
Сурет: freepik.com
Кездесу Бейжің декларациясының 30 жылдығына және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Әйелдер. Бейбітшілік. Қауіпсіздік» 1325-қаулысының 25 жылдығына арналды. Бұл – әйелдердің құқықтарын кеңейтуге және гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған негізгі халықаралық құжаттар.
Бейжің декларациясы мен Іс-қимыл платформасы 1995 жылы әйелдердің төртінші Дүниежүзілік конференциясында қабылданды. Құжатта әйелдер мен қыздардың 12 маңызды проблемалық бағыттағы (кедейлік, білім беру, денсаулық сақтау, қарулы қақтығыстар, экономикалық және саяси мүмкіндіктерді кеңейту, институционалдық механизмдер, адам құқықтары, БАҚ, қоршаған орта) құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған стратегиялық іс-шаралар көрсетіліп, оларды шешу жолдары ұсынылған. Аталған конференцияда әлем елдері бірігіп (189 ел), кемсітушіліксіз әлем – теңдік, әділетті және бейбітшілік әлемін құрып, оған әрекет етуге уәде берді.
Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша «БҰҰ-әйелдер» кеңсесінің өңірлік директоры Белен Санс Лукенің айтуынша, әйелдер әлем бойынша парламенттегі әрбір төртінші орынға ие, бұл он жыл бұрынғыдан айтарлықтай көп. Дүние жүзінде жаһандық гендерлік алшақтықты жоюға бағытталған 56 құқықтық реформа жүргізілген. Басты назар Орталық Азияға аударылған.
– Әйелдер арасындағы зорлық-зомбылыққа келетін болсақ, атап өтуге тұрарлық үш негізгі мәселе бар. Бірінші, Қазақстанның 2024 жылы отбасындағы зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы жаңашыл заңы әйелдер мен қыздарды қорғаудағы маңызды қадам болды. Екінші, Тәжікстан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы қайта қаралған заңды қабылдады. Бұл зорлық-зомбылықтан аман қалғандарға тегін медициналық көмек көрсету ережелерін қамтиды. Үшінші, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанмен бірге БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңесінің тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою туралы алғашқы қарарын енгізді. Сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның қатысуымен Гендерлік зорлық-зомбылықты тоқтату жөніндегі Орталық Азия альянсын құру арқылы 35 миллион әйел мен қыздың өмірі жақсарды, – деді БҰҰ өкілі.
Аталған отыз жылда гендерлік саясаттағы жұмыстар айтарлықтай нәтижелі болғанымен Белен Санс Лукенің мәліметі бойынша бұл салада теңдікке жетуге әлі де жүздеген жыл қажет.
Жоғары деңгейдегі халықаралық кездесуде Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева Қазақстанның 1995 жылы Бейжің декларациясына қосылған сәттен бастап ұлттық және халықаралық басымдықтарды ұштастырып, тұрақты гендерлік саясат қалыптастыру бағытын берік ұстанғанын атап өтті.
– Бұл үдеріс ең алдымен нақты құрылған институционал тетіктердің жүйесіне негізделеді. 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан ауқымды конституциялық реформа Конституциялық сотты қайта қалпына келтіріп, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын бекітті. Мен бұл өзгерістердің маңызын ерекше атап өткім келеді. Өйткені құқық қорғау институттарының күшеюі гендерлік теңдікті ілгерілетіп, қорғау үшін сенімді жағдай жасайды, – деді А.Балаева.
Осы мақсатта елімізде Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия жұмыс істейді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының Жарлығымен 2023 жылы өңір басшылары жанынан гендерлік мәселелер жөніндегі кеңесші институты құрылды. Ал еліміздегі гендерлік саясатты қалыптастыру және жүзеге асыруға жауапты негізгі мемлекеттік орган – Мәдениет және ақпарат министрлігі. Министрлік құрамында арнайы комитет жұмыс істейді.
Сондай-ақ кездесуге Орталық Азия елдерінің мемлекеттік органдары басшылары, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин, Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Еспаева, Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова және азаматтық қоғам өкілдері қатысып, пікір білдірді.