– дейді Жұлдыз Мұқағалиұлы
– Бауыржан Момышұлының баласы... Бақытжан аға айтып отыратын: «Қайда барсам алдымнан әкем, әке рухы шығады» деп. Қазақтың ғажайып ақыны Мұқағали Мақатаевтың баласы – сіз осы «атақты әке синдромын» бастан кештіңіз бе?
– Алпысыншы жылдары Әбділда Тәжібаев атамыз Алматыға алып келіп әкемнің атағы шығып, әсіресе, жастар арасында танымал бола бастағанда, мен ол кезде Қарасазда әлі ес тоқтата қоймаған, ойын баласымын. Әкеміздің қадірін ақыл тоқтатқасын білдік қой. Әрқашан да алдымда асқар таудай әкем тұратын болды. Әкенің қадамымен өлшейсің. Ол кісі бақилық болып кетсе де, әркез төбеңнен қарап, ойлы көздерін қадап бақылап тұрған сияқты болып көрінеді. Бір жағынан әрқашан естияр болып жүру әке алдындағы парыз сияқты. «Мен не істедім, мынау қалай өзі, бұл жағдайда әкем не деп ойлаушы еді?» дейтін сауал-сұрақтар еш қаперімнен шыққан емес.
Менің бүкіл тағдырымды әкем өзі анықтап берді. Сол кісінің айтуымен мамандық таңдап, заң саласында істеп кеттім. Осыған әкемнің үлкен әсері болды. Сонда әр кезде, әр жерде алдымнан әкем, әке бейнесі, әке сөзі шығады. Әкемнің асқар атағы мен тау тұлғасы асу бермес белдей мұнартып тұрады. «А, Мұқағалидың баласы ма? Баласы мынандай екен ғой» дейтін сөз мені шынықтырды. Менің ес тоқтатқан кезімде, 23 жасымда қайтыс боп кетті. Сондықтан, әрқашанда істеген ісімді, жүріс-тұрысымды әке өресімен өлшеуге дағдыландым.
– Жұлдыз, дегенмен де, әуелі балалық шаққа бір саяхат жасасақ қайтеді? Ақын ұлының алғашқы әсер-танымдары қандай болды екен?
– Алпысыншы жылдардың басында әкем қалада болатын. Кейін білдім, «Мәдениет және тұрмыс» журналында қызмет істепті. Там үйдің төбесіне шығып алып, әкемнің ауылға келуін зарыға күтіп отыратынмын. Қазақ радиосында диктор болып та қызмет атқарды. Даусын радиодан естігенде мәз болатынбыз. Ол ауылға келгенде шағын денелі, жүзі сұсты бір мұртты кісіні ерте келетін. Кейін білдім, бұл адам қазақтың танымал ақыны Тоқаш Бердияров екен. Өмірінің соңғы кезіне дейін Тоқаш аға мен әкемнің байланыстары үзілген жоқ. Әкем мен Тоқаш ақынның там үйдің алдында белдеріне дейін жалаңаштанып тастап, тастай суық тау суына жуынып жататын бейнелері әлі көз алдымда.
– Әкеңіздің шығармашылық шабытты шақтарына да талай куә болған шығарсыз?
– Әкемнің жазу үстелінде Абай атамыздың шағын мүсіні тұратын. Қазір мұражайда. Өлең жазуға отырған сайын өз еңбегінің өнімділігін сол мүсінге қарап таразылайтын. «Шалдың қабағы бүгін маған ашық-жарқын, шамасы, еңбегім нәтижелі болатын шығар», дейтін. Ал кейде «Шалдың қабағы түсіп кетіпті ғой, әй қайдам, бүгін жазуға шабытым келмейтін шығар», деп налитын.
– Мұқағали ақын кімді пір тұтты екен?
– Әкемнің көзінің тірісінде мына адам менің ұстазым, сол мені поэзияға баулыған, содан үйрендім, соған еліктедім дегенін өз басым естімеппін. Керісінше, ол: «Не сотвори себе кумира», «Өз болмысыңа жат нәрсеге еліктеме» деп айтудан жалықпайтын. Сонда да көзі тірісінде ол дәріптейтін бір тұлға болды. Ол – біздің Тиын деген үлкен әжеміз еді. Оның әжесіне деген немерелік махаббаты бөлекше екенін әкемнің өз аузынан жігіт болып қалған шағымда да талай естідім. Әр қазақтың ауылында ел сыйлайтын, адамгершілігі мол, ерекше тұлғалар болады емес пе? Біздің Тиын әжеміз де бүкіл ауылды аузына қаратқан сондай сыйлы аналардың бірі екен. Әкеміз өле-өлгенше сол әжесін ардақтап өтті.
– «Алла – ақиқат. Аллаға сеніп өтем, Адалдық пен ақиқат серік екен» деп жырлаған Мұқағали ақынның Жаратушыға сенгендігі жайында не дер едіңіз?
– Мен осының растығын айқындайтын бір әңгіме айтайын. Иә, әкем дүниеде бір ұлы күштің барына сенетін... 2011 жылдың 9 ақпаны, тура ақын Мұқағали Мақатаевтың 80 жасқа толатын күні қарсаңында Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Сөгеті ауылында тұратын саятшы Мұхамед Исабеков деген бауырымыз Итөлген сайы аталатын жерден Асы жайлауына асатын тұстан табиғаттың өзі таудың толағай тастарынан қашап жасаған әкемнен аумайтын алып табиғи мүсінді көріпті. Көрген сәтте әлгі табиғат сыйлаған алып тас мүсіннің ақын Мұқағали Мақатаевтан аумайтынын ауылдастарына, одан соң Алматыдағы қаламгерлерге хабарлаған. Құдайдың құдіретін қараңызшы!? Алып тас мүсін – биікте тұрған алып Мұқағали ақыннан аумайды. Елмен бірге мен де бардым ол жерге. Табиғаттың мына тосын сыйына таң қалдым. Сөйттім де әкеме нұрын жаудырған Аллаға шүкіршілік айттым.
– Бұл алып тас туралы «Егеменде» мақала суретімен жарияланды. Мұқаңды соңғы сапарға Жазушылар одағының алдынан шығарып салғанда мен де болып едім. Сол араға келген жүк мәшинесінің үстінде өзім құралыптас бір жас жігіт тұрды. Сол сіз бе едіңіз?
– Иә, мен едім, мені мәшиненің бортына шығарып қойды. Есіңде шығар, ұзақ сонар бір ақ жауын басталды. 1976 жылғы наурыздың соңғы күндері ғой. Құдды табиғаттың өзі қимас ұлын халықпен бірге көз жасы сорғалап соңғы сапарға шығарып салғандай көрінді. Қайтыс болуының өзі бір қайғылы тарих. Әлі есімде, табыт салынған сол автокөлікте менімен бірге әкемнің бала күнгі жолдастары – Мәжит Құрманов, Сыдық Ахметов, Әбдіке Асанов ағалар түрегеп тұрды. Әкемнің сөзімен айтқанда, бұлар – «әкелері майданда өліп, жесір шешелерінің күлшелерін дорбаларына салып, Алматыға жылу іздеп келген төрт жетім». Өзін де қосып айтып тұр ғой. Сонда мен де жетімдер қатарына қосылғандай күй кешіп едім. Арыстай әкеңнен айрылу оңай ма? Жүрегім астан-кестен. Қапалымын. Осындай қиын сәттерде қам көңілімді демдеген бір сөзді ақын Кеңшілік аға Мырзабеков айтты. Әкемді жерлеп, азалы күймен Кеңсайдан қайтып келе жатқандағы оның: «Жұлдыз, сен жаси берме, мынау жалған дүниеге сыймай кеткен әкеңді шаршыдай ғана көр жасырады дегенге мен ешқашан сенбеймін. Оның құдіреті оны қабірге ешқашан сыйдырмайды», деген жұбатуын еш ұмытпаймын. Сөйтіп, әкемнің бағасын қас-қағым сәтте бір ауыз сөзбен беріп тастады. Сол айтқаны айдай келді де тұрды.
– Жұлдыз, осы арада мен сізге мына бір жайды айтқым келеді. Мұқаң қайтыс болардан үш-төрт ай бұрын, 1975 жылғы желтоқсанның 10-11-лері шамасында ма екен, Алматыда жас ақын-жазушылардың республикалық кеңесі болды. Бүкіл Қазақстаннан жиналды. Содан Жазушылар одағының залында үлкен жиын өтіп, жас ақындардың өлеңдері оқылып, поэзия мерекесі болып жатқан кезде Мұқағали аға екпіндеп кіріп келді. Төрдегі үлкен ағалар кішкене секем алып қалса да, зал толы жастар: «Мұқағали өлең оқысын, өлең оқысын» деп шулап қоя бердік. Ақынның да тілегі сол еді. «Мұқағали, айналайын, бір-екі-ақ өлең оқи қойшы» деді төр басындағы Қалижан Бекхожин. Құрметті төрде Бауыржан Момышұлы, Әбділда Тәжібаев, Қуандық Шаңғытбаев, т.б. үлкендер отыр. Мұқаң мінберге шығып екі-үш өлең оқып, төрдегілерге қарады. Зал төпелеп қол соғуда. «Тағы оқысын, оқысын өлең!» дейміз. Мұқаң бір өлең оқыды да, залдан тез шығып кетті. Жаны тыныштық таппай мазаланып жүргендей. Сол күннің кешінде Одақтың қасындағы «Есік» қонақүйінің астындағы «шахта» деп аталып кеткен дәмханада Мұқағали ақынмен дастарқандас болудың бақытын еншіледім. Мұнда да жас ақындар лықа толы мейрамдап отырған. Мен ақынға өзінің атақты «Жамылып сағыныштың сал шекпенін» өлеңін оқып бердім. Мұқаң жадырай күлімсіреп, «Мынау бір жақсы өлең екен!» деді. «Мен өтермін, өтермін, өтермін мен, Мәңгілік сен қаласың сағынышым» деген соңғы жолдардың мәніне бойламаппыз сонда, жай сырттай қызықтап мәз болыппыз. Мұқаң сол жолы «Сиясы кеппеген, ешқайда жарияланбаған 96 жаңа өлең жазылған блокнот дәптерімді жоғалттым» деп қатты қапылып, қапаланып отырды. Осы жайдан не білетініңіз бар, Жұлдыз?
– Сол кезде қолына ұстап жүрген қара портфелін расында да жоғалтып алыпты. 96 өлеңін мәшіңкеге басқызып алып бара жатқан ғой. Тазалай көшірген блокнот та соның ішінде. Өзінде басқадай жазылған ешбір нұсқалары сақталмаған. Сөйтіп, бара жатып не болғанын, қалай болғанын білмейміз, портфельден айырылып қалған. Сиясы кеппеген өлеңдер. Әкеміз осы жайға аһ ұра қатты өкінді.
– Өкінішті, бірақ Мұқағали мұрасы бұдан кеміп қалмас. Бізге жетпісінші жылдардың басында «Әдебиет теориясы» пәнінен Зейнолла Қабдолов сабақ берді. Сонда Зекең ұстазымыз: «Мамасы, босат, еркімен өссін тал шыбық! Ауа мен күнге, Ай менен нұрға малшынып. Бұлқынып жатыр, ұмтылып жатыр, қарашы, Кішкентай жүрек көрсетіп жатыр қарсылық», – деп Мұқағали өлеңін жатқа оқып бізге поэзия сырын ұқтыруда үлгі етуші еді. Бұл, сіздердің сәби кездеріңіздің суреті ғой. Бәлкім, осы өлеңді сізге арнады ма екен? Әкеңіздің балаға деген мейірімін айтыңызшы?
– Әкеміз өте балажан еді. Қалай дегенмен бізде де, балалық шақ болды, талай балалық бақытты бастан да кештік қой әке-шешеміздің арқасында. Ал ол кісілердің өздерінде балалық шақ, бал дәурен шаттығы болмады. Анау сұм соғыстың сұрғылт жылдары...
– Иә, «Сонау бір жазда, жайлауда, Соғыстың кезі, қой баққам» деп тегін айтпаған ғой...
– «Соқаның артына жегілген ұрпақпыз» дейтін өзі. Шешеміз де солай. Ол кісілер әке алақанының мейір-жылуын көрмей кетті ғой. Сол мейірді, құдайға шүкір, біз көріп өстік. Көшеде танымайтын кішкентай бір бала кетіп бара жатса да, міндетті түрде соның басынан сипап, «көкетайым» деп еркелетіп, асты-үстіне түсіп қалатын.
– Біреу өзінің басынан сипағанды аңсап өткен ұрпақ қой.
– Иә. Ол кісінің ыстық алақанын сезініп, көріп өстім. Мен басқа бауырларыма қарағанда кішкене естияр болдым. Ақылын айтып отыратын. Заң саласында істеп жүргенімді меңзеп: «Өте сақ бол, әр қадамыңа, әр сөзіңе абай бол» дейтін.
Балалардың ішінде ең үлкеніміз Майгүл. 1951 жылғы. Оның алдында Ләззат деген қыз шетінеп кеткен екен. Алматыға көшіп келгесін мотоцикл қағып кетіп қайтыс болды. Осы сүйікті қызының қазасы ол кісіні біраз есеңгіретіп кетті. Өлеңдері арқылы да жалпақ жұртқа белгілі жай.
– «Майгүлге» деген өлеңінде «Қалақтай едің, басыңда қазір қалақ тұр, Туғаныңды, өлгеніңді санап құр. Сенің аңқау құлағыңдай қалқиып, Қыр басынан қала жаққа қарап тұр» демейтін бе еді?
– Иә. Майгүлді ерекше жақсы көруші еді. Екеуміз тете өстік. Мотоцикл соққаннан кейін түнге қарай ауруханаға алып кетті. Ол кезде «7-линия» деген көшеде пәтерде тұрамыз. Түн ішінде шешем мен әкем аңырап жылап, бірін-бірі сүйемелдеп демеп үйге келді. Қаққан мотоцикл иесі еңгезердей дәу орыс жігіті екен, әйелімен екеуі әкемнің алдына жүгініп келді. Қасына кішкентай балаларын да ертіп алыпты. Аяғына жығылды әке-шешемнің. Мейірімді кісі ғой. Кек сақтамады. Кешірді. «Әдейі істеген жоқ қой, болар іс болды, енді басқа баланы жылатпайық» деді. Майгүл әпкем әкемнің аузынан түскендей аппақ, ақылды қыз болатын.
Мен Майгүлге тете едім. Кейін Алмагүл деген қарындасым, Айбар деген інім өмірге келді. Айбар да біраз өлеңдеріне арқау болды. Өзін сондай жақсы көретін. «Айбармен әңгіме» деп осы кенже ұлына жүрегі болжап сезгендей, ескерткішін өз қолымен тұрғызып кетті ме деп ойлаймын. Жұқа, аурушаң еді. Өмірдің тәтті-тұщысын тата алмай кеткеніне мен де налимын бауырымның. Ал Алмагүл мен Шолпан қарындастарым бақуатты жүріп жатыр.
– Әкеңізге деген өзіңіздің перзенттік сезіміңізді қалай сипаттар едіңіз? Жалғыз сіздің әкеңіз емес, Мұқаң қазақтың ұлы ақынына, халық құрметтеген үлкен тұлғасына айналды емес пе?!
– Әкемнің алдағыны болжайтын көрегендігі бар еді дей аламын. Осыған қатысты бір-екі мысалмен түйіндейін. Әр жылы мені «Елге барып қайт» деп ауылға жіберіп тұратын. Бойымызға қазақи қасиет сіңсін дегені болар. Онда Тоқтарбай ағам бар. Ол кезде ауданаралық автобекет бұрынғы Ташкент көшесіндегі Райымбек ата бейітінің жанында. Сол жерге өзі алып барады, сол жерден өзі автобусқа салады. Әлі есімде, сол маңайдағы бір көктастың қасына алып келді де: «Міне, сенің бабаңның жатқан жері осы!» деп көрсетті. «Райымбек Хангелдіұлы» деген жазуы бар екен. Кішкентай ғана тас. «Түбі осы жерде үлкен ескерткіш орнайды», дейді. Көп жыл өткеннен кейін сол айтқаны дәл келді.
– Нағыз ақын әулие деген осы-ау!..
– Уақыт өткен сайын бір ой мазалайды мені. Көп күйзелісті бастан өткерді. Дінмұхамед Қонаевқа хат жазған ғой. Сонда хатына жауап та келе қоймады ма, әлде, жағымсыз жауап келді ме? Әйтеуір сондай бір көңіліне дық салған, ауыр алған жағдайлар болды. Соның бәрі жанына батты, жалғызсырады. Бірақ тәңірдің көзі түскен шын ақын ретінде өзінің поэзиясына деген сенімін жоғалтпады. Ол кісі былай деп айтып отыратын: «Мен талай адамдардың шалыс қадамын, қателігін, жасаған қиянатын да кешіремін. Бірақ менің поэзияма тиіскен адамдарды ешқашан кешірмеймін».
– Демек, шын мәнінде, ары да, бары да поэзия болған ғой Мұқағали ағамыздың...
– Солай. «Түбі мені жалғанның жарығына поэзиям алып шығады», дейтін. Соған имандай сенетін. Ол кісіні құрдымға құлатпай алып шыққан да, биікке көтерген де осы сенімі ғой. Өлеңінің өмірлі болатынына, поэзиясының қуат-құдіретіне сенді. Айтқаны келді. Жалпы, адамға, кімге болсын сондай айнымас адал сенім керек деп есептеймін. Әке өнегесі мені осыған үйретті.
– Елдің ақын Мұқағалиға деген қазіргі ілтипат-құрметіне көңіліңіз тола ма, ырзасыз ба?
– Өзі де екі өлеңінің бірінде елім, жұртым, халқым деп кетті ғой. Айтатыны тек қазағым, қазағым. Сол қазағы перзентім деп, ақыным деп төбесіне көтеріп алды. Мұны да көзіміз көріп, жүрегіміз жылы сезіп отыр. Бәріне ризамын. Уақыт-таразы – орын-орнына қойды. Халқы таныды, ардақтады, ардақтап жатыр, ардақтай бермек. Қазақта Мұқағали десе, білмейтін адам жоқ. Осыдан басқа не керек. Әкемнің адамдық та, ақындық та бақыты осы емес пе!?
Әңгімелескен
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.