі тектес шаруашылық құрылымдарының алдыңғы легінде. Ұжым егін шаруашылығымен айналысады. Білім мен тәжірибеге иек артқандықтан, құрғақшылық жылдардың өзінде қамбалары толмай қалған кезі жоқ. Гектар берекесі 15-17 центнерден айналып отырды.
Табаны күректей қырық жыл бойы егін шаруашылығымен айналысып келе жатқандықтан, даланың дарқандығын арттырудың қыр-сырын да бір кісідей меңгерген. Зымыраған уақыттың бір орында табандап тұрып алмайтыны тәрізді, ауыл шаруашылығының ахуалы да өзгеріп отырмақ. Жаңа технологиялар, ілкімді әдістер, ойға алған шаруаны оралымды атқаруға мүмкіндік беретін қуатты техникалар қатарға қосылып жатыр. Тұрғымбай Қастайұлы өзі ғана емес, ұжымдағы жұмысшылардың да білімін жетілдіруге ынталы. Сонда ғана бір қолдың саласындай біріккен алапат күш-қуат тау қопарып, тас жармақ. Ұжым жұмысшыларын ауыл шаруашылығына қатысты семинарлар мен курстарға жіберуі де ертеңін ойлағандықтан.
Еңбек жолындағы елеулі ісін екшесеңіз, Тұрғымбай Қастайұлының сауатты әрі талапшыл басшы екендігін аңғарасыз. Төккен тер, шеккен бейнетінің жемісін де көріп келеді. Бірқатар мемлекеттік наградамен марапатталған. Соның бәрі – адал еңбегінің арқасы.
Тұрғымбай Қастайұлы ұзақ жылдан бері ауыл шаруашылығының зілдей ауыр салмағын көтеруге атсалысып келе жатқан азамат дейді ауылдастары. Бір жақсысы, адал еңбектің туын тіккен шырайлы шаңырақта өсіп-жетілген перзенттері де әке жолын қуып, туған жердің төсін түлетуге атсалысып жүр.
– Ұлдарымның ат жалын тартып мінгеннен кейін әке салған соқпаққа түсіп, еңбек әліппесін бастағанына қуаныштымын, – дейді отағасы. – Біз бір алқаптың төсінде бірлесе еңбек етеміз, білім мен тәжірибемізді бөлісеміз. Арман-мұратымыз да бір. Осының өзі өскен ұядағы өнегенің арқасы.
Табысты отбасы жергілікті жердегі ынтымақтың өрістеуіне де зор үлес қосып келеді. Ұлттық өнер мен мәдениетті дамытуға үзбей атсалысады. Ауылдың ажарын келтіретіндер де осылар. Жақсы істі көрген жас буын ертең Сәлімовтер әулеті тәрізді еңбекке бет бұратыны сөзсіз.
Ақмола облысы,
Ақкөл ауданы