Өшпес даңқ • 07 Ақпан, 2025

Қаһармандар ерлігі ұмытылмайды

307 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жақында құрамында батысқазақстандық өлкетанушылар, суретшілер және билік өкілдері бар арнайы топ Ресейдің Невель қаласына барып қайтты.

Қаһармандар ерлігі ұмытылмайды

Суретті түсірген – Ахмедияр БАТЫРХАНОВ

Псков облысына қарасты Невель қала­сын­да қазақтың батыр қызы, пуле­мет­ші Мәншүк Мәметова, даңқты мерген Ыбырайым Сүлейменов және басқа да жүз­деген қазақ жерінен соғысқа аттанған жауынгер жерленген.

«Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің тапсырмасымен құрылған делегация құрамында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов, еңбек ардагері, қоғам қайраткері Табылғали Сапаров, Суретшілер одағының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының төрағасы, суретші Қайыр Оразғалиев, мүсінші Манас Аққожин, «Поиск» іздеу тобының командирі Марат Аққалиев, облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөнін­де­гі мемлекеттік инспекцияның бөлім басшысы Абзал Байбеков және мен болдым», дейді Орал қаласындағы Мәншүк Мәметова мемориалдық музейінің мең­герушісі Ахмедияр Батырханов.

Ахмедияр Қуанұлының Екінші дүние­жүзілік соғыстағы қазақ жауын­гер­ле­рі, соғыс тұтқындары тақырыбын терең зерттеп, ондаған кітап шығарған танымал өлкетанушы екенін айта кетейік.

Делегация Орал қаласынан автокөлік­пен шығып, 36 сағат ішінде Невель қала­сы­на жеткен. Жұмыс тобы алдымен 1941 жылы күзде Алматы қаласында құ­рыл­ған 100-ұлттық атқыштар бригадасы мен Ақтөбе қаласында құрылған 101-ұлт­тық атқыштар бригадасының жеке құра­мында жауға қарсы соғысып, қаза тапқан жауынгерлер рухына тағзым етіпті. Яғни Тверь облысы Ржев қаласындағы мемориалдық кешенге, Ржев қаласындағы «Қорған» ба­уырластар зиратына, Тверь облысы Оленин ауданының Молодой Туд деревнясындағы бауыр­ластар зиратына барып, дұға бағыш­та­ған. Ржевтегі мемориалдық кешенде 17 181 жауынгер жерленген екен.

Келесі күні батысқазақстандық делегацияны ресейлік «Гвоздика» іздеу тобының командирі Михаил Ясютич пен оның орынбасары Иван Малахов күтіп алып, қонақжайлық танытыпты. Ертеңіне Невель қаласының әкімі Олег Майоров қабылдады. Қала басшысы Қазақстан мен Ресей арасындағы мәңгілік достық туралы айта келіп, Екінші дүниежүзілік соғысы жылдары Невель қаласын неміс-фашист басқыншыларынан азат етуде ерлікпен қаза тапқан қазақстандық боздақтар жөнінде, соның ішінде Алматы қаласында жасақталған 100-ұлттық атқыштар бригада командирінің орынбасары, Невель қаласының тұңғыш әскери коменданты, подполковник Әбілқайыр Баймолдин, мерген Ыбырайым Сүлейменов және Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәме­тованың өмірбаян деректері мен жауын­герлік жорық жолдарын әңгімеледі.

«Невель қаласын жаудан азат еткен әр жауынгердің өмірі – біз үшін тарих. Невель қаласында Әбілқайыр Баймолдин атында үлкен алаң болса, мерген Ыбырайым Сүлейменов пен қазақ халқының батыр қызы Мәншүк Мәметованың атында көше бар. Мысалы, Мәншүк Мәметова атындағы көшеде тұратын әйел адам босанса, оның дүниеге келген перзентінің метіркесінде Мәншүктің  есімі жазылады. Қазақ халқының батыр қызы Мәншүк Мә­метованың есімі Невель қаласының та­ри­хында алтын әріппен жазылған», депті О.Майоров.

Бұдан кейін Олег Майоров, «Гвоздика» іздеу тобының жетекшісі Михаил Ясютич, оның орынбасары Иван Малахов қазақстандық  делегациямен бірге Мәншүк Мәметова ерлікпен қаза тапқан Заиванье деревнясына жол бастап, бірге барды. Делегация қазақтың қаһарман қызы ер­лік­пен қаза тапқан, алғашқы жерленген жеріне Құран бағыштап, гүл қойды. Мұндағы бауырластар зиратына 325 боздақ жерленген екен.

«1943 жылы 15 қазан күні осы жердегі шайқаста Мәншүк Мәметова траншея ішінде жүгіріп жүріп, неміс-фашист басқыншыларына «Максим» пулеметінен оқты қарша боратқан. Анталап алға ұм­тыл­ған жау өздеріне қарсы бірнеше нүк­те­ден бірнеше пулеметтен оқ атылғанға тран­шеяда әскер көп екен деп ойласа керек. Ал шындығында сол күнгі шайқаста қазақтың қайсар қызы бір өзі жауға тойтарыс берген. Мәншүк Мәметова ерлікпен қаза тапқан жердегі тікенді сымдар әлі сақ­таулы. Бұл тікенді сым – сол кезеңнен қалған жәдігер». Бұл – Иван Малаховтың әңгімесі.

Айтпақшы, «Гвоздика» іздеу тобы Невель қаласындағы 4 мектеп пен 3 бала­бақ­шаны аралап, «Ерлік сабағын» өткізеді екен.

«Басты мақсатымыз – Невель қаласын неміс-фашист басқыншыларынан азат ету кезінде ерлікпен қаза тапқан боздақтар тура­лы айту, қыршын кеткен боздақтардың ерлігін насихаттау», дейді ол.

