Мирас • 07 Ақпан, 2025

Салғырттық салдары: Көне ескерткіш қайта қалпына келтіруді қажет етеді

291 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Созақ ауданы аумағындағы қарт Қаратаудың сілемдеріндегі биік төбе ­басына қаланған тарихымыздың жауһар ескерткіштерінің бірі – «Ақбикеш» мұнарасының бір шеті жуырда опырылып құлады. Жауаптылар бұл жағдайды ауа райының қолайсыздығымен, қар-жаңбырға шыдас бермегенімен байланыстырады. Ғасырлар бойы сақталған мұнараның бүгінгі ахуалы салғырт­тықты, ел тарихына немкеттілікті де аңғартады.

Салғырттық салдары: Көне ескерткіш қайта қалпына келтіруді қажет етеді

Осыдан екі жыл бұрын «Еге­менде» шыққан «Мұнараның мүшкіл халін министрлік біле ме?» (EQ. 20.02.2023 жыл) атты мақаламызда тарихи ескерткіштің ахуалына байланысты мәселе көтеріп, тиісті мекемелердің назарына салған едік. Аталған мақалада жергілікті жұрттың тарихы терең мұнараның бүгінгі ахуалына алаңдаулы екенін, мұнара қаптамасының бір шеті опырылып құлағанын жазғанбыз. Ауыл тұрғындары «Қазреставрация» мемлекеттік мекеменің тірлігі шикі екенін жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанда айтқанымен, тірі пенде құлақ аспағанын да келтірдік. «Қыстыгүні ­10-15 градус суықта сапасыз кесектер­ қаланды. Кесектердің арасында бай­ланыс жоқ. Қаншама қаржының желге ұшқаны қынжылтады. Тарихи ғи­ма­раттың сыртын дені сау адам қам кесекпен қалай ма? Кезінде байбалам салдық. Мынау не болды енді? Бір жаң­бырда опырылып құлап қалды. Оның түгел құлап қалмауына кепілдік жоқ. Халықтың ақшасына жүргізілген сапасыз жұмыс қой, жанашырлықпен айтып жатырмыз. Есік сапасыз, су қа­шыртқысы дұрыс салынбаған», деген еді сол жолы ауыл тұрғыны.

Иә, қам кірпіштен салынып, орта­ғасырдан бүгінге дейін жеткен бұл мұнараның Қазақстан сәулет өнері тарихында алатын орны ерекше.­ Ақ керіш топырақтан құйылған кірпіштен тұрғызылған мұнараны жергілікті халық «сүтке илеген, арасына ту биенің құйрығын турап салған» дейді. Сондай-ақ жоғарыда аталған мақаламызда мұнараның «Ақсүмбе» аталуына қатысты зерттеулер мен аңыздарға негізделген бірнеше болжамды келтірдік. Көне қала орнында кезінде зерттеу жұмыстарын жүргізген ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан мұнара ХII-ХIII ғасырларда, моңғол шапқыншылығының алдында тұрғызылуы мүмкін екенін айтқаны жөніндегі деректерге жүгіндік. Ал белгілі археолог Карл Байпақов «Қазақстанның ежелгі қалалары» деген кітабында Ақсүмбеге 1390-жылдары Алтын Орданың ханы Тоқтамысқа қарсы жорық жасаған кезінде Ақсақ Темірдің әскері тоқтағанын жазады. Осы жерден олар өзіне қарсы жау әскерін бақыласа керек. Мұнара «Ақсүмбе» деген атпен тарихшы Шараф әд-Дин әл-Жүздінің «Зуфар-намесінде» («Жеңіс кітабы») Әмір Темірдің 1389–1390 жылдар­дағы Тоқтамысқа қарсы жорықта­рын сипаттағанда Дешті Қыпшақ даласын бақылап отыру үшін Қаратау шыңына салынған қарауыл мұна­расы ретінде айтылады. Жылнамашы Әмір Темірдің жорықтары туралы жа­зылған «Зафарнама-и-Тимури» кіта­бында: «Темірдің қолы Отырарға келгенде, Темір бірнеше кісіні Қаратауға жіберіп, Әділшені іздетті. (Әділше Бәхрам жалайыр – Темірдің Қамар-ад-динге қарсы жіберген адамы, кейін өзіне қарсы шығып кеткен) Әділшені Ақсүмбеде ұстап, сол жерде басын кеседі. Ақсүмбе осы жерден Дешті Қыпшақ жағын бақылайтын Қарашық (Қаратау) тауының биік жотасында сорайып тұрған мұнара», деп жазады. «Зафарнамада» әйгілі Әмір Темірдің Ақсүмбеде шатыр тігіп түнегені де айтылған. Сондай-ақ зерттеушілердің еңбегінде кезінде Қаратаудан Ұлытауға дейін отпен белгі беретін Ақсүмбе сынды жеті мұнара тұрғызылғаны,  солардың ішінен осы күнге дейін сақталып жеткені – Ақсүмбе мұнарасы екені айтылады.

