
Коллаж ЖИ көмегімен жасалды
Қызымнан айрылып қала жаздадым
Екі жыл бұрын жұмыс бабымен Алматыға көшіп кеткен құрбым отбасымен бірге Атырауға қайта келгелі жатқанын естіп, бір жағынан қуанып, бір жағынан таңданып қалдым. Көшіп келіп, орналасқаннан кейін жаңа қонысына құтты болсын айтуға бардым. Тәтті шәй үстінде аңқылдап көңілді отырған құрбым, «Не себепті қайтып келуге бел байладыңдар?» деген сұрағымды естіп алғашында мұңайып қалды. Содан соң: «Өзімді жүз пайыз жұмысқа арнаймын деп жүріп, қызымнан айрылып қала жаздадым» деп көз жасына ерік берді.
– Өзің де білесің сауда фирмасының басшысы болғаннан кейін тынымсыз жұмыс жасауға тура келеді. Күйеуім де әскери адам болған соң күндіз-түні үй көрмейді. Атырауда жүргенде де кішкентай балаларымды анама тастап кетуші едім. Алматыға барғаннан кейін екі кішкентайды балабақшаға бердік. Мектепте оқитын қызым сабақтан соң, өзі жақсы көретін қолөнер үйірмесіне баратын. Мектептегі ата-аналар жиналысына баратын біздің уақытымыз жоқ. Мүлде қатысып көрген емеспіз. Елде пандемия басталып, қашықтан оқуға көшкен кезде зум бағдарламасы арқылы жиналысқа қатыстым. Сол кезде қызымның сабағы 3-ке түсіп кеткенін білдім. Қолөнер үйірмесіне де бармағанына біраз болыпты. Бұл жайтты естіп ашуға міндім. Үйге келген соң қызыма бар ашуымды төгіп айқайладым. Тіпті ұрып та жібердім. Не себепті сабақ оқымай жүргенін, үйірмені неге тастап кеткенін сұрамадым. «Әкең екеуміз сендерді жеткізу үшін ебіл-себіл болып жұмыс жасап жүрміз, керек нәрсеңнің барлығын алып беріп жатырмыз, неге соның қадірін білмейсің, артыңнан өсіп келе жатқан інің мен сіңліңе қалай үлгі болып жүрсің, сендей қыздың барынан жоғы» деп ұрыстым. Сол жағдайдан кейін бір апта өткен соң балабақшаның кезекші тобына барып жүрген ұлымның тәрбиешісі телефон соғып, баламның қызулап тұрғанын айтып, ертерек алып кетуімді өтінді. Екі кішкентайымды алып үйге келгенімде қызымның 15-ші қабаттың терезесінен секіргелі жатқанын көрдім. Төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей болды. Жанұшыра жүгіріп, ұстап үлгердім. Мән-жайға қаныққан кезімде қызыма мектепте қатарластары тарапынан қысым көрсетіліп жүргенін білдім. Тіпті қашықтан оқуға көшкен кезде де әлеуметтік желі арқылы буллинг жасалыпты. Қызымды алып, психологқа бардым. Қызым Алматыда оқығысы келмейтінін айтты. Сонда да жұмысты тастап кете алмай жүріп қалдық. Қызым мүлде тұйықталып кеткен соң ақыры баланы бірінші орынға қойып, қайтадан көшіп келдік. Балапанымның көңіл-күйіндегі өзгерісті уақытында байқамағаным үшін, анасы мен қызы болып сырласпағаным үшін, өзімді тек жұмысқа арнап балаларыма көңіл бөлмегенім үшін өзімді кінәлі сезінемін. Сол үшін жұмысымды да ауыстырдым. Қызым бұрынғы сыныптастарымен қауышып, өткенді ұмытады деп үміттенемін, – деді күрсініп.
Күйеуім күйзеліске түсті
Мамандардың мәлімдеуінше ақыл тоқтатқан жастағы үлкен адамдардың өмірден түңілуіне жалғыздық, қарызға белшесінен бату, баспанаға қол жеткізе алмау, туыстарымен жанжалдасу, ажырасу, жазадан қорқу, ұятқа қалу және психологиялық ауытқулар себеп болады екен.
Тағы бір танысым анасынан айрылғаннан кейін күйеуінің күйзеліске түсіп, тұйықталып кеткенін айтады.
- Жақсы көретін анасы өмірден өткеннен кейін ешкіммен сөйлеспей, іштен тынып жүрді. Тіпті асқа да тәбеті шаппады. Оның үстіне вахталық әдіспен жұмыс жасайтын болғандықтан көп ұзамай жұмысына кетті. Жұмыстан келгеннен кейін жатақхананың бөлмесінен шықпай жатып алатын болды. Жаман ойлар үйірсектеп, өмірге деген құштарлығын жоғалтты. Осы кезеңде қайта-қайта қоңырау шалып, жылы сөздерімді арнап, балалардың тәтті қылықтарын айтып, қолымнан келгенше жалғыз қалдырмауға тырыстым. Осындай әрекетімнің нәтижесінде ашылып, қалыпты өміріне оралды,–дейді ол.
