Кез келген кәсіпкердің негізгі мұраты – пайда табу. Тәуекел ете білгенге біздің заманымызда табыс көздері аз емес. Десек те, ел экономикасын ілгерілету үшін кәсіпкерлеріміздің алыпсатарлық төңірегіндегі арзан бизнеспен емес, өнім шығарып, өз шаруашылығын өркендетуге ұмтылғандары тиімді. Солардың бірі – қарағандылық кәсіпкер Дидар Тоғызбаев қодас өсіруді қолға алды. Арқа өңірі үшін таңсық саналатын жануарларды біздің табиғатымызға бейімдеп, жерсіндіріп көруге бел байлаған. Биыл көктемде ол сонау Хакасияға екі рет барып, 140 бас тибет «сиырын» сатып әкеледі де, оларды Қарқаралы ауданының Нұрмақов атындағы ауылдық округіне жеткізеді. Дидар бұл жануарлар өңір табиғатына тез үйреніп, жұмсалған қаражатты молынан ақтайды деп сенеді. Кәсіпкер жігіт қодастың жүнін қырқып, ал етінен шұжық, консерві өндірісін жолға қоюды көздеп отырған жайы бар.
Табынның қожайыны Дидар Тоғызбаев бұған дейін өзімізге үйреншікті мал шаруашылығымен айналысып келген екен. Енді ол қодас өсірумен шұғылдануға тәуекел етіп отыр. Кәсіпкерді әңгімеге тарттық.
– Мал өсіру – біздің қазақтан қалған кәсіп. Дегенмен, түп-тұқымы сонау Тибет тауларынан шыққан қодастай жануарды өсіруге қалайша тәуекел еттіңіз? Жерсінбей кетуінен қорықпайсыз ба?
– Осы Қарқаралы ауданындағы жайылымдар аса ауқымды. Бізге керегі сол. Осы жақта қыс айларында қасқыр аулап, жергілікті табиғатты, бұл жерге тән ауа райы құбылыстарын жылдар бойы бажайлап көргенбіз. Қазір қодастарымыз жайылып жүрген жер таулардың тасасында, ықтасын жерде орналасқан. Бұл жердің қысы жайлы. Ал мына қодастар бұған дейін табиғаты қатал, таулы, оты мардымсыз жерлерде тіршілік етіп келген. Бұл жақта олар үшін керек жағдайдың бәрі бар. Оның үстіне, оларға аса шығындала да қоймаймыз. Негізгі пайдасы да сонда. Өзіміздің үйреншікті ірі қараларымызды алайық. Оларға жемшөп әзірлеу оңай шаруа емес. Қодастар болса, қар астында қалған шөпті өздері-ақ аршып жейді. Мойындары жуан жануарлар қарды басымен аршып дағдыланған. Тағы бір жақсы ерекшелігі, қодастар тек табынымен жүріп жайылады, ешқашан саяқ кетпейді. Белгілі бір жердің жайылымын оттап болған соң, үйірімен көшіп басқа жерге барып жайылады. Оның үстіне, бұлар жыртқыш аңдардан тайсалмайды. Табынымен жүрген қодастарға шабуға қасқырлардың батылы жете қоймайды. Яғни, бақташыларымызға оларды бағу аса қиын емес. Біз бұл жануарларды таңсық болғаны үшін емес, айтарлықтай пайда түсіруге болады деген үмітпен әкеліп отырмыз. Егер үмітіміз ақталып жатса, олардың санын бес жүз басқа дейін жеткізсек пе дейміз. Көбейткенде де, табиғи өсімін күтіп отырмаймыз, тиімділігі расталып жатса, инвестиция салып, тағы да бірталай қодасты сатып әкелу жоспарда бар.
– Қаншалықты пайда табамыз деп ойлайсыз?
– Қодастың сүті өте майлы болады. Келешекте сыр зауытын ашсақ па деп отырмыз. Етті де түгелімен өңдеуге жібермекшіміз. Қодас етінен шұжық, консерві жасап шығарамыз. Жем-шөбі дұрыс болса, екі-үш жасар қодас шамамен 150 килодай ет береді. Олар табиғаты жайсыз жердің өзінде сондай өнім берген. Ал біздің табиғатымыз жайлы, сондықтан олардың салмағы да анағұрлым артық болады деп ойлаймын. Жалпы, Монғолияда, Тыва мен Хакасияда қодас еті жеңсік ас, яғни деликатес саналады. Жүнін қырқып өткіземіз. Қодастар салқынды жақсы көреді, сондықтан, жаз айларында қырықтық ұйымдастырғанымыз абзал. Жүнді экспорттау мәселесі бойынша қытайлықтармен сөйлесіп те қойдық. Олар қызығушылық танытып отыр.
– Жануарлар тым асау сияқты, оларды кім сауады?
– Бұлар, қалай дегенмен, қолға үйретілген қодастар. Қанша жерден жабайы болса да, адамдарды көріп өскен. Мал сауудың автоматтандырылған әдістері бар, әдеттегідей олардың сауырына жабысудың қажеті жоқ. Жануарлар арнайы қоршауға қамалып, желіні тазаланып, емшектеріне станок түтіктері кигізіледі. Біз өзіміздің асау жылқылармен де солай жұмыс істейміз. Қолдан жем беріп отырса, бұлар тез үйренеді.