ро

Тарихи деректерге жүгінсек, мұна­раның биіктігі – 25 метр және ені 14 метр болған. Ғасырлар бойы бірде-бір рет жөндеу жұмыстары жүргізілмеген оның биіктігі 11 метрге, ені 7 метрге түскен. Яғни жартылай бұзылып, жерге шөгіп кеткен болатын. Облыс әкімінің 2010 жылғы 9 маусымдағы қаулысымен ХІІІ-ХІV ғасырдағы қала құрылысы және сәулет ескерткіші ретінде мемлекет­тік тізімге енгізілгенімен мемлекет­тен көмек ала алмаған ауыл тұрғындары мұ­­­на­раның төрт жағына баған орнатып, темірден қалқан тұрғызбақ болыпты. Бірақ жерді тесіп бұрғылағанда мұнара құлап кетер деп қауіптенген. Сондай-ақ тарихи мұраны сақтап қалу мақсатында аудан әкімдігінің бастама көтеруі­мен және жергілікті тұрғындардың қолдауымен реставрациялық жөндеу жұмыстарына дейін арнайы төзімділігі берік материалмен уақытша қаптау жұмыстары ұйымдастырылған. Ал бертініректе мұнараны сақтап қалу, қайта қалпына келтіру, көркейту жұ­мыс­тарын қолға алу мақсатында арнайы қор ашу жұмыстары жүргізілген. Қайта қалпына келтіру жұмыстары үшін құны 26 миллион 710 мың теңгеге жоба­­лық-сметалық құжаты да дайындалыпты.­ Алайда Бюджет кодексіне сәйкес арнайы бағдарламаның жоқтығынан оған жергілікті қазынадан қаржы бөлу мүмкін болмаған. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Ақбикеш» мұнарасы 2019 жылы ­30 мамырда республикалық дәрежедегі ескерткіштер тізіміне енгізілді. Осыған байланысты «Ақбикеш» мұнарасын қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге демеушілер тарапынан 2,0 млн теңгеге құны 36 586,107 теңге­ге жобалық сметалық құжаттары да­йындалды. «Ақбикеш» мұнарасына 2020 жылы «Қазреставрация» ғылыми зерттеу және жобалау мемлекеттік мекемесінің Қызылорда филиалы тарапынан қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Тапсырыс беруші Мәде­ниет және спорт министрлігі. Бірақ жергілікті жұрт сапасыз жүргізілген жұмыс салдарынан тоғыз ғасырдан астам уақыт тұрған мұнараның сыртқы қаптамасы тоғыз айға жетпей қирап қалғанын айтады. Сол кезде, яғни 2023 жылы ауа райы факторы себептерін алға тартқан «Қазқайтажаңарту» РМК Қызылорда филиалының директоры Нұрболат Мұратбеков орын алған кемшілік жоба авторларымен бірге анықталып, алдағы уақытта қайта қал­пына келтіру жұмысы  мекеме есе­бінен жүргізілетінін мәлім еткен-ді. Өкінішке қарай, ол уәде орындалмаған немесе қалпына келтіру жұмыстары, қайта құлағанына қарағанда, сапасыз жүргізілген.

Қаңтардағы қатты жел мен жауын-шашынға шыдас бермей бір шеті құлаған, ХІІІ ғасырлық тарихы бар ескерткіш шұғыл арада қайта қалпы­на келтіру жұмыстарын жүргізуді қажет етіп отыр. Осыған байланыс­ты, облыстық мәдениет басқармасы тарапынан 2025 жылы жүргізілетін ғылыми-реставрация жұмыстарының жоспарына енгізу үшін Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне ресми хат жолданыпты. Ал «Қазқайтажаңарту» РМК­ Қызылорда филиалының әзірге қолы­нан келгені – мұнараны тоқылған темір сыммен қоршау ғана ­болып отыр.

 

Түркістан облысы

Соңғы жаңалықтар