Жуырда осындай атпен журналист-жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты Қайсар Әлімнің кітабы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді (Алматы, «Ана тілі» баспасы, 24,0 баспа табақ, 2015 ж.).
Автордың бұл кітабына кәусар бұлақтың сыңғырындай рухани мөлдірліктен сусын қандырарлық әдеби портреттер мен эсселер шоғырланған. Жүрек қылын шертерлік туындылардан М.Дулатов, Ғ.Мұстафин, М.Иманжанов, М.Хакімжанова, Қ. Жармағамбетов, І. Есенберлин, Ә.Нұршайықов, С.Мәуленов, Ғ.Қайырбеков, Ш.Мұртаза, т.б. ұлтжанды суреткерлердің «Әдебиет – ардың ісі» деп қайралған талант қайнарларын, азаматтық болмыс-бітімін, туған елдің ертеңіне алаңдаған көңіл әуенін, халық мүддесі жолындағы қайраткерлігін дөп басып тануға болады.
«Теңіздің дәмі – тамшысынан» дегендейін, автордың 1982 жылдың қарашасында Алматының іргесіндегі Қарғалыда тұратын классик жазушы Ғабиден Мұстафинді әдейі іздеп барып, сұхбаттасқан сәтінен мысал келтірейікші: «... Мен Ғабеңнің айтқанын істедім. Кітаптың («Ой әуендері») тиісті бетін ашып, судыратып оқи жөнелдім. «Жазушы халық тіліне бай, сөз үлгілеріне қанық болуға тиісті. Соның өзінде шебер емес, жинаушы ғана. Шеберлік – сөздің орнын табуда, мөлшерін білуде. Мұны білгеннің әр сөзі алтын. Жалғанда не терең? Сөз терең. Не сұлу? Сөз сұлу. Не өткір? Сөз өткір. Оның бұл қасиеттерін адам адам болғалы пайдаланып келеді. Әлі күнге ешкім шегіне жете алған жоқ. Демек, әр жазушы өз тұсында өзіндік сөз өнерін көрсетуіне әбден болады. Көрсете алмаса, кінә өзінде».
Міне, атақты жазушының кейінгі жастарға айтып кеткен ұлағатты сөзі осылай өміршеңдігімен ойландыра түспек екен әркімді.
Сондай-ақ, әдебиеттің кейінгі буын талантты өкілдерінің шығармалары да зерделі зерттеудің нысанасына іліккен. Атап айтсақ, К.Мырзабеков, Ж.Әбдіхалық, Т.Сәукетай, Қ.Жиенбай, Ж.Дәуренбек, Қ.Аманжол, т.б. ақын, жазушылардың еңбектері әдеби портреттер мен эсселер жанрында жоғары талғаммен талданып, танымдық, тәрбиелік жағынан терең сарапталады.
Кітаптың тілі жатық, мазмұны көркемдікпен әдіптелген. Әдебиетке ынтызар әрбір оқырманды бейжай қалдырмасы анық.
Қали МЫРЗА.
АСТАНА.