
«Орталық Азия елдерімен қол жеткізген келісімнің нәтижесінде, 2025 жылдың наурыз айының соңына дейін Солтүстік Аралға жіберілген судың жалпы көлемі 1,6 млрд текше метрге жетеді. Бүгінгі таңда Солтүстік Арал теңізіндегі судың жалпы көлемі – 22,1 млрд текше метр. 2022 жылдың басында 18,9 млрд текше метр болды. 2025 жылдың соңына қарай теңіздегі су көлемі 23,4 млрд текше метрге дейін жетеді деп күтіліп отыр», деп мәлімдеді Су ресурстары және ирригация министрлігі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Арал теңізінің құрғап, шөлге айналуы – алаңдатарлық мәселе. Экологиялық апатқа ұшыраған аймақты оңалту керек. Бұған қоса трансшекаралық өзендердің су қорын тиімді пайдалану қажет. Ол үшін су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану керек», деген еді.
Солтүстік Арал теңізінің ауданы ұлғайып, қазір 3 065 шаршы шақырымға жеткен. Бұл 2022 жылдың басындағы көрсеткіштен 111 шаршы шақырымға көп. Солтүстік Арал теңізінің ауданы мен су көлемінің ұлғаюы нәтижесінде судағы минералдану үдерісі азайып, балықтың 22 түрінің популяциясы қалыпқа келген. Осылайша жыл сайынғы балық аулау көлемі 8 мың тоннаға жетіп отыр.
Министрліктің хабарлауынша, «Көкарал бөгетін сақтау және Сырдария өзені сағаларын қалпына келтіру» жобасы да аяқталуға жақын. Бүгінгі таңда Тәуір қорғаныс бөгеті салынып, Қарашалан көлі мен Сырдария өзені арасындағы екі учаскедегі бөгеттер мен Қарашалан-1 каналының және оның бас құрылысын реконструкциялау жұмысы аяқталған. Жыл соңына дейін Солтүстік Арал теңізін Үлкен Аралдан бөлетін Көкарал бөгетін қайта жаңарту жұмысы аяқталмақ.
Ал Қызылорда облысының күріш алқаптары лазерлік жоспарлаушымен тегістеліп, су үнемдеу технологиялары пайдаланылған. Соның нәтижесінде, шамамен 200 млн текше метр су үнемделіп, ол Солтүстік Аралға жіберілген. 55 мың гектар күріш алқабы лазерлік жоспарлаушының көмегімен тегістелді, бұл әдіс орташа өнімділікті гектарынан 40-55 центнерден 70-80 центнерге дейін арттырып отыр.
Жалпы, су үнемдеу технологияларын енгізу, шаруалардың инфрақұрылым жүргізу, су үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнату шығындарын субсидиялау мөлшері 50 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылған. Ал су үнемдеу жүйелерін пайдаланатын диқандарға суармалы суға субсидия мөлшері тарифке байланысты 85 пайызға дейін өскен.
Сондай-ақ Арал теңізі бассейніндегі аймақты оңалтуға бағытталған көгалдандыру жұмысы жалғасып жатыр. Бүгінде Үлкен Арал теңізінің тартылған аумағында 4,4 млн көшет отырғызылған. 2021–2024 жылдары 475 мың гектар жерге тұқым себіліп, көшет егілді. Биыл да 428 мың гектарда көгалдандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Осының нәтижесінде, 2025 жылдың соңына қарай Арал теңізі табанын көгалдандырудың жалпы көлемі 1,1 млн гектарға жетуге тиіс.
2024 жылдың 1 қаңтарынан еліміз Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етеді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2026 жылдың соңына дейін ХАҚҚ Президенті болып сайланды. Қазақстанның төрағалығы кезеңінде ХАҚҚ Атқару комитетінің жұмыс жоспары бекітілді. Құжат 10 түрлі бағыт бойынша 40-қа жуық іс-шараны қамтиды.
Президенттің тапсырмаларын іске асыру жалпы 2 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтымақ. Солтүстік Арал теңізінің су көлемі мен ауданының ұлғаюы судың минералдануын азайтады. Бұл оның биологиялық әралуандығын сақтауға көмектеседі әрі Қызылорда облысында балық шаруашылығының дамуына ықпал етеді. Ал су үнемдеу технологияларын енгізу мен су инфрақұрылымын дамыту Солтүстік Аралға қосымша су көлемін жіберуге мүмкіндік береді. Арал теңізінің тартылған аумағын көгалдандыру топырақ эрозиясының алдын алады және құмды, тұзды дауылдармен күресуге көмектеседі. Бұл аймақтың экологиялық жағдайын жақсартып, жергілікті тұрғындардың денсаулығын қорғайды.