
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Былтыр облыстық экология департаментінің мамандары табиғатты қорғау заңнамасының сақталуына қатысты 45 тексеру жүргізді. Экологтер көздің қарашығындай сақталуға тиіс қоршаған ортаның тазалығын бұзғандарға қатысты 200 әкімшілік іс қозғады. Қоршаған ортаны қорғау заңдылығын бұзушыларға 44,8 млрд айыппұл салынды.
«Кәсіпорындардың қызметіне 13 профилактикалық бақылау орнатылып, жоспардан тыс 28, заң талаптарына сәйкестігін анықтау мақсатында 4 тексеру жүргізілді. Сот органдарына қарауға жіберілген 12 әкімшілік іс бойынша 22 23 116 779 теңге айыппұл салынды. Өзге істерге қатысты 22 845 892 213 теңге әкімшілік айыппұл салу туралы сот қаулысы шығарылды», деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметінен.
Каспий теңізіндегі «Қашаған» кен орнын игеріп жатқан NCOC компаниясының филиалынан 3,5 млрд теңге залал өндіріледі. Бұған кен орнында шикі газ нормадан тыс жағылғаны себеп болған. Осыған байланысты Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында Энергетика министрлігіне қарасты мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциясы батыс өңіраралық басқармасының «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» филиалынан мемлекетке келтірілген зиянды өндіру туралы талабы қаралды.
Сот материалында Энергетика министрлігі жауапкердің мұнай-газ кешеніндегі қызметіне кешенді тексеру жүргізгені айтылған. Тексеру қорытындысына сәйкес «Қашаған» кен орнында көмірсутек пен көмірсутекті емес газдардың көпкомпонентті қоспасы шектен тыс рұқсатсыз жағылғаны анықталған. Сол себепті әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.
«Сот қаулысымен «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» филиалы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 356-бабының 3, 5-бөлігінде (Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу қағидаларын бұзу) көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 28 мамырдағы қаулысымен филиалдың шағымы қанағаттандырусыз, әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы өзгеріссіз қалдырылды», деп хабарлады астаналық сот.
Елімізде жер қойнауын ұтымды, кешенді пайдалану жөніндегі талаптарды бұзу нәтижесінде келтірілген залалдың әділ өтелуін қамтамасыз етуге бағытталған ережелер бар. Көмірсутектерді барлау, өндіру кезінде келтірілген залалдың мөлшері қағидалармен айқындалған.
«Заңда жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалану туралы заңнаманың талаптарын бұзу немесе жер қойнауына мемлекеттік меншік құқығы салдарынан келтірілген зиянды өтеу міндеті көзделген. Сот осыны ескеріп, уәкілетті мемлекеттік органның талап қоюын қанағаттандырды», деп мәлімдеді сот.
Аталған компания тарапынан заң талабы жиі бұзылады. Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің мәліметінше, 2022 жылы «North Caspian Operating Company» (NCOC) компаниясының теңіз кешеніне тексеру жүргізілген. Соның нәтижесінде бірнеше бұзушылық анықталған. Оның ішінде экологиялық талаптарды бұзу, экологиялық рұқсатсыз күкіртті газды жағу, өндірістік суларды Каспий теңізіне тазартусыз ағызу дерегі бар.
«NCOC компаниясына қатысты 5 әкімшілік іс қозғалды. Әкімшілік істер Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотында қаралды. Былтыр ақпан айында Атырау қаласы сотының апелляциялық сатысымен компанияға 12 419 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Айыппұл толық көлемде төленді», деп хабарлады аталған комитеттен.
Қала тұрғындары мұнай өңдеу зауыты тарапынан ауа ластайтын шығарындылар жиі жіберілетініне шағымданады. Өйткені өндіріс орны Атырау қаласының шетінде тұр. Тұрғындарды былтырғы қараша айында мұнай өңдеу зауытының базасындағы ашық алаңда арнайы қапқа салынған күкірттің жинаулы тұрғаны алаңдатты. Атырау мұнай өңдеу зауытының жетекші инженер-экологі Абзал Теміровтің айтуынша, кәсіпорында түйіршіктелген күкірт шығаратын екі қондырғы бар, күніне 12-16 тонна шамасында күкірт шығарылады. Ашық алаңда тұрған күкірттің нақты көлемі белгісіз. Себебі зауыт ашық алаңды қойма ретінде жалға алған мердігердің ісіне араласпайды.
«Әлеуметтік желіде күкіртті сақтау мәселесіне байланысты ақпарат тарады. Күкірт сақталған қойманы «Trade Oil Resource» ЖШС жалға алған. Компания зауыттан шығарылған күкіртті сатып алып, келесі тарапқа жеткізеді. Түйіршіктелген күкірт арнайы герметикалық қаптарға салынады. Әр қаптың көлемі – 1 тонна. Күкірттің бұл түрі қалдыққа жатпайды, қоршаған ортаға зияны жоқ», деп мәлімдеді А.Теміров.
«Trade Oil Resource» ЖШС-ның қаржы мәселесі жөніндегі директоры Жайық Омаровтың айтуынша, келісімшарт бір жылға жасалған. Күкірттің жиналып қалуының өзіндік себебі болған.
«Герметикалық қаптарға салынған күкірттің қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ. Бұл – түйіршіктелген күкірт. Зауыттан айына шамамен 500-700 тонна күкірт шығарылады. Оны өткізу оңай емес. Кейде тұтынушы табылмай қалады. Мәселен, жаз айларында күкірт алушылар болмады. Тек қазан айында «Қазфосфат» ЖШС-ға 1 мың тоннадан астам күкірт жібердік. Қарашада Ресей Федерациясындағы тұтынушыға 2000 тонна күкіртті жіберуге келісімшарт жасалды», деді Ж.Омаров.
Атырау облыстық экология департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ашық алаңдағы күкіртке байланысты ұжымдық хат түскен. Соның негізінде «АМӨЗ» ЖШС-на жоспардан тыс тексеру жүргізуге шешім қабылданған.
«Зауыт мүлікті жалға алу шартымен «Trade Oil Resource» ЖШС-ға базаның бір бөлігін жалға берген. «Trade Oil Resource» ЖШС күкіртті сақтаушы, тасымалдаушы болып отыр. Осыған орай «Trade Oil Resource» ЖШС-ға да жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Теміржол бойында жерүстіне күкірттің шашылғаны анықталды», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Тексеру қорытындысында «Trade Oil Resource» ЖШС-ның шағын кәсіпкерлік субъекті екендігі ескерілді. Сөйтіп, қысқартылған іс жүргізу тәртібімен жалпы сомасы 738 400 теңгені құрайтын айыппұл салынған. Айыппұл қаржысы толық өндірілген.
Департамент тарапынан «Trade Oil Resource» ЖШС-на Кәсіпкерлік кодексінің талабына сәйкес, бұзушылықты жою туралы бірнеше нұсқама берілді. Оның ішінде база аумағындағы күкірт салатын полиэтиленді қаптарды, целофандарды жинау тапсырылды. Жерге шашылған түйіршіктелген күкіртті тазалау ұсынылды. «Trade Oil Resource» ЖШС база аумағынан 2025 жылғы 28 ақпанға дейін күкіртті түгел шығарып, базаны «АМӨЗ» ЖШС-на кері тапсыру, зауыт басшылығы базаны қабылдаған соң, оны өз қажетіне пайдалану міндеттелді.
Мұнай өңдеу зауытындағы крекинг қондырғысынан түтінге ұқсайтын бу көтеріліп жатыр. «АМӨЗ» ЖШС-ның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, каталитикалық крекинг қондырғысында түтін газдарын ластаушы заттардан тазартуды қамтамасыз ететін Belco секциясының скрубберінен су буы шыққан. Арада үш күн өткенде зауыт желісінен ақау шығып, жанармай ағып кетті. Зауыттың бас инженері Нұрлан Ещановтың мәліметінше, аққан мұнайдың көлемі – шамамен 20-30 тонна. Бұл ақау үш күннен кейін толық жойылды.
«Зауыттағы № 33 резервуар паркіне тауарлық бензин компоненттерін айдау желісінде ақау анықталған болатын. Жауапты мамандар құбырды резервуардан ажырату шарасын жүргізді. Төгілген мұнай өнімі сорылып, өңдеуге жіберілді», деді Н.Ещанов.
Осыған орай зауытта арнайы комиссия құрылды. Комиссия ақаудың себептерін анықтайды. «Ақаудың себебі мен қабылданған шаралар туралы қосымша хабарланады. Қазір жанармайдың ағуы тоқтады. Зауыттың қондырғылары штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Мұнай өнімдерінің негізгі түрлерін өндіру, жөнелту үдерісі Энергетика министрлігі бекіткен жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр», деп мәлім етті зауыттың баспасөз қызметі.
Атырау облысы