Психологиялық көмектің маңызы зор
Астана қаласы әкімдігінің «Психологиялық қолдау орталығы» КММ әдістемелік жұмыс бөлімінің әдіскері Сәнім Қошқарбаеваның айтуынша, балалар мұндай қадамға отбасындағы, мектептегі немесе қоғамдағы қысымның кесірінен барады.
-Суицид жасауды жоспарлап жүрген жасөспірім айналасындағы адамдарға міндетті түрде белгі береді екен. Өз-өзіне қол жұмсағысы келетіндер өлім туралы жиі сөйлеседі, әлеуметтік желілерде цитаталар жариялайды, атақты адамдардың суицидін идеализациялайды. Суицидтік мінез-құлықтың белгісі жеке заттарын таратып беруі және жақын адамдарымен қоштасуы болуы мүмкін. Баланың бойынан осындай мінез-құлықты байқаған жағдайда ата-ана ең алдымен сөйлесуге тырысуы керек. Өз-өзіне қол салуға бейім балалардың дені ата-анасымен жақын байланысы жоқ балалар болып табылады. Егер әке-шешесі баланы шын жүректен қолдап, қамқорлық танытса, жан-дүниесіне үңіліп сырласса, суицидтің алдын алуға болады. Бұл мәселеге мектеп пен жалпы қоғам да бейжай қарамауы керек. Десек те, негізгі жауапкершілік ата-анаға жүктеледі, - деді психологиялық орталықтың маманы. Оның айтуынша қиын жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсетіп, ата-аналарға кеңес беру мақсатында ашылған орталық ауқымды жұмыстар атқарып жатыр.
-Астана қаласының «Есіл», «Сарыарқа», «Байқоңыр», «Алматы», «Нұра» секілді бес ауданында психологиялық-педагогикалық кеңес беру бойынша психологиялық қолдау орталығы базасында жеті кабинет жұмыс жасайды. Ал «Әлеуметтік-педагогикалық сүйемелдеу» бөлімі қойылған міндеттерді орындау үшін психологиялық қолдау орталығы қызметкерлері тобының шығуымен, бүгінгі таңда шұғыл ден қоюды қажет етіп отырған зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке, буллингке және кәмелетке толмағандардың құқықтарын басқа да бұзушылықтарға ұшыраған немесе құрбан болған балаларға көмек көрсетеді.
Білім беру ұйымдарындағы қудалауды болдырмауға және алдын алуға бағытталған «Stop буллинг!» атты жоба ұйымдастырылды. Арнайы флаер жасақталып, ол барлық білім беру ұйымдарының дәліздеріне ілініп, кез келген уақытта QR код арқылы қудалауға (буллингке) ұшыраған адам көмек ала алады. Кез келген баланың қоңырауы психологиялық қолдау орталығының арнайы маманына және сол баланың мектебінің директорына түседі. Сол арқылы берілген сауалына жауап беріледі, -деді Сәнім Қошқарбаева.
Жанымыз – Алланың аманаты
Өз-өзіне қол жұмсауға Ислам діні қалай қарайды.
– Суицид, өз-өзіне қол жұмсау Ислам дінінде ауыр күнәға жатады. Өйткені өзін-өзі өлтіру шариғатта Жаратқанның жазмышына қарсы шыққанмен тең.
Тіршілікте көрген тауқыметі үшін өмірден баз кешіп, өз-өзіне қол салу Құдай Тағаланың қаһарына ұшыратады. Ақыретте үлкен азапқа душар етеді. Дүниеден қалай кетсе, ақыретте сол кейпінде жазаланатын болады.
Адамның өмірі қандай болмасын, басына қандай қиындық түспесін, өзіне қол жұмсамақ түгілі, өлім тілеуіне де болмайды. Өйткені адамның жаны, тәні, өмірі – Жаратушы тарапынан берілген аманат.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Сендердің біреулерің өзіне өлім тілемесін. Бәлкім, егер ол жақсы пенде болса, ұзақ өмір сүріп, жақсылығы көбейе түсер, сөйтіп, (өмір) ол үшін жақсы болар. Бәлкім, егер жаман адам болса, жамандығынан қайтарылар». (Нәсәи риуаят еткен).
Қоғамымызда орын алып жатқан осынау сорақы қылмыстың ең басты себебі иманды тәрбиенің жетімсіздігі екендігіне куә болып жүрміз. Иман болмаған жерде күдік пен күпірдің қатар жүруі заңдылық. Иманы әлсізді албасты шайтан азғырып, тура жолдан тайдыруға тырысады. Ақыры дегеніне көндіріп, өз тобының қатарына кіргізеді. Өйткені Ібілістің басты мақсаты адамзатты адастырып, торына түсіру болатын.
Өмірде қандай қиындық көрсе де, Тәңірден күдер үзбей, тәуекелшіл бола білу, жақсылықтан үміт ету нағыз мұсылмандық қасиет,- дейді ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуә бөлімінің өкілі.
Сарапшылар не дейді?
Өткен жылы Қазақстан әлеуметтік даму институты балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесін ашатын ауқымды сауалнама нәтижелерін жариялады.
Сарапшылардың айтуынша, респонденттердің 13,8 пайызы туыстары немесе таныстары арасында жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары болғанын айтқан.
Мұндай қайғылы оқиғалар жиі байқалған өңірлердің қатарында Алматы (25,4%), Астана (19%), Шымкент (16%), Қарағанды облысы (21,2%), Батыс Қазақстан облысы (17,2%) және Атырау облысы (15,4%) бар.
Респонденттердің пікірінше, балалар мен жасөспірімдерді суицидке итермелейтін негізгі себептер физикалық және моральдық зорлық-зомбылық (30%), ата-аналар тарапынан түсіністік пен қолдаудың болмауы (29,2%) және достарының немқұрайлылы қарауы болып отыр (28,3%).
Сауалнамаға қатысушылардың төрттен бірінен астамы (27,3%) компьютер мен интернетке тәуелділікті басты мәселе ретінде атап өткен.
Сауалнамаға қатысқан қазақтар зорлық-зомбылық (30,6%) пен түсініспеушілікті алға тартса (29%), басқа этнос өкілдері есірткіге, алкогольге және желілік технологияларға тәуелділікке назар аударған.
Бас прокуратураның мәліметінше, 2024 жылдың сегіз айында Қазақстанда суицидтің 2389 оқиғасы тіркелсе, оның 128-і 5 пен 18 жас аралығындағы балалар арасында болған.
Алдын алу қалай жүріп жатыр?
Мұндай жағдайлардың алдын алу бағытында 2023 жылдың тамызында Қазақстан үкіметі балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекітті.
Негізгі шаралардың бірі – балалармен құқық бұзушылық, қорлау және басқа да оқиғалар туралы деректерді нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік беретін интерактивті карта жасау болмақ. Карта еліміздің барлық аймақтарын қамтиды және жедел араласу мен дағдарысты басқару шараларының маңызды құралына айналады.
Сондай-ақ, Финляндия тәжірибесі негізінде қорқытуға қарсы бағдарлама әзірлеу жоспарланды. Білім беру мекемелері зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған сауалнамалар, сабақтар мен іс-шаралар өткізеді. Зорлық-зомбылықтан, кибербуллинг пен қорқытудан зардап шеккен немесе куәгер болған балаларды ерте диагностикалау және оларға қолдау көрсету әдістемесі енгізіледі.
Сонымен қатар, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында балаларға қатысты зорлық-зомбылық жағдайларына әрекет ету үшін үйлестіру қызметінің бірыңғай терезесі құрылады, бұл зардап шеккендерге көмек көрсетуді жеделдетуге мүмкіндік береді.
Кейстерді басқару әдісін қолдану арқылы мектептегі бухгалтерлік есепті реформалауға ерекше көңіл бөлінетін болады.
Бұл тәсіл балаға проблема анықталған сәттен бастап оны шешуге дейін, көмек көрсетудің жеке жоспарын құру және жауапты мамандарды тағайындау арқылы толық қолдауды қамтиды.
Кешенді жоспарға сондай-ақ «БалаҚорғау» балаларына арналған бірыңғай байланыс орталығын құру және білім беру ұйымдарында жеке қауіпсіздік сабақтарын өткізу енгізілді. TikTok, Instagram және басқада әлеуметтік желілер балаларға арналған қауіпсіз контентті құруға қатысады.
Сонымен қатар, аз қамтылған отбасыларды қолдау, психологиялық көмек көрсету желісін кеңейту, педагог-психологтар мен әлеуметтік қызметкерлердің санын арттыру, сондай-ақ олардың жұмысын цифрландыру шаралары қарастырылған. Балалар мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға, шығармашылық, спорттық және қосымша білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлінетін болады.
«Аталған шараларды жүзеге асыру кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың азаюына, сондай-ақ өз-өзіне қол жұмсау мен оған оқталу фактілерінің азаюына әкеледі», дейді мамандар
Тобықтай түйін
Ет жақындарымызды суицидке барудан сақтап қалу өз қолымызда. Отбасы мүшелері әрдайым бір-біріне қамқорлық танытса, мейірімге бөлесе, мінез-құлықтағы өзгерісті дер кезінде байқаса, ол адаммен шын жүректен сырласса, өмірден түңілген жанды қайтадан қалыпты өмірге қайтара алады. Сондықтан отбасындағы ең басты құндылық мейірім, сенім, сыйластықты жоғалтып алмасақ екен.