Невель ауданының бір өзінде 60 шақты бауырластар зираты бар екен. Делегация мүше­лері Невель қаласының орта­лы­ғын­дағы кеңес жауынгерлері жер­ленген бауыр­ластар зиратына да барды. Бригада командирінің орынбасары Әбілқайыр Баймолдин, Ыбырайым Сүлейменов және пулеметші Мәншүк Мәметова жерленген осы қорымға да дұға бағыштады. Невель қаласының орта­лы­ғын­да Әбілқайыр Баймолдин атындағы алаң бар, ол жерде батырдың бюсті орна­лас­қан. Сондай-ақ Мәншүк Мәметова атын­дағы көше, еңселі ескерткіш те делегация назарынан тыс қалмады.

– Осы жерде бірнеше қала тұрғынынан Мәншүк Мәметованың өмірбаянын сұ­­­радық. Бір қуанарлығы, үлкендер де, мектеп оқушылары да сұрағымызға мүдірмей жауап берді. Тіпті азық-түлік дүкендері мен дәріхана сатушылары да Мәншүк Мәметованың өшпес ерлігі тура­лы жатқа айтады екен. Таңғалдық, риза болдық. Олар қала мектептерінде «Ерлік сабағы» өтетінін, сұрапыл соғыс жылдары Невель қаласын зұлым жаудан азат еткен қазақ ұлтының батыр ұл-қыздарын ешқашан ұмытпайтынын айтқан сәтте көзімізге еріксіз жас келді, – дейді А.Батырханов.

Батысқазақстандық делегация Невель қаласынан шыққан соң Новосокольники ауданының Монаково елді мекеніне де арнайы барыпты. Бұл деревняның аумағында қазақтың батыр қыздарының бірі Әлия Молдағұлова 1944 жылы 14 қаңтарда қаза тапқан екен.

– Араға 81 жыл салып, дәл сол күні біз Монаково елді мекеніне бардық. Бұл жерде Әлия Молдағұлова, 397 жауды о дүниеге аттандырған қазақ мергені Төлеуғали Әбдібеков жерленген бауырлас­тар зираты бар. Біз өлмес ерлік көрсеткен батырлар рухына тағзым еттік. Содан соң Смоленск облысы Велиж қаласындағы «Лидова гора» мемориал кешеніндегі №1-2 бауырластар зиратына да соқтық. Ол жерде біздің Шыңғырлау ауданының тумасы Қажығали Есболатов жерленген. 2016 жылы Қажығали Есболатовтың осы жерге жерленгенін «Поиск» іздеу тобының жетекшісі Марат Аққалиев анықтап, ұрпақтарына жеткізген еді, – дейді Ахмедияр Қуанұлы.

Содан 2017 жылы Қажығали Есбола­тов­тың ұрпақтары атасы жатқан зиратқа арнайы келіп, тағзым етіп кетіпті.

Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында жасалған бұл сапардың мәні неде? Мұны осы делегация құрамында болған еңбек арда­гері, қоғам қайраткері Табылғали Сапаров айтып отыр.

– Біз қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың, басқа да жерлестеріміздің басына зиярат етіп, Құран бағыштадық. Артында жоқтаушысы бар екенін білдірдік. Соны­мен қатар облыс әкімі Нариман Төре­ға­лиевтің тапсырмасымен батыр қызы­мыз Мәншүк Мәметова мен мерген Ыбырайым Сүлейменов қаза тапқан жерге ескерткіш орнату мәселесін жергілікті билікпен сөйлесіп, келісімге келдік. Алла бұйыртса, хал­қымыздың қаһарман қызы мен батыр атамыз қаза тапқан жерде ескерткіш бой көтереді», дейді Табылғали Сәтқалиұлы.

Расында, Невель топырағына зиярат ете келген жандар Мәншүктің соңғы шайқасы өткен жерге соқпай кетпейді екен. Алайда ол жерде қазір шағын темір қоршау, Максим пулеметінің қалқаны ғана тұр. Сондықтан Нариман Төреғалиевтің бас­тамасы қолдауға тұрарлық. Топ құра­мын­да болған суретшілер Қайыр Ораз­ға­лиев пен Манас Аққожин елге келісімен ескерткіштің жобасына кірісіп кетіпті. Қазақ батырларының соңғы демі шыққан топырақта тұруға тиіс ескерткіштің жобасы қазір дайын болып та қалған көрінеді.

– Невель топырағы бұрын көрмеген жерім еді. Осы сапардан ерекше әсермен оралдым. Сол бір күндері қан майданда шайқасқан аға ұрпақтың басынан өткен қырғынды жұлын-жүйкеммен сезіндім. Мұнда бүкіл жер қанмен суарылған деуге болады. Орманның, батпақтың кез келген жерін қазса, тіпті жеке ауладан да қазса, адам сүйегі шығады дейді. Бауырластар зиратындағы қаза тапқан жауынгерлер тізімінің 70 пайызы қазақтар екенін көрдік, – дейді М.Аққожин.

Экспедиция жетекшісі, облыстық мә­дениет, тілдерді дамыту және архив ісі бас­қар­масы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов бұл сапардың негізгі нәтижесі жаңа ескерткіш жөніндегі келісім екенін алға тартты.

– Жоспарымыз бойынша жеңіс мере­кесінің алдында, мамыр айының 3-4-і күндері қаһарман қыз Мәншүк Мәмето­ва­ның қаза тапқан жеріне белгі орнатуымыз керек. Қазір дайындық жұмысы жүріп жатыр, – деді М.Қамбетов.

 

Батыс Қазақстан облысы