
Көркемдік деңгей көңіл көншітпейді
Елімізде мемлекеттік тілмен қатар жүретін ресми тіл бар. Алайда әр тілдің лингвистикалық болмысы, тазалығы болатынын кино мамандары білмей ме, әлде ескермей ме? Екі тілді аралас қолданып, бейәдеп сөздерді де кірістіріп, қазақ тілінің тұнығын лайлап, қойыртпақ халге жеткізіп отыр. Мұны өнерде жүргендер де мойындап, наразылық білдіріп жүр. Мәдениет қайраткері, әнші, композитор, продюсер Қанат Айтбаев сахна көше тіліне емес, көше сахна, кино, театр тіліне еліктеу керек екенін алға тартты.
«Кино тілі рухани бағдар болуға тиіс. Кино тілі санаға тез жатталады, өскелең ұрпақ соны үлгі тұтады. Кино арқылы тілді шұбарлап, боғауызбен ластау – қылмыс. Тілі ластанған ұрпақтың санасы кірлейді. Санасы кір ұрпақтан не үміт күтуге болады? Аузы толған боқтық, санасы уланған қоғам дүбәра тобырға айналып, рухани құлдырауға ұшырайды. Жан дүниесі азып-тозған елдің өркендеп, дамуы неғайбыл. Шығармашылық еркіндік болуы керек, бірақ ол ойына келгенді жасау деген сөз емес. Әрбір туындыны жарыққа шығарған адам қоғам тәрбиесіне жауапты екенін естен шығармауға тиіс. Кино тілін бақылап, бекітетін заңдық жүйе қажет», деп жазды Қ.Айтбаев Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Мұндай пікірлер тағы біраз жерде айтылып жатыр. Алайда тіл тазалығына мән беріп, назарға алған кино түсірушілер жоқ. Қайта кинотеатрларда жаңа туындыларының тұсауын кесіп, жарнамалап, прокатқа жіберіп, жаңасын түсірілім алаңынан халықты алдын ала құлақтандырып, кәсібімен айналысып жүргендер жетеді. Десе де, тіл тазалығына мән бермей, жүгенсіз кеткен киногерлерді депутаттар сынға алып, Үкіметке мәселенің мәнісін жеткізіп, ұсыныс тастады.
«Кино дұрыс мақсатта пайдаланылса, ұлтты біріктіретін құралға, бұрыс мақсатта пайдаланса, атом бомбасынан да қауіпті қаруға айналатыны сөзсіз. Сол себептен қазіргі қазақ киносына, көркем фильмдердегі әлеуметтік-лингвистикалық мәселелерге бейжай қарауға болмайды. Қазақша киноның тілі көркем, шұрайлы, ана тілімізде сөз саптау үлгісіне лайық болуға тиіс. Кеңес заманының өзінде қазақ фильмдері осы талапқа жауап берді. Өкінішке қарай, қазіргі қазақ киносының тілі туралы жағымсыз пікірлер, қарсылыққа толы ашу-ыза белең алды. Қазіргі қазақ киносында тіл мәселесі тым өзекті. Себебі атауы қазақша болғанымен, кейіпкерлері таза қазақ тілінде сөйлемейтін, тілі алашұбар, жеңіл әзіл мен арзан күлкіге құрылған, анайы сөздер мен азғындыққа толы фильмдердің көбеюі өте қауіпті. Бұл үрдіс осылай жалғаса берсе, таяу уақытта қазақ тілінде түсірілген киноны таппай қалуымыз да мүмкін», дейді сенатор Руслан Рүстемов.
Сондай-ақ депутат мұндай жағымсыз жағдай қазақ тілін үйренетін тұлғалардың да тілдік дағдысына теріс ықпал ететінін айтып, отандық фильмдердің идеологиялық және әдеби сапасына ерекше назар аудару қажет екенін айтты.
