Энергетика • 11 Ақпан, 2025

Көкшетауда электр қуаты жеткілікті ме?

101 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары облыс орталығында құрылыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Халыққа қызмет ететін нысандармен қатар жаңа білім ошақ­­тары, көпқабатты үйлер бой көтере бастады. Енді сол ғимарат­тар­­дың барлығын электр қуатымен қамтамасыз ету өзекті мәселеге айна­лып отыр.

Көкшетауда электр қуаты жеткілікті ме?

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Көкшетау «KEGOC» АҚ-ның жалғыз ірі қосалқы стан­сасының екі трансформато­рынан электр қуатын алады. Былтыр қыста, сақылдаған сары аязда транс­форматорлардың екеуі де үздіксіз жұ­мыс істеп тұрды. Мамандардың түсін­діруінше, бұл жай өте қауіпті. Алда-жалда оқыс оқиға бола қалса, кә­дімгі­дей қиындық тууы әбден мүмкін. Трансформаторлардың біреуі істен шыға қалса, екіншісі дайын тұруы қажет. Ал ондай мүмкіндік жоқ. Электр­мен қамтамасыз ететін жүйе істен шық­са, облыс орталығы ғана емес, Тайынша, Зеренді, Бурабай аудандары да жарықсыз қалуы ықтимал.

«KEGOC» қосалқы стансасынан таратылатын электр желісі әбден ескірген. Қаланың батыс бөлігіндегі қосалқы станса қатардан шықса, облыс орталығының 37 пайызы жарықсыз қалады. Іске жарататын өзге қуат көзі жоқ.

Мәселенің мәнісі мынада болып отыр. Бір кездегі бір қабатты ескі үйлердің орнына еңселі тұрғын үйлер салынды. Айталық, бір қабатты үйлерде бұрын он отбасы тұрып, өздеріне тиесілі электр қуатын пайдаланса, қазір оның орнына 200 отбасы электр қуатын пайдаланады. Демек тұтынушы саны 200 пайызға өскен әрі тұрмыстық бұйымдар да бұрынғыға қарағанда көбірек қой.

Электр желілерінің ескіргенін ескер­меуге болмайды. Тозу деңгейі өте жоғары. Қас-қағым сәт электр қуаты берілмей қалса, жылу беретін қазан­дық­тар, ауызсумен қамтамасыз ету тоқ­тайды. Көкшетау мұндай қиындықты 90-жылдардың басында көріп, әбден зәрезап болған қала. Байырғы тұрғындар сол кезеңді әлі де ұмыта алмай жүр.

Облыс орталығындағы Сарыарқа шағын ауданында ондаған көпқабатты тұрғын үй салынды, әлі де салынып жатыр. Осы жерде жаңа облыстық ауру­хана мен спорт сарайы бой көтермек. «Көкшетау Энерго» ЖШС-нің «Көкшетау қалалық электр желілері» бөлімшесінің мамандарын алаңдатып отырған да осы жай. Медициналық құрал-жабдықтар электр қуатын көбірек қажет етеді. Жаңа ауруханаға 12 МВт электр қуаты қажет. Осы шағын аудандағы қосалқы станса 4 МВт электр қуатын ғана бере алады. Жалғыз аурухана емес, облыс орталығындағы өндіріс орындарына да қыруар электр қуаты қажет. Бұл ахуал инвесторларды да алаңдатады. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін ең алдымен елде электр қуаты жеткілікті болуы керек.

– Қаланың даму жоспары жасалып жатыр. Өкінішке қарай коммуналдық қызметпен және бізбен ешкім бұл жайлы егжей-тегжейлі ақылдасып, келі­сіп жатқан жоқ, – дейді Көкшетау қала­лық электр желілері мекемесінің басшысы Данияр Үсембаев, – Менің ойымша, алдымен электр қуатымен жабдықтау жүйесі жасалу керек те, әлеуметтік-тұрмыстық нысандар, білім ошақтары, басқа да ғимараттар салынуы керек. Біз қала әкімдігіне сан мәрте өтініш жасадық. Қазір бағдарсыз жұмыс істеп отырмыз. Жекеменшік құрылыс ұйымының басшысы келіп жаңа нысанды электр қуатымен қамтамасыз ету туралы өтініш айтқанда барып есеп-қисабын жасай бастаймыз.

Есептеу құрылғыларын орнату да мәселеге айналған. Қаладағы тұрғын үй­лердің 30 пайызында жаңа бейінді есептеу құрылғылары орнатылған. Мұндай құрылғылар кейінгі жылдары бой көтерген тұрғын үйлерде де бар. Ал өзге тұрғын үйлер оны орнатуға тиісті болса да жеткілікті мән бермей отыр. Мамандардың түсіндіруінше, бұл аса қажетті құрылғы санатында. Себебі жаңа ол арқылы электр қуа­тының тасымалдау кезіндегі шығынын есептеуге болады. Ол шығын электр желілерінің ескіргенінен және жет­кілікті қымталып оралмағанынан пайда болуы ықтимал. Жаңа құрылғы желі бойындағы бар өзгерісті қолмен қойғандай көрсетіп бере алады. Бар­лық құрылғы арқылы ақпарат бір орталыққа жинақталады. Осы де­ректерді салыстыра зерттеу арқылы әр үйдің, әр пәтердің қаншалықты электр қуатын пайдаланғаны белгілі болмақ.

Ескі тұрғын үйлердегі электр қуаты өтетін алюминий сымдар әбден кө­нер­ген. Сондықтан тұрмыстық тех­ни­калардың көбеюіне байланысты жүктемені көтере алмауы ғажап емес. Қысқа тұйықталу да болып тұрады.

Жаңа үйлерде бұл көрініс басқаша. Оқырманға түсінікті болуы үшін бір ғана есепті келтірелік. Кеңес заманында бір пәтердің электр пайдалану көлемінің орташа көрсеткіші 1,5 кВт болатын. Бұл көрсеткіш те Көкшетаудың жайын нақты көр­сетпейді. Орталықтандырылған ыстық су болмағандықтан әрбір пәтер иесі су жылытқыш жабдықтарын пайдаланады. Демек орташа көрсеткіш 5 кВт-ға тең. Бірер жыл бұрын мамандар тәжірибе өткізіпті. Таңертең тұрғын­дар­дың келісімі бойынша электр қуатын ағытып тастаған. Кешке қосса, электр қуаты әр пәтерге 5кВт-тан жұмсалатыны анықталған.

Данияр Әбусағитұлының пайымдауынша, ең алдымен электр желілерін жаңғырту қажет. Жаңа ірі қосалқы станса салынса, ол 20-30 жыл қызмет етер еді. Түптеп келгенде бұл қаланың да мәселесі емес, «KEGOC»-тің шаруасы.

– Қала үшін жанымыз ашиды, – дейді Данияр Әбусағитұлы, – оқыс оқиға болса тұрғындар алдымен бізді кінәлайды емес пе? Олар мәселенің мәнісін біле бер­мейді ғой. Алдағы жұмыс көлемін болжап, жаңа қосалқы станса салудың шығынын да есептедік. 20 млрд теңгеге жуық қаражат қажет. Онсыз қиын түйін шешілмейді.

 

КӨКШЕТАУ