– Қодастан басқа түліктер әкеліп өсіретін жоспарларыңыз бар ма?
– Қызылорда өңірінің кәсіпкерлерінен жүз түйе алуға келістік. Жақында соларды алып келмекшіміз. Негізі, Осакаров ауданында дәстүрлі, яғни өзімізге үйреншікті мал шаруашылығымыз бар. Сонымен қатар, етті мол беретін ағылшын тұқымы – герефорд сиырларын әкеліп өсіруді ойлап жүрмін.
– Кез келген малға жем-шөбімен қатар, міндетті түрде су керек. Қодастарды суаруда проблема жоқ па?
– Иә, өзім де бәрінен бұрын су мәселесін қолға алмақшымын. Бірден төрт ұңғыма тартсам деп отырмын. Жаздыгүні маңайдағы бұлақтардың суалып, құрғап қалатыны болады. Қыста, болса-болмаса, қатып қалады, бұл сол үшін керек.
– Ал дайын өнім шығару ісін қашан бастайсыздар?
– Консерві мен сыр өндірісіне келсек, алғашқы цех пен ет қақтау орнын алдағы жылдың басында ашсам ба деп отырмын. Сонымен қатар, май, қымыз бен шұбат шығарсақ дейміз.
– Қодас жүнінің өзіндік ерекшеліктері бар деседі...
– Ол бойдағы жылуды ұстап тұратын бірегей қасиетке ие. Әрі керемет жұмсақ. Содан да, қодастың жүнін кашемирмен шатастырып жатады. Және қодастың жүні оңай жуылып, тез кебеді. Сапасын қанша жуылса да жоғалтпайды.
Қодас жүнінің емдік қасиеттері де бар. Ол сүйектің сырқырағанын, бұлшық еттің қақсауын басып, қимыл-тірек аппаратының ауруларына емдік ықпал жасайды. Бұған қоса, қодастың жүні басқа жануарлардың, мысалы қойдың жүні сияқты жағымсыз иіс шығармайды.
* * *
Ауыл халқы бұл жаңалықтарды қуана қолдап отыр. Шалғайда қалған ауылға соңғы кездері іскер жандар келгіштеп жүр. Бұл – жақсылықтың белгісі.
Даланың бір шетінде мыңғырған жылқы, екінші бір басында қодастар жайылып жүр. Бұл жердегі малдың саны біраз жылдардан бері еселене түскен.
– Жеріміздің құлпырып жатқанын көрдіңіз бе, – дейді Нұрмақов ауылдық округінің басшысы Көшербай Шайманов. – Аумағы да аз емес – 195 мың гектар. «Агробайлык» ЖШС әзірге 15 мың гектарын жалға алып отыр. Бұл және бізде жұмыс істеп жатқан жалғыз фирма емес. Биыл екі шаруа қожалығы ашылды. Жоспар бойынша, жақында тағы да алты шаруашылық іске қосылмақ. Бүгінде барлығы 27 шаруашылық бар. Олардың бәрі де мал өсіріп отыр. Мұндағы халықтың мал басы жыл асқан сайын еселеніп, соған сәйкес, елдің тұрмыс деңгейі де көтеріле бастаған. Кеңес Одағы тараған тұста, біздің осы Өсібай сияқты шалғайдағы ауылдар көп қиындық көріп еді. Ертеңіміз не болады деген уайым басым-тұғын. Біз Қарағандыдан 330 шақырым жерде жатырмыз. Ауыл қаңырап қалды. Осы ауылда бұрын екі мыңдай адам тұрды, қазір содан алты жүздей ғана адам қалған. Дегенмен, қайта оралып жатқан халық та бар. Биылдың өзінде он шаңырақ көшіп келді. Тіршілік жалғасып жатыр!
Ал әзірге табын-табын қодастар ауылдық округтің орталығы Өсібай ауылының маңындағы қырда жайбарақат жайылып жүр. Бұл маңайда сылдырап аққан бұлақ көп. Жан-жақта тау да, жазық та бар. Жайқалған көк шалғын. Қысқасы, кез келген малға жайылым мол. Жүні тұяғын жапқан, жоны күжірейген жануарлар табиғат аясында жайылып жүргенде көз сүйінтеді. Ен далада бұзаулары да емін-еркін. Тек қодастың бір сүйкімсіздеу жері – тұрпаты кәдімгі сиыр құсағанмен, мөңіремейді, пысылдайды екен.
Ұрғашы қодастардың біразы Сібірден буаз күйінде келіп, осы жақта бұзаулапты. Өсібайда барлығы 27 қодас төлдеген. Байқауымызша, бұларға қазақ топырағы ұнаған сияқты. Кезінде қой өсірумен шұғылданған шаруашылықтың шүйгін шөбінен бастарын алмайды.
Қайрат ӘБДІЛДИНОВ.
Қарағанды.