«Таза қазақ тілінде жазылмаған, шетелдік жат ұғымдағы сценариймен түсірілген, көркемдік деңгейі ұлттық танымымызбен сәйкеспейтін, жат мәдениеттің кодымен сөйлейтін, кейіпкерінің аты мен түрінен басқа қазақтың өзі жоқ көркем фильмдер өскелең ұрпақтың рухани талғамына кері әсер етіп жатыр. Аралас тіл ұрпақтан-ұрпаққа берілген сайын ана тілінің рөлін атқарып, тілдің бастапқы құрылымы өзгеріске ұшырайды. Осылайша, қазақ тілі таза нұсқасынан алыстап, күрделі тілдік нормаларын жоғалтуы мүмкін», деді ол.
Сенатор Үкіметке қазақ киносы тілінде қалыптасқан әлеуметтік-лингвистикалық мәселелерді шешуге бірқатар ұсыныс та айтты.
«Отандық кино өнімдеріне әдеби, идеологиялық тұрғыда нақты бақылау орнатып, кино түсіру саласына мемлекеттік лицензиялауды, кино мен телеиндустриядағы тілдік мәдениет мәселесін реттеуге кино, сахна тілін қадағалау функциясын енгізу қажет. Сондай-ақ қазақ киносының тілін көркем әдеби стильге негіздеп, мемлекеттiк тiлдiң толыққанды қолданылуын заңнамалық тұрғыдан қамту керек. Қазақ тілінде кино түсірушілерге арнайы тілдік курстар өткізіп, кенжелеп қалған кино сыны саласын жетілдіріп, әр жаңа фильмге қатысты кәсіби мамандардың сыни пікірлерін жариялайтын арнайы журналдар шығару қажет. Шетел киносының прокатынан өндірілген салықтың белгілі бір бөлігін ұлттық киноны дамытуға жұмсап, мемлекеттік тапсырыспен түсірілетін киноның барлығын мемлекеттік тілде ғана түсіру керек. Осыны заңмен бекіту қажет. Бұған қоса Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Сараптамалық кеңес қызметін заңдастырып, қайта жандандыру қажет», деп ұсыныс тастады Р.Рүстемов.
Үкімет басшысы көп күттірмей депутаттар көтерген мәселеге жауап берді.
Киноиндустрияны реформалау басталды
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес киноиндустрия саласын реформалау басталып, алдағы он жылға Қазақ киносының даму стратегиясы әзірленіп жатыр екен. Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл саясатын дамыту тұжырымдамасына сәйкес қазақ тіліндегі контенттің үлесін, мемлекеттік тілдегі анимациялық өнімдердің көлемін арттыруға бағытталған жұмыс атқарып жатыр.
Мемлекет қолдауымен түсірілетін барлық фильм қазақ тілінде түсіріледі және прокатқа екі тілде шығады. Статистикалық дерекке сүйенсек, 2024 жылы прокаттағы қазақ тіліндегі фильмдердің үлесі 19 пайызға жеткен, 2023 жылы 16 пайызды құраған. Бұл қазақ тіліндегі контентке сұраныстың арта түскенін көрсетеді.
Фильмдердің сценарийін, актерлердің сөзін бүге-шігесіне дейін дайындап, жазып беретін арнайы маман екені белгілі. Осыны ескерген Үкімет Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жанынан сценаристер, продюсерлер клубын құру жұмысын қолға алған. Ал 2024 жылы Орталықтың Сараптамалық кеңес қызметі қайта жанданып, оның мүшелеріне қойылатын талап та толықтырылған еді.
Сондай-ақ ұлттық фильмдерге бөлінетін мемлекеттік қаржы тиімді жұмсалып әрі ашық өтуін қадағалауға мүмкіндік беретін киножобаларды конкурстық іріктеу тәсілдері өзгертілген. Бұған қоса министрлік жанынан құрамына Мәжіліс депутаттары, киноиндустрия саласының өкілдері кіретін жұмыс тобы құрылған. Осы ақпан айында жұмыс тобының бірінші отырысы өтпек. Онда кино саласындағы заңнамалық базаны жетілдіру, ұлттық кинодағы қазақ тілінің мәртебесін көтеруге қатысты мәселелерді жан-жақты талқылау жоспарланып отырғанын жеткізді құзырлы министрлік. Жалпы, жүргізілген жұмыстар мен қабылданып жатқан шаралар кино саласын жүйелі түрде дамытуға серпін